РОБОТ ЖАСАУМЕН ӘУЕСТЕНУ
Астаналық жас тұрғын Саламат Қуанғановтың жасы 13-те. Ол - Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейінің оқушысы әрі «ШАГ» компьютер академиясының тәрбиелеушісі. Саламат робот жасаумен екі жылдай бұрын әуестене бастаған. Болашақта таңдаған мамандығының бір бөлігіне де айналуы мүмкін хоббиі туралы айтқанда оның көздері жайнап кетеді. Бірақ ол өз-өзіне сын тұрғысынан қарайтын бала сияқты көрінеді, Саламат құрастырған роботтарын өзі құралпас балалардың жұмысынан артық деп санамайды.
Саламат робот жасаумен үйде, мектепте ғана айналысып қоймай, робот жасаудан жасөспірімдер арасында өтетін іс-шараларға да қатысады. Қарағандыда жуырда өткен сондай шараның бірі - үшінші халықаралық робот техникасы фестивалінде Саламат танкіге ұқсайтын шынжыр табанды сумошы роботын таныстырды. Оны Егор Кадацких деген бала екеуі бірге жасаған.
- Бұл – төртінші роботым. Әуелгіде роботты доңғалақтың үстіне орналастырдым әрі салмағы бір килограмнан ауыр болған, сондықтан оны құлату өте қиын болған. Бірақ кейін әлгі идеядан бас тарттым, өйткені арт жағынан соқса оны мүлде қиратып тастауы мүмкін еді. Сондықтан әлгі идеямды сан қилы етіп өзгертіп, қандай робот жасасам екен деп ойладым. Ақыры күрегі бар робот жасап, оны шынжыр табанның үстіне орнатуды ұйғардым, - дейді Саламат Азаттық тілшісімен әңгімесінде.
Саламат Қуанғанов бір жарым жылдан бері оқып жүрген «ШАГ» компьютер академиясында оны қабілетті оқушы ретінде сипаттайды. Академияның оқыту формаларының бірі - Кіші компьютер академиясы жетекшісі Илья Шауберт Азаттыққа:
- Оның көп нәрсеге ынтасы болды, бірақ ол өзін әсіресе робот жасау саласында жақсы танытып, Lego жиынтықтарын зерттеді. Сондықтан робот жасауға қызығушылығы оянып, әлгі роботтарға үнемі өзінің технологияларын қосып, компьютерлік бағдарламалармен жабдықтай бастады. Бұл процеске бар ынтасымен кірісіп, тәжірибе жинақтады. Өзгелерден ерекше көзге түскендіктен, оның кандидатурасын әлемдік робототехника олимпиадасына қатысуға ұсынуды қарастырамыз, - деді.
Академияда балаға компьютердің алдында отырған уақытын тиімді жұмсауды үйретеді. Олардың пікірінше, сол кезде бала үшін компьютер жай ойыншық емес, өз жобаларын жасауға арналған құралға айналады. Балаларға робот үлгілері мен бағдарламаларын жасауды, өзінің жеке ойындарын құрастыруды, кейіпкерлеріне «жан бітіріп» - анимация жасауды, интернет-сайттар құрастыруды үйретеді.
МЕКТЕПТЕГІ РОБОТТАР
Қарағандыда өткен әрі Қазақстан мен Ресейдің 800-ден аса жаңашыл жастарын жинаған робот жасаушылар фестивалін ұйымдастырушылар дерегінше, мектеп оқушылары дайын роботтарға бағдарлама жасап, құрастыруды ғана емес, өз бағдарламалары мен робот құрылғыларын ойлап тауып, оларды өмірде қолдану жолдарын жасауды үйренуі тиіс. Роботты құрастыру үшін физика, математика, бағдарламалау, сызу, 3D форматында үлгілеу негіздері сияқты көптеген пәндерден алған білім пайдаланылады.
Мұғалімдер Санкт-Петербург ұлттық ақпараттық технологиялар, механика және оптика зерттеу университеті мамандарының робот жасауды үйрету әдістемесін пайдаланады. Робот техникасы саласында білім беру әдістемелерін құрастырумен айналысатын әрі оны Қазақстан мектептерінде пайдалануды ұсынған ресейлік ғалым Сергей Чепинский:
- 30 жыл бұрынғы информатика пәні сияқты робот жасауды үйрету де проблема болды. Өмірімізге екпіндей енгені соншалық, кезінде Ресей мектептерінде мұғалімдердің көбі информатика пәнін қалай дұрыс оқытуды білмеген. Кезінде өзім де пәнді солай оқытудың «құрбаны» болғанмын. Робот жасауды үйрету де сол сияқты болды. Робот жасаумен баяғыдан айналысамыз. Менің жетекшім дәл осы робот жасауға қатысты қымбат емес әлдебір модульды жүйе шығарсақ деген ойды 2000 жылдары айтып жүретін.Lego шыққаннан кейін біз әлгі жиынтықтарға ынтамыз ауып, бәрі содан басталған еді. Біздің жоба солай дүниеге келді, - деді.
Қазақстандық және шетелдік робот жасаушылар ел мектептерінде өздерінің жаңа өнімдерін қолдануды ұсынады. Өндірушілер мектептерде робот жасаудың қыр-сырын 5-6 сыныптан бастап таныстыруға (одан ерте емес) кеңес береді. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған робот техникаларын ұсынатын «Базисный магазин» компаниясының өкілі Андрей Семеренко:
- Жаңа шығып жатқан өнімдердің бәрін сатып алуға, мектепке енгізуге болады. Бесінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін мектептерде LegoWeDo конструкторы жиынтығын пайдалануға кеңес береміз, балалар әуелі қарапайым заттарды құрастыруды, сосын ғана олардың бағдарламасын жасауды үйренеді. Олар интерактивтік роботтарға айналады. Кейін ересек оқушыларға арналған жиынтықтарға көшу керек. Балалар жұмысқа біртіндеп кірісіп, жаңа идеялар ойлап табуы тиіс. Яғни бала бір нәрсені қайталай бермей, кітап оқи бермей, бағдарлама жасауды үйреніп, әлдебір жаңа дүние ойлап таба бастайды, - дейді.
АЗИЯ ЕЛДЕРІ ҮЛГІСІМЕН
Қарағандыда өткен халықаралық робот жасау фестиваліне барған Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «робот жасауды күн сайын бес миллион бала үйренетін» Азия елдерін мысалға келтіріп, білім беру саласындағы робот жасауды «маңызды бағыттардың бірі» деп атаған.
Егер артта қалып қойсақ, ертең бізге мүлде қиын болады.
- Егер артта қалып қойсақ, ертең бізге мүлде қиын болады. Сондықтан робот жасауды үйрететін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу біздің принципті міндетіміз болды. Былтыр әкімдіктер мен демеушілерден өте көп көмек сұрап жүріп, робот жасауды үйрететін 400 сынып сатып алдық. 2016 жылы мектептерде робот жасауды үйренуге 20 мың бала кірісті. Биыл олардың санын кемі екі еселеуді жоспарлап отырмыз. Қазір робот жасауды үйретуді мектепке міндетті пән ретінде енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз, - деп мәлімдейді Ерлан Сағадиев.
Kazdidac оқу құрал-жабдықтарын өндірушілер мен сатушылар қауымдастығы басқармасының төрағасы Валерий Лебедев балаларды робот жасауға үйретудегі ең басты нәрсе – тым шектен шықпау деп біледі.
Біздің облыстағы робот жасау саласының қисынды дамуы өзге барлық облыстар үшін үлгі болып отыр.
- Бұл да білім беру саласындағы шешім. Біздің облыстағы робот жасау саласының қисынды дамуы өзге барлық облыстар үшін үлгі болып отыр. Ал балалар үшін тіпті маңызды. Ең бастысы, тәрбие, оқытуда тым шектен шықпау керек. Робот жасау үлгі ретінде жүйелі дамуы тиіс. Олар кейін робот жасаумен айналысуды тастап, инженер болып кетуі мүмкін, бірақ бұл қызық сала. Бір жағынан бұл балаларды коллективизмге, мектепте бірлесіп жобалар жасауға баулиды, - дейді Валерий Лебедев Азаттыққа.
Қарағанды облысы білім басқармасы мамандары робот жасауды үйрететін пән облыстың қала, аудандарында мектептерге қазірдің өзінде қарқынды енгізіліп жатыр деп мәлімдейді. Олар ең көп команда Қарағанды облысынан қатысып, 56 жүлделі орын мен жалпы командалық есепте бірінші орын алған халықаралық фестиваль қорытындыларын мұның дәлелі ретінде келтіреді. Қарағанды облысынан жиыны 400-дей бала қатысқан. Жалпы командалық есепте екінші орынды Батыс Қазақстан облысы өкілдері алды. Үшінші орында – Маңғыстау облысы. Ресейден (Челябинск қаласы) келген қатысушылар екі жүлделі орын иеленді.