Accessibility links

Жанар Ибраева: Қаруластарым маған теңізші деп қарайды


Қазақстанның әскери-теңіз күштеріндегі тұңғыш әрі жалғыз әйел Жанар Ибраева. Ақтау маңындағы Каспий айдыны, 24 маусым 2016 жыл.
Қазақстанның әскери-теңіз күштеріндегі тұңғыш әрі жалғыз әйел Жанар Ибраева. Ақтау маңындағы Каспий айдыны, 24 маусым 2016 жыл.

Қазақстанның әскери-теңіз күштеріндегі тұңғыш әрі жалғыз әйел Жанар Ибраева бұл салаға қалай келгені жайлы, алда қандай жоспарлары бары туралы әңгімеледі.

2011 жылы Ақтаудағы әскер-теңіз базасына қызметке тұрған Жанар Ибраева бір жылдан кейін «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесі экипажына қосылған. Қазақстанның әскери-теңіз күштері қатарындағы тұңғыш әрі жалғыз әйел – 27 жастағы Жанар Азаттық тілшісімен әңгімеде қандай қиындықтарға тап болғаны жайлы да айтты.

Азаттық: – Әскери кемеде жұмыс істеуге неліктен қызықтыңыз?

Жанар Ибраева: – Біріншіден, әскери-теңіз күштерінде қызмет еткендіктен, кеңседе отырғаннан гөрі кемемен теңізге шыққанды жөн санадым. Екіншіден, бала кезімнен арманым – әскери киім кию, әскери адам болу еді. Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласы – туған жерім. Үш ағайындымыз, ағам мен әпкем бар. Ата-анам басында бұл жұмысыма қарсы болды. Кейін үйренді. Теңізге шыққан сайын анаммен телефон арқылы сөйлесіп тұрамын. Уайымдайтыны білініп қалады. Қай жерде жүрсең де, ата-ана уайымдайды ғой.

ВИДЕО: Жанар Ибраевамен сұхбат

Әскери теңізші Жанар Ибраева
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Азаттық: – Теңізге алғаш шыққан кездері қиын болған жоқ па?

Жанар Ибраева: – Басында «Кемеде әйел болса, ол – бақытсыздық» деген сөзді бәрі айтты. Өзім де қиналдым. Экипаж құрамы таңғалып, мені дұрыс қабылдамады. Мүмкін, менің орнымда басқа әйел болса, тастап кетер ме еді. Физикалық, моральдық қиындықтарға төзе білгенімнің арқасы шығар, маған әйел ретінде емес, нағыз теңізші ретінде қарай бастады. Теңіз маған ұнайды. Ендігі мақсатым – әскери шен алып, офицер атану.

Азаттық: – «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесіндегі міндетіңіз қандай?

Жанар Ибраева: – Төртінші жауынгерлік бөлімнің технигімін. Міндетіме кеме байланысын орнату және жалаушаларды орнату кіреді. Мұнда әр бір жалаушаның өз сөзі бар. Кемедегі жағдайға байланысты тиісті жалаушыларды іліп тұрамын. Алыс-жақындағы кемелердің жағдайын осындай жалаушалар арқылы біліп тұрамыз, арнайы белгі береміз. Қысқа қайырғанда, кемедегі ішкі-сыртқы байланыс менің мойнымда.

Азаттық: – Өзге жауынгерлер сізге көмектесе ме?

Жанар Ибраева (сол жақта) «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесінде тұр. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.
Жанар Ибраева (сол жақта) «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесінде тұр. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.

Жанар Ибраева: – Әскери кемеде тек жауынгер деген түсінік бар. Әр жауынгердің өз міндеті бар. Оны ол сөзсіз өзі орындауға міндетті.

Азаттық: – Әскери қызметте жүргенде әйелдер ұнататын киімдерді кию мүмкін емес шығар.

Жанар Ибраева: – Ондай киімді қалада да киіп қарық қылған емеспін. Әскери киімге үйреніп алғанмын. Көп уақытым кемеде өтеді. Теңізде жауынгерлік кезекшілік екі аптаға, 15 күнге созылады.

Азаттық: – Әскери-теңіз күштерінде өзіңіз секілді теңізші қыздар көбейсе екен деп армандайсыз ба?

Жанар Ибраева: – Әрине. Алайда бұл мамандықты дайындайтын Ақтаудағы әскери-теңіз институтында әзірге бірде-бір студент қыз бала жоқ. Бірақ уақыт өте қыздар да бұл кәсіпті меңгереді деп сенемін.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG