Әйтсе де, «екі-үш айдың аржақ бержағында квотаны қолдарына тигізіп береміз» дейді, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысындағы филиал жетекшісі Болат Заут.
Қандастардың басым көпшілігі, Бөкентау баурайындағы Баян-Өлке аймағынан. Тағы бір бөлігі Моңғолияның Хобда аймағынан көшіп келіп отыр. Әзірге олардың өз беттерімен баспана сатып алуға қалталары көтермейді. Сондықтан олар Қазақстан мемлекетінен берілетін бір реткі жәрдемақыны асыға күтетіндері анық.
Бұл жолғы көшті ұйымдастырушылар – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Павлодар облысындағы филиал басшысы – Болат Заут және Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі Павлодар филиалының жетекшісі – Амантай Әлхан.
Көшті ұйымдастырушылар әр әулеттен 120 мың теңге талап етіп отыр. Олардың айтуынша, осынау қаржы кейін квотаның есебінен өндіріліп алынады. «Бұл қаражат жолдың шығынын өтеуге жұмсалады», - дейді Амантай Әлхан.
Атажұртқа ат басын тіреген 357 қазақ квотаны қолдарына тигізгенге дейін ағайын-туыстарының үйлерінде тұра беретін түрі бар. Солардың бірі Арқалық Аман былай дейді:
– Дәл қазір біздің азаматтығымыз болмағандықтан, жұмысқа орналасып кетуіміз неғайбыл екенін түсінеміз. Ана жақтан алып келген азын-аулақ тиын-тебеніміз таусылып қалмай тұрғанда қолымызға квотаны тигізіп алсақ деген тілегіміз бар. Бізді көшіріп алып келушілер осы міндеттерін ұмытып кетпесе екен.
Көшті ұйымдастырушылар, осындай келісім шартпен биылғы жылдың қарашасына дейін 250 отбасыны Павлодар облысына көшіріп әкелуді жоспарлап отыр. Бұл жолғы көшіп келушілер негізінен – жастар. Әйтсе де, әр әулеттегі жан басы бесеуден кем емес.
– Бұл кісілер Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевке және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке өздерін көшіріп әкелу жөнінде бірнеше мәрте арыз жазған екен. Сол негізде біз сәуір айында Моңғолияға барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, арнайы көшіп келем деушілермен шарт жасасып келдік,- дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысындағы филиал жетекшісі Болат Заут.
Ал көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев болса, осы көшпен келген қандастардың екі ай ішінде квоталарын алатынын айтып отыр.
Бір айта кетерлігі «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 2010 жылы Павлодар қаласының шетіндегі Ленин кентінен мыңдай отбасыға арналған жаңа ауыл салу жоспарланған еді. Алайда, облыста осы бағдарламаны жүзеге асыру келесі жылға шегерілді, сондықтан биылғы көшіп келгендер бағдарламаның игілігін көре алмасы анық.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауттың айтуынша, келер жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Керекуге Моңғолиядан 214 әулет қоныс аудармақ.
Еске сала кетсек, соңғы 19 жыл ішінде Павлодар облысына Моңғолиядан 4800-ге жуық әулет көшіп келген.