Accessibility links

1994 жылғы мамырда «Казправдада» жүргізілген «тазарту»


«Казахстанская правда» газеті ұжымының президент Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Фотография газетке 1993 жылы қарашаның 11-і күні жарияланды.
«Казахстанская правда» газеті ұжымының президент Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Фотография газетке 1993 жылы қарашаның 11-і күні жарияланды.

1994 жылғы мамырда Вячеслав Срыбныхты бас ресми газет - «Казахстанская правданың» бас редакторы қызметінен аяқ астынан алып тастады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы мұндай сипаттағы алғашқы жанжал еді.

Елдің «бас» газеті «Казахстанская правданың» редакторлары әдетте «жүрісінен» жаңылмай, билікшіл саясатты дәйектілікпен жүргізетін. Бірақ СССР-дегі сәтсіз бүліктен (путч) кейінгі кезеңде бұл қағида бұзылып - бас редактор Вячеслав Срыбных «азды-көпті мінез көрсетті». Бірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Казправда» редакциясына барып, редакцияны мақтаған болатын, бірақ көп ұзамай Вячеслав Срыбныхты қызметінен алып тастады. Ол кезде редакция алқасының көп мүшесі онымен тілектестігін білдіріп жұмыстан шығып кеткен.

Кейін ол кезде редакцияның рухын сындырды деген пікірлер тараған. Бірақ кей бақылаушылар «өз миссиясын орындап болған» редакторды көнбістеу біреуге ауыстыра салды деп санайды. Әлгі «тазарту» алдында «Казахстанская правда» мен ішінде тағы бір мемлекеттік бас газет «Егемен Қазақстан» бар қазақ тілінде шығатын кей газеттер арасында айтыс-тартыс болған еді. Екі бас газеттің арасында мұндай қызу талас болады дегенді қазір - 20 жылдан кейін елестету қиын.

НАЗАРБАЕВПЕН БІРГЕ ТҮСКЕН ФОТО

Қазір «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі, ал ол кезде «Казправда» («Казахстанская правда» газеті – ред.) тілшісі болған Тамара Калеева 1993 жылғы қарашада «Казахстанская правда» редакция ұжымы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен фотосуретті Азаттық тілшісіне екіұдай сезіммен көрсетті. Әлгі фотосурет алғаш рет сол жылғы қарашаның 11-інде газеттің бірінші бетінде «Біз президентпен, ал ол бізбен бірге. Ол біздің күмәндану, сынау, ұсыну құқымызды мойындайды...» деген мақалада жарияланған болатын. Журналистер мен бас редактор Вячеслав Срыбных (оң жақтан алтыншы) бастаған редакция алқасы түскен әлгі фотосуретте Тамара Калеева да бар (сол жақта төртінші).

«Казахстанская правда» газеті ұжымының президент Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Фотография газетке 1993 жылы қарашаның 11-і күні жарияланды.
«Казахстанская правда» газеті ұжымының президент Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Фотография газетке 1993 жылы қарашаның 11-і күні жарияланды.

«Казправда» өз саясатын «Біздің ойымыз үнемі бір жерден шыға бермейді, газет журналистері Президенттің жарлықтары мен үкімет қаулыларының бәрін бірдей «уралап» қабылдай бермейді, өмір болған соң бұлай болуы заңдылық» деп сипаттаған.

Әлгі фотосурет екінші рет алты айдан кейін – 1994 жылғы мамырдың 18-і күні «Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп, жұмыс істегіміз келеді» деген атаумен үндеу парақшасы түрінде шықты. Әлгі мәлімдемеде бас редактор Вячеслав Срыбных орнынан алыну ықтималдығын жұрттың көбі «кей бұқаралық ақпарат құралдарының газетке жасап жатқан жаппай шабуылдары мен президентке жасалып жатқан қысыммен» байланыстырады делінген. Мәлімдеме аяғында Назарбаев араша түсер деген үміт айтылған.

«Казахстанская правданың» сол күнгі - мамырдың 18-індегі санында бірінші беттің төменгі оң жақ бұрышында «Бұқаралық ақпарат құралдары «Казахстанская правда» газетінің редакторы жуырда қызметінен алынады деген хабар таратып жатыр. Оқырмандардың телефон қоңырауларына жауап ретінде газет редколлегиясы жағдайды нақтылауды қажет деп санайды. Президент газет редакторын өзінің баспасөз қызметіне жұмысқа шақырды.Редакция ұжымында осы мәселеге қатысты жиналыс өтіп, қазіргі кезеңде газет редакторын ауыстыру дұрыс емес әрі бұл газетке үлкен зиян келтіреді деген пікір бірауыздан айтылды. Газет құрылтайшыларының бірі ретінде редакция ұжымының бұл пікірін президент Н.Назарбаевқа жеткізу ұйғарылды» деген хабарлама басылды.

«Казахстанская правда» газетіндегі 1994 жылы 18 мамыр күні жарияланған хабарлама.
«Казахстанская правда» газетіндегі 1994 жылы 18 мамыр күні жарияланған хабарлама.

Газеттің 1994 жылғы мамырдың 18-інде – сәрсенбі күні жарыққа шыққан әлгі санына Вячеслав Срыбных қол қойған. Ал мамырдың 20-сында - жұма күнгі келесі санында бас редактор Григорий Дильдяев деп көрсетілген.

«Казправдаға» жоғары биліктің өкілі ретінде премьер-министрдің сол кездегі бірінші орынбасары Әкежан Қажыгелдин келіп, ұжымға Григорий Дильдяевті жаңа бас редактор ретінде таныстырған. Тамара Калеева онымен газет құрылтайшысы ретінде тең дәрежеде сөйлесудің сәті түспеді деп еске алады. Оның сөзінше, Қажыгелдин жағдайды «негізгі меншік иесі редактор үстеліндегі күлсалғышты қалай жылжытам десе де ерікті» деген мысалмен салыстырған.

- Сол кезде [редакция алқасы мүшесі] Рашид Гапаров «демек, біз осы күлсалғыштағы темекінің тұқылдары ғана екенбіз ғой» деп мысқылдағанболатын, - дейді Калеева Қажыгелдиннің редакцияға соңғы келуі жайлы.

ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ «ТАНКТЕРІ»

Қазақстан президентімен ұжымдық фотоға түскеннен кейін «Казахстанская правда» редакциясының қолына саяси карт-бланш түспесе де, кемі тағы бір жыл қиындықсыз жұмыс істейтіндей көрінген. Кейінірек бұдан үміттендіретін кей белгілер байқалған. Мысалы, 1994 жылғы қаңтардың 22-сі күні газеттің бірінші бетінде бас редактор Вячеслав Срыбных президент Нұрсұлтан Назарбаевтан алған сұхбат жарияланды. Әлгі сұхбатқа әңгімелесіп отырған Назарбаев пен Срыбныхтың фотосуреттері қоса басылған еді.

Бірақ газет төңірегіндегі жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын, «Казахская правда» жеке меншік газетіндегі сияқты сынды елемегендей түр таныту газет басшылығына барған сайын қиындай түсті. Вячеслав Срыбных әлгі сындарға қарымта ретінде 1994 жылғы наурыздың 4-інде «Бүйірден қысу» («Давление «сбоку» - («Откровенный разговор с читателем») деген атаумен мақала жариялады. Әлгі мақаласында «жоғарыдан» редакцияға қысым жасалып жатқанын терістеген Срыбных «ымыраға көнбейтін кей оқырмандар бүйірден қысып жатыр» деп жазған еді.

Журналист әрі баспасөз тарихшысы Андрей Свиридов «Вячеслав Срыбных демократиялық күштердің, «ұлтшыл патриоттардың» және кескін-келбеті айқындалып қалған авторитарлық режим жақтастары соққысының құрбанына айналды» деп санайды.

Ол кезде демократиялық күштер «Казахстанская правда» басшылығын редакция саясатында «демократиялық дәйектілік жетіспейді» деп сынаған еді. Редакция ол кезде ең көрнекті өкілі «Казправданы» қазақтарға қарсы саясат ұстанады деп айыптаған «Казахская правда» газетінің иесі әрі редакторы Алдан Айымбетов (марқұм) болған ұлтшыл патриоттар шабуылына ұшырады.

Бірақ Свиридовтың айтуынша, «Казправданың» сол кездегі басшылығы үшін ең қауіптісі кей мемлекеттік БАҚ басшыларының газет мемлекеттің іргесін шайқалтатын редакциялық саясат ұстанып отыр деген сыны болды. Оның пікірінше, мұны 1993 жылғы ақпанда газет пен Қазақстан телерадиокомпаниясының сол кездегі төрағасы Шерхан Мұртаза арасында қызған айтыс-тартыстан көруге болады. Газет Мұртаза демократияға бейіл, Бақытжан Мұқышев (марқұм) бастаған Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясы басшылығын талқандауға тырысты деп санайды. Мұртазаның пікірі өзгеше.

Виктор Диктің «Казахстанская правда» газетіне 1993 жылы 11 ақпан күні жарияланған «Верните „танки“, Муртаза!» мақаласының үзіндісі.
Виктор Диктің «Казахстанская правда» газетіне 1993 жылы 11 ақпан күні жарияланған «Верните „танки“, Муртаза!» мақаласының үзіндісі.

Әлгі айтыс-тартыстың қаншалықты шиеленіскенін мақала тақырыптарынан көруге болады. Мысалы, «Казахстанская правда» 2013 жылғы ақпанның 11-інде газет тілшісі Виктор Диктің «Мұртаза, «танк» кіргізіңіз!» («Верните танки, Муртаза!») деген мақаласын жариялады. Виктор Дик ол кезде әскери терминологияны қолданып «Меніңше, мына жағдайды таңертең оянған жұрт қалада танктер өріп жүргенін көрген осыған дейін болған оқиғаға теңеуге болады» деп жазып, Совет Одағының Чехословакиядағы, одан ертеректе Венгриядағы демократиялық қозғалысты танктердің күшімен басып-жаншуымен салыстырған. Кейін «Мұқышев тобы» бәрібір жұмыстан қуылды.

Виктор Диктің мақаласына қарымта ретінде Шерхан Мұртазаның «Казправда, шындықты қайтар!» деген мақаласын «Казахстанская правда» ақпанның 27-сінде жариялады. Ол мақалада Мұқышевтің қарағандылық және алматылық жақтастарын «өздерін демократияның жалғыз қорғаушысы етіп көрсеткісі келетін «бажылдақтар тобы» деп атаған. Ол жанжалды «еңбек дауынан» өзге ештеңе емес деп атап, Мұқышевті қызметінен шеттетудің саяси астары жоқ» деп мәлімдеген болатын.

Ал Виктор Дик өз дегенінен қайтпады - «Казахстанская правданың» әлгі санындағы Шерхан Мұртазаның жауабы астында Диктің «Дегенмен «танктерді» кіргізіңіз, Мұртаза!» деген қарымта жауабы жарияланды. Әлгі жауабында ол «Егемен Қазақстан» газеті іле-шала оны жала жауып, қаралады деп сөккенін, ал бір күннен кейін «Жас алаш» газеті «Егемен Қазақстан» газетінің бір топ қызметкерінің оны «қақтығыс пен соғысты» қалайтын «халық жауы» ретінде көрсеткен хатын жариялады деп жазған.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Журналист әрі баспасөз тарихшысы Андрей Свиридов «Казправданың» Вячеслав Срыбных басқарған ұжымы президент Назарбаев әкімшілік қолдау көрсетеді деп сеніп, қауіпті қателік жіберді деп санайды.

- Биліктің «Казправданың» сол кездегі редакциясына қатысты көзқарасын «Маған ақылды адамдар емес, бағынатын адамдар керек» деген афоризммен сипаттауға болады, - дейді Андрей Свиридов.

Свиридовтің бұл сөзін кезінде «Казахстанская правданың» тілшісі болған, қазір «Караван» газетінің тілшісі болып отырған Айгүл Омарова да қостайды. Вячеслав Срыбныхтың тұсынде жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болған, бірақ бұған редакция алқасының кей мүшелерін кінәлайтын ол Срыбных басқарған редакция алқасын екіұдай көзқараспен бағалайды.

Тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов ол кездегі «Казахстанская правданы» тәуелсіз әрі «мінезді»газет болды деп есептемейді. Дувановтың пайымдауынша, ол кезде президент Назарбаев «Казахстанская правданы» өзінің саяси мақсаттарына жету үшін пайдаланды да, Вячеслав Срыбных басқаратын газет редакциясын көмектен гөрі, кедергі бола бастады деп санаған кезде оны өзге біреуге – көнбістеу редакторға ауыстыра салған.

Вячеслав Срыбных «Казахстанская правданың» бас редакторы қызметінен сол тұстағы ықпалды коммерциялық газет «Караванды» басқарып тұрған топ-бизнесмен Борис Гиллердің қол астына кетті. Ол жерде Срыбных күнделікті шығатын «Караван-блиц» газетінің бас редакторы болды. «Караванның» қожайындары ауысқан кезде Борис Гиллер бизнесін Ресейге көшірді. Оның ізінше Срыбных та сол жаққа кетіп, екеуі Ресейдің енді дамып келе жатқан провинциялық жеке меншік баспасөзінен өз орнын тапты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG