Accessibility links

Сегіз қырлы, бір сырлы


Асқар Сүлейменов, қазақ жазушысы. Сурет Әуезхан Қодардан алынды.
Асқар Сүлейменов, қазақ жазушысы. Сурет Әуезхан Қодардан алынды.

Философиялық тұрғыдан алсақ, Асқар Сүлейменов - Хайдеггер бағытындағы экзистенциалист, біздің топырақтағы осы ағымның негізін қалаушы.

Егер сұм ажал осыдан 23 жыл бұрын ортамыздан Асекеңді, жазушы Асқар Сүлейменовті жұлып алмағанда, ол биылғы желтоқсанда 77-ге келер еді. Қосарланған жетілік сирек кездеседі. Өзі де, шығармашылық болмысы да қайталанбас тұлға болғасын, мен Асекеңді осы суырылған қылыштай мерейтойының қарсаңында еске алғым келеді.

Шындығына келгенде, Асқар Сүлейменов қазақ әдебиетінің ерекше мүмкіндігі еді. Егер ол кездегі бүкіл отандық әдебиетіміз, тіпті, Александр Солженицын мен Шыңғыс Айтматовқа дейін, кеңес дәуірінің запыранды мәдениетінің жемісі болса, Асекең бірінші қадамынан бастап, ұлттық және әлемдік құбылыс ретінде көз шағылыстырды. Себебі ол өзінің ұлттық болмысынан қашқақтамады.

Аристотельдің пайымдауынша, болмыс өз-өзін алуан түрлі әйгілейді. Кейде осындай әйгілену барысында кейбір халықтардың, әсіресе, құрып кету қаупінде тұрғандардың ұлттық болмысы ерекше мән-мағынаға ие болады. Батыс Еуропаның философиясында мұндай жағдайды экзистенциальдық ситуация дейді. Таратып айтсақ, Өмір мен Өлімнің шайқасы. Бұл 20-ғасырдың бірінші жартысында жаңа пайда болған экзистенциализм философиялық ағымының басты қағидасы еді. Егер экспрессионизм философиялық тұрғыда қараңғыда жол іздеген соқыр сенім болса, экзистенциалистер, мысалы, Хайдеггер, Сартр, Камю, тек жеке адамның өмірін маңызды санап, оны метафизикадан да, тоталитарлық жүйеден де бөліп алып, жеке қараған.

Камюдің айтуынша, тіпті, өмірден бас тартудың өзі - таңдау. Әркім ойлануға тиіс: сүріп жатқан өмірім өмір деуге тұрарлық па? Сондықтан экзистенциализмнің адамы тек өз күшіне сүйенген, құдайдан да, шайтаннан да қолдау дәметпейтін тек өз қалауымен, өз таңдауымен жүретін адам. Осы біз суреттеп отырған экзистенциализм бағытында айтқан Асекеңнің өз тұжырымы бар.

"Ажал келмейді. Ажалға барасың. Барған бетте аудиенция береді".

Міне, бұл нағыз экзистенциализм философиясының тұжырымы. Бұл, біріншіден, Асқар Сүлейменовтің өз болмысын ашады. Өйткені оның бар өмірі ажалға бару, сондықтан, ол ешкімнен қорықпайды, ешкімге бас имейді. Екіншіден, осы тектес философиямен оның бүкіл шығармашылығы суарылған.

Асқар Сүлейменов
Асқар Сүлейменов

Мысалы, «Бесатар» повесінде қазақ даласындағы 1916 жылғы көтеріліс ұлттық опат ретінде пайымдалынып, жеке адамның жеке трагедиясы ретінде берілген. Бұл көлемі жағынан онша ауқымды емес шығарма, қай жағынан келсеңіз де, тұнып тұрған жаңалық еді! Біріншіден, бұл идеологиялық әдебиетке, саясаттанған мәдениетке қарсы жасалған әдемі жест болды. Тіпті, рухани еркіндіктің жарқын үлгісі дейікші. Екіншіден, ұлттық намыстың табиғатын ашып берді. Егер өмір дегеніміз буырқанған теңіз болса, ұлт опатқа ұшыраған кеменің қаңқасы. Әр адамның азаматтық міндеті - осы қауқарсыз, ілдім-жұлдым негізге сүйене тұра, адамдық дәрежеңді жоғалтпау, айла-шыдам, ақыл-парасатыңды асыру, кектене білумен қатар, кемелдене білу.

Бәрімізге белгілі, Алаш көсемдері 1916 жылғы халық көтерілісін қолдамады, халықты тыныштыққа, бейбітшілікке шақырды. Бірақ, ол жарылған жанартауды бесікке бөлеумен бірдей еді.

Асекеңнің көрегендігі, ол өзінің кейіпкерін әйгілі Данте шығармасындағыдай тозақтың тоғыз шеңберінен өткізеді, көп иллюзиядан арылтып, көп нәрсеге көзін ашқызады. Соның ең бастысы, қазақ оқымыстыларының ішкі қайшылыққа толы дүдәмәл болмысын ашып береді.

Бұл шынымен әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған үлкен мәселе емес пе? Кезінде ұлы Абайдың өзі «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде осы мәселені ең ашық түрінде қойған жоқ па? Асекең де бұл мәселеге Абайша нақты келеді. Егер оқымыстылардың шығу тегі халық болса, олар неге кейін өз халқын жатырқап, місе тұтпай, менменси қарай бастайды? Оқу мен білімнен шығарған нәтижесі сол болғаны ма? Әлде, бұл жігіттер оқуға түспей жатып басқа мақсат қуып кете ме? Сонда олардың шыққан тегі, туған топырағы алдында кім болғаны?

Ең жалпы түрде, бұл сауалдарды былай түйіндеуге болады: отарланған халықтың зиялысы іс жүзінде кімге қызмет етеді, отарлаушыларға ма, отарланғандарға ма?

Міне, Сәруар мен автордың жеткен жері осы: қазақ тіршілігінің жағдайында әрбір адал интеллигент - өлім үкіміне кесілген тірі құрбандық.

Ең ғажабы, Асекең үшін кіндік қаны тамған туған жерден қадірі биік ештеңе жоқ. Сондықтан ол отарлаушылардан жақсылық күтетін әріптестерінен шошынады. "Бесатардың" кейіпкері Сәруардың ойына енді Абайдың бір өлеңінде келтірілетін «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деген мақал орала береді. Әрине, бұл жолдардың Абай өлеңіне кіруі тегін емес. Жан азабында бұратылған Сәруар да осы тіркесті дұғадай қайталай береді. Бұл оның бұрынғы бүкіл тіршілігінен түңілгені, ешбір ауа кірер тесігі жоқ тығырыққа тірелгенін мойындағаны еді. Енді ол өзін құрбандыққа шалынар тоқтыдай сезінеді. Өлгісі келмейді, бірақ өлуге тиіс екенін түсінеді. Және осы құрбандық жолынан қашқысы келмейді. Себебі өзін тірі өлік сезінген адамға өлім жаза емес, арылу. Міне, Сәруар мен автордың жеткен жері осы: қазақ тіршілігінің жағдайында әрбір адал интеллигент - өлім үкіміне кесілген тірі құрбандық. Онда орта жоқ, тіреу жоқ. Ол отаршыларға қалай жат болса, сол деңгейде өз халқына да жат. Бірақ тек осы жалғыздық пен құрбандық жолына көнген нар мінез, бура көңіл тұлғалар сол халыққа жаңаша дем бітіре алады. Ұлттық жаңаруды да бастайтын осылар, себебі ұлттық жаңару әр адамның жеке жаңаруынан басталады.

Жалпы, Асқар Сүлейменовтің шығармашылығын адам рухындағы жабайылыққа қарсы жаугершіліктегі гуманизм деп атауға болады.

Ал егер Асекеңнің драматургиясына келсек, ол да Брехт сияқты өз театрын жасаған адам. Және оның театрын да эпикалық театр деп атауға болады. Өйткені, ол бір жағынан, көне грек театрынан нәр алса, екінші жағынан, қазақтың шындықсүйгіш эпикалық дәстүрінен нәр алады. Сонымен енді нақты талдауға көшсек, Асқар Сүлейменовтің триптихі: «Жетінші палата», «Қыздай жесір - штат қысқарту», «Төрт тақта – жайнамаз» деген үш драмадан тұрады.

Біріншісінің кейіпкерлері - алкоголизмнен емделуші науқастар, екіншісі - Қайта құру заманындағы жалған көңіл қосу трагедиясына арналған, үшіншісі - әлеуметтің шегіне ысырылған, немесе, тірідей өмірден өшірілген шалдар туралы қаралы жыр. Ал жалпы алғанда, бұл триптихтің кейіпкерлері - өз елінде бұратанаға айналған қазақтар.

Автордың ойынша, мұның субъективті де, объективті де себептері бар. Және оның ең бастысы, ұлттық сана-сезіміміздің бюрократтар билігі арқылы өз-өзіне жаттануы. Өйткені біздің биліктің кез келген түріне адалдығымыз сонша, одан өзге өз тірлігі бар, тірі, өміршең нәрсенің бәрін сатып болдық дейді автор. Бұл тек парақорлық пен жаппай жалғандықтан тұратын әлемде өз қадірін жоғалтқан ұлттың рухани азғындығына қойылған диагнозы еді.

Біз өзі ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; "алып келдің", "барып келдің" этносы боп алдық...
Асқар Сүлейменов

Енді Асекеңнің «Шашылған тіркестер» деген афоризмдер циклына көшейік. Біздің кейбір жазушылар әлі күнге шейін тек көлемді шығармаларды ғана сыйлайды. Бәрі Гомер, Фирдоуси болғысы келеді. Ал нағыз шығармаға көлемді болу міндетті емес. Жапонияда бір-екі хайкуымен тарихта қалған ақындар бар. Сол сияқты Асекеңнің афоризмдері - оның философиялық кредосын ашатын айтулы шығарма. Формасы жағынан ол Паскаль, Шопенгауэр, Ницше, Василий Розановтың ой машығында жазылған әрбіреуі жеке туынды сияқты тіркестер. Асекең Паскаль сияқты дінсіз діндәр, Шопенгауэр сияқты ғажап эстет, Ницше сияқты асқан тұлға, немесе, сверхчеловек, және Розанов сияқты жазушылығы мен ойшылдығы жарасым тапқан эссеист. Ал егер қазақ топырағына келсек, Асекеңнің эссеистикасы Абайдың қара сөздерімен жаңғырыққандай әсер қалдырады. Екеуі не туралы ойласа да, ар жағында қазақтың қамы тұрады, немесе, қазақтың мүддесі. Бұл туралы Асекең бір тіркесінде былай жазған:

"Екі ғасырдың жүзі молынан өтті – біз өзі ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; "алып келдің", "барып келдің" этносы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзі жұмсап үйренбеген өзінің жұмсалғанын өнер деп ұғады".

Осы тұрғыда Асекеңнің әсіресе қазақ интеллигенциясына көңілі толмайды.

Интеллигенция халықтың белінен шыққан задасы болса, ол да, әрине, бел-бесік, тас-тұғыр, жаялық жайлауынан әлдебір болымсыз «нақ-нақтарды» алмай тұра алмайды. Алай да алу бар да, сол шеңбердің шідерінде қалып қою бар. Қас интеллигент үзеді. Көсеулігін тастап, көсемдікке барады.

Міне, Асекең осы қағиданы жастайынан түсініп таптаурын қазақылықтың шідерін үзген тұлға. Өйткені оған жаңа қазақылық, шабытты қазақылық, асау қазақылық керек болды. Өйткені:

"Тірлік кешкен адамның сол тірліктен жалғыз ғана арттырып алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау".

"Бұл тұрғыда кімнен үйренсең де өнерлі болуға тиіссің. Өнер - қару, дүниені өзгертетін қару".

Асекеңе тағы бір сөз берсек:

"Өмір – тән, өнер – жан; тән тұншыққанда – жан шыңғырады".

Бұл Асекеңнің өмірлік және өнердегі кредосы, немесе иманы: өнер алауы арқылы оқырмандарда қайсарлық отын тұтату. Бұл тұрғыда Асқар Сүлейменов Шығыстан гөрі, Батыстан көп үйренген. Ол Құранды ғажап білсе де, исламшыл Мұстафа Шоқайға емес, батысшыл Әлихан Бөкейхановқа ұқсайды. Батыста оған ең ұнайтыны, олардың еркіндікті культ етуі. Ал егер бұл ұғымға келсек, Асекеңнің шығармашылығы түгелімен тек еркіндік патшалығы. Бұл туралы ол бір тіркесінде өзі де жазған:

"Тәрбиенің еркіндігі, еркіндікпен тәрбиелеу, еркіндікті тәрбиелеу – бұлар транзистордың антеннасындай бірінен бірі шығатын ұғымдар".

Ең қызығы, Асқар құбылысына ұлттық топырағымыздан аналогия іздесек, Асекең Абайдың, Әлихан, Мағжан сияқты Алаш титандарының табиғи жалғасы сияқты. Кеңес Одағы болмағандай, ұлттық рух, мәдени мұраластық үзілмегендей.

Міне, осы тұрғыда Асекеңді қазақ экспрессионизмінің негізін қалаушы деуге болады. Ал егер оның анықтамасына келсек, ол ең бірінші, отаршылдыққа қарсы, ал одан да бұрын, рухани қауқарсыздыққа, намыссыздыққа қарсы, тек текті еркіндіктен өзгені мойындамайтын, қазақы нақышы бар экспрессионизм. Ал егер философиялық тұрғыдан алсақ, Асқар Сүлейменов - Хайдеггер бағытындағы ұлтын сүйген экзистенциалист, біздің топырақтағы осы ағымның негізін қалаушы.

XS
SM
MD
LG