Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Талғат Кәрібозовтың айтуынша, мамырдың соңына дейін 10 мың киіктің өлексесі көмілген, одан кейін Қызыл кітапқа енген бұл хайуан өлген оқиға тіркелмеген.
– Қазір өлген киік табылған жоқ. Ол аумақта «Алтын дала» табиғат қорғау мекемесінің қызметкерлері жүр. Бізде ондай мәлімет жоқ. Соңғы оқиға мамыр айының соңында тіркелген, – дейді Талғат Кәрібозов.
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің «Алтын дала» табиғат қорғау мекемесінің дерегінше, Амангелді ауылындағы өлген киіктің бәрі мамыр айында дала қазылған орларға көмілген.
– Ұмытылып қалғандары болуы мүмкін емес. Өйткені ол табиғатқа кесірін тигізеді, – деді мекеменің өкілі.
Бұл мекеме киік қырылуына байланысты басқа мәлімет беруден бас тартты. Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Азаттық өткен аптада ресми сауал жолдағанымен, киіктің қырылу себебі жайлы дерек бермейтінін мәлімдеді.
Жергілікті биліктің дерегінше, Қостанай облысы Амангелді ауданында киік мамырдың 10-ынан бастап қырыла бастаған. Аудандық ішкі істер басқармасының дерегінше, қазір киіктің қырылуына байланысты тергеуалды шаралары жүріп жатыр. «Бұл ауданда 65 мыңнан астам киік өлген» дейді полиция.
Маусымның 2-сіндегі ресми есепке қарағанда, Қазақстандағы 250 мыңдай киіктің 132 мыңдайы қырылған. Ел билігі бұл апатты тексеруге халықаралық ұйымдардың сарапшыларын шақыратындарын мәлімдеді.