Accessibility links

Тұрғындар аудан әкіміне «екі» деген баға қойды


Қазалы әкімінің күнделігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

Қазалы тұрғындары аудан әкімі Бақыт Жахановқа арнап күнделік ашып, оның жұмысын бағалады. Қызылорда облысы, 9 ақпан 2015 жыл.

Қазалы ауданының бір топ тұрғыны аудан әкімінің жұмысына баға беру үшін арнайы күнделік ашқан. Бұдан хабарсыз екенін айтқан әкімшілік «бірлі-жарым адамдардың қарсы болуын» қалыпты іс деп біледі.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Динара Дәстенова – аудан әкімі Бақыт Жахановтың ісін бағалау жайлы екі апта бойы күнделік жүргізіп келе жатқан азаматтардың бірі. Оның айтуынша, қаңтардың 27-сінен бастап мұндай шараға кірісуіне аудан әкімінің жұрт алдында берген есебі түрткі болған.

– Қаңтардың 27-сі күні аудандық мәдениет үйінде қала әкімімен бірге аудан әкімі Бақыт Жаханов та есеп берді. Бірақ біз аудан әкімінің берген есебіне қанағаттанбадық. Сол себепті істеген жұмысына күнделік арнап, бағалап отырмыз. Кеше ғана бірыңғай «екілік» тұрған күнделікке 80 адам қол қойып, облыс әкіміне жібердік, – дейді Динара Дәстенова.

Динара Дәстенова тұрғындардың әкім жұмысы жайлы күнделік жүргізгенінен аудан әкімшілігі хабардар екенін айтады. Оның сөзінше, «тұрғындардың басты талабы – жұмыс істемейтін әкім орнынан кетсін».

«ЕКІ» ДЕГЕН ДЕ БАҒА ЕМЕС ПЕ» ДЕП КҮЛДІ»

Қазалы ауданы әкімі Бақыт Жахановтың жұмысына көңілі толмайтын тұрғындардың енді бірі Ұлия Жұмаш та әкімнің есеп беру жиынына қатысқан.

– Әкімнің 27 қаңтар күнгі есеп беру жиналысында сөз алып сөйлеген Динара [Дәстенова] «Сіздің жасаған жұмысыңызға көңіліміз толмайды, сондықтан «екі» деген баға береміз дегенде Бақыт Жаханов: «Екі» деген де баға емес пе» деп қала әкіміне қарап күлді. Ол аудан тұрғындарының сөзімен ешқашан санасқан емес, – дейді ол.

Аудан әкімі ақпанның 4-і күні Әйтеке би кенті әкімімен бірге келіп тағы да есеп бергенін айтқан тұрғын «екі есебі бірінен бірі аумайды» деп, оның халықты жұмыспен қамту ісіне де наразы болды.

– Қазалы ауданының орталығы Қазалы қаласында 8 мыңға жуық адам тұрады. Соның тең жартысы – жұмыссыз, – дейді Ұлия Жұмаш.

«ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ НӘТИЖЕЛІ ДИАЛОГЫ»

2013 жылы ақпанның 13-інде облыс әкімінің бұйрығымен Қазалы ауданы әкімі болып тағайындалған Бахыт Жахановтың «күнделік» жайлы пікірін білу мүмкін болмады.

Ал аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ғабит Бәймішев Жахановтың жұмысына наразы тұрғындардың «күнделік ашқанымызды әкімшілік қызметкерлері біледі» деген сөзін жоққа шығарды.

Қазалы ауданы әкімі Бақыт Жахановқа арналған күнделікке баға қойып жатқан тұрғын. Қызылорда облысы, 9 ақпан 2015 жыл.
Қазалы ауданы әкімі Бақыт Жахановқа арналған күнделікке баға қойып жатқан тұрғын. Қызылорда облысы, 9 ақпан 2015 жыл.

– Күнделік туралы бірінші рет естіп отырмын. Ел іші болған соң бірлі-жарым адамдар қарсы болып, наразылықтарын білдіріп жатады. Бірақ әкімнің биылғы есебіне аудан халқы «жақсы» деген бағасын берді, – дейді Ғабит Бәймішев.

Аудан әкімі Бахыт Жахановтың халыққа берген есебі туралы хабарлаған Қазалы ауданы әкімдігінің сайты оның жұмысына тұрғындар разы екенін жазады. «Аудандық мәслихат депутаттарының атынан сөз алған Ғазиз Әліш аудан әкімінің жылдық жұмысына оң бағасын берді... Тұрғындар аудан әкіміне өздерін мазалаған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Бұл кездесу халық пен биліктің нәтижелі диалогына айналды» дейді әкімдік сайты.

Әкімдік сайтындағы мәліметке қарағанда, халыққа есеп берген Бахыт Жаханов «аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейгенін» де айтқан.

«Ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жаңа өндірістер ашылып, нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр. Бағдарлама басталғалы бері ауданымызда 15 жоба іске қосылып, 188 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. ...2014 жылы жаңа типтегі автобекет салынып, пайдалануға берілді. 7 адам жұмыспен қамтылды» делінген Қазалы ауданы әкімі есебінде.

Саясаттанушы Расул Жұмалы әкімнің есебінде айтылған деректерді жоққа шығарып, оның жұмысына көңілдері толмаған тұрғындардың «күнделік жүргізу» шарасын «амалсыздықтан барған шара» деп сипаттайды.

– Бұрынғы замандарда партиялық орталықтарға барып, сотқа шағымданып, басшылыққа хат жазып, тиісті мәселелерін шешіп алуға болатын. Қазіргі кезде мұндай формальды тетіктер көңілден шықпайды. Сондықтан осы секілді кішігірім әрекеттер – құптарлық іс, – дейді саясаттанушы.

Расул Жұмалының айтуынша, шенеуніктердің өз міндеттерін дұрыс атқармауына және кәсібилігі жетіспеуіне халықтың бақылауының кемшіндігі мен қоғамның белсенді болмауы себепкер. «Осындай сыни пікірлерге басшылық көз жұма қарайтын болса, оларға деген теріс пиғыл одан сайын күшейе түседі» дейді ол.

Қазақстанда аудан әкімін облыс әкімі тағайындайды. Атқарушы орган міндетін атқаратын аудан әкімі ол аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ескере отырып жалпы мемлекеттік саясат жүргізуі тиіс.

XS
SM
MD
LG