Қыркүйектің 1-і күні Ақтау қаласындағы жүздеген мұнайшы отбасыларымен бірге қаладағы «Қаражамбасмұнай» компаниясының кеңсесіне келіп, жұмыс беруші компаниямен дауды шешіп беруді талап етті. Олардың арасында мектеп жасындағы балалар да бар.
Азаттық тілшісі олардан Білім күні не себепті мектепке бармай осында жүргенін сұраған кезде былай деп жауап берді.
- Әкем ақша алған жоқ. Бара алмаймын. Достарыма бара алмай тұрмын, - дейді жетінші сыныпқа көшкен Қаныш Серікболсын жыламсырап.
Ал ата-аналар жағы балаларын мектепке жіберуге қаражат таппай отырғанын жамырап айтып, билікке реніш айтты.
Жұмыстан шығарылған мұнайшылар "Қаражанбасмұнай" АҚ ғимаратының алдында наразылық шеруіне қатысып тұр. Ақтау, 01 қыркүйек 2011 жыл.
- Сабаққа балаларыңды жібергің-ақ келеді. Бірақ күйеуімнің жалақы алмағанына міне, төрт айдың жүзі болды. Үшеуі бастауышта, біреуі орта мектепте оқиды. Ал киім, құрал-саймандардың бәрі қымбат. Жетпейді, - дейді мұнайшының әйелі Гүлсім Тастемірова.
Сөзін әрі қарай жалғастыра алмай, көз жасына ерік берген ана биліктің немқұрайлығын сөзбен жеткізу мүмкін емес деді
- Бүкіл әлем біліп жатқанда мұны президент қалай білмейді? Айтатын сөзім жоқ. Айта-айта шаршадық! - дейді ол.
«БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЛАҢДАЙМЫЗ»
«Қаражамбасмұнайгаз» компаниясында 21 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ереуілшінің бірі, бес баланың әкесі Мереке Олжабаев балаларын мектеп түгілі жоғары оқу орнына жібере алмай отырғанын айтады. Оның айтуынша, биыл оның үш баласы - мектептен, бір баласы - университеттен қалып отыр.
Ол жоқшылықпен қатар балаларының қауіпсіздігіне де алаңдап отырғанын жеткізді.
- Мәселеміз қашан шешіледі, балаларымды сол уақытта жіберемін. Өйткені, қорқамын. Кеше Жаңаөзенде екі баланы өлтіріп кетті. Ешқандай үкімет жоқ. Талаптарды орындап жатқан жоқ. Біздің қағаздарымыз түгелдей заңды. Келіп қарасын. Ешкімге сеніп отырғам жоқ, - дейді Мереке Олжабаев.
Жұмыстан шығарылған мұнайшылар "Қаражанбасмұнай" АҚ ғимаратының алдында наразылық шеруіне қатысып тұр. Ақтау, 01 қыркүйек 2011 жыл.
Компания кеңсесінің алдына келген мұнайшылардың бірінің әйелі Қалима Қуанбаеваның айтуынша, қазіргідей қымбатшылық орнап тұрған заманда әрбір оқушыны киіндіріп, сабаққа жіберу үшін кемінде 30-40 мың теңге керек. Ал «нанға ақшаны әрең тауып отырған мұнайшыларда мұндай қаражат қайдан болсын?» дейді.
- Мысалы, менің екі студентім, бір оқушым бар. Студент ақылы түрде оқиды. Оның ақшасын қалай төлеймін? Балаларымды мектепке қалай жіберемін? Төрт айдан бері ақша алған жоқпын, - дейді Қалима Қуанбаева.
Ереуіл болып жатқан Жаңаөзенде де мұнайшылар дәл осы себептен балаларын мектепке бере алмай отыр.
ХАЛЫҚ ПЕН ӘКІМНІҢ «КЕЗДЕСУІ»
Осы өңірде жүрген Азаттық тілшісі Артур Нығметовтың хабарлауынша, қыркүйектің 1-і күні мұнайшылар күніне орай қалаға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев келіп, арнайы шараға қатысқан. Тілшінің айтуынша, бұл шараға қатыстырылмаған ереуілшілер әкімді ғимарат сыртынан тосып алып, оның алаңға келуін талап еткен. Тек осылайша табандылық танытқаннан кейін барып әкімді ортаға алған мұнайшылар оған өздерінің арыз-шағымдарын жеткізіпті.
Әйтсе де, Қырымбек Көшербаев мұнайшылар мәселесін шеше алмайтынын, «себебі бұл жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы дау» екенін айтқан.
Есесіне ол жұмыстан шығып қалған мұнайшыларды өзіне шақырғанын, осылайша оларды басқа жұмысқа орналастыруға уәде берген.
Әйткенмен, тілшінің хабарлауынша, мұнайшылар әкімнің ұсынысына келіспей, дегендерінен қайтпапты.
«ЕРЕУІЛ ОҚУ ПРОЦЕСІНЕ ӘСЕР ЕТКЕН ЖОҚ»
Маңғыстау облыстық білім департаменті ақпарат құралдарын ереуілдің оқу процесіне әсер етпегеніне сендіруге тырысты.
Облыстық білім департаменті бастығының орынбасары Мұхамед Янгутинның айтуынша, әңгіме тек мектептен қалып қойған 10-15 бала төңірегінде болуы мүмкін.
Жұмыстан шығарылған мұнайшылар "Қаражанбасмұнай" АҚ ғимаратының алдында наразылық шеруіне қатысып тұр. Ақтау, 01 қыркүйек 2011 жыл.
- 10-15 ата-ананың балаларын мектепке жібермеді деген әңгіме бар. Бірақ ол қазір анықталып жатыр. Енді алғашқы қоңырау күні мектепке барлық балалардың түгел келмейтінін өзіңіз білесіз. Оған негізінен бірінші сыныпқа келгендер мен 11-сыныпқа көшкендер қатысады ғой. Қалған сыныптар содан кейін келе береді, - дейді ол.
Ол сонымен бірге білім департаментінің мұнайшылардың балаларының оқудан қалмауын қамтамасыз етуге күш салғанын да айта кетті.
- Жалпы мұнайшылардың жұмыстан босап қалғандары бар, ереуілдеп жатқандары бар, олардың балалары тізім бойынша мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киімдермен қамтамасыз етілді. Олардың мектепке баруына барлық жағдай жасалды. Қазір аудандық, қалалық білім бөлімінен мәліметтер жинақтап жатырмыз. Келмей қалғандары кейін белгілі болады, - деді Мұхамет Янгутин.