Астананың 45 жастағы әкімінің аты-жөні қазақстандық жаңалықтарды тарататын ресурстардан түспейді. Мысалы, «Астана» футбол командасы қақпасына пенальти соқты, «Москва» бизнес-орталығы мейрамханасында түн мезгілінде жұрттың мазасын алатын даңғырлаған музыкамен күресіп жатыр, сөйтіп жүріп Астанадағы қоқыс үйінділері жойылғаны жайлы да Facebook парақшасында есеп беріп үлгереді» деген хабарлар.
365info.kz сайтында билікшіл саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Исекешев Астананы саясаткер емес, менеджер әрі шаруа адамы ретінде басқарады» дейді. Ал әлеуметтік желілерде скептиктер «әкім немесе мэрдің негізгі міндеті – қаланың дұрыс тіршілігін қамтамасыз етіп, ВИП-тұлғалар ғана емес, ертелі-кеш үйіне қоғамдық көлікпен баратын немесе көлігімен кептелісте тұратын қарапайым тұрғындарға да жағдай жасау» дейді. Ал велосипед жолдары жайлы сөз қозғап қажеті жоқ, өйткені Астанада ондай жолдар жоқ.
Былтырғы маусымның 21-інде Әсет Исекешевті әкім етіп тағайындау Астанадағы жұртты шулатқан жанжалмен тұспа-тұс келді. Ол қызметіне кіріскеннен соң үш күннен кейін Астана тұрғыны Әділбек Мейрамов үйін сүруге қарсылық танытып, газ баллонын жарамын деп сес көрсетті. Ол сот шешімі негізінде үйі тұрған жерін «мемлекет қажетіне» алуға бұрын да ашу-ызамен талай қарсылық көрсеткен болатын. Мейрамов төленетін өтемақы сомасы әлгі үйдегі үлесінің нарық бағасымен салыстырғанда тым аз деп қарсы шыққан. Бірақ өзге әкім тұсында реттелмеген дау көп ұзамай оң шешіліп, Әділбек Мейрамов отбасымен Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданындағы үш бөлмелі пәтерге көшті. Оның сөзінше, әлгі пәтерді оған «қала әкімінің қатысуымен демеушілер» сыйлаған. Кейінірек Азаттыққа берген сұхбатында ол жаңа әкім Исекешевке жеке алғысын айтқан.
«СЛЕСАРЬ-ҚҰРАСТЫРУШЫ»
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Әсет Исекешев Оралдағы №5 кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, еңбек жолын Оралдағы «Омега» зауытында радиоаппаратуралардың слесарь-құрастырушысы болып бастаған. Кейін Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің заң факультетіне түскен, жоғары оқу орнынан кейін Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Атқарған қызметтерінің тізімінде стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде жұмыс істегені көрсетілген. Астана әкімдігіне келгенге дейін Исекешев екі жыл бойы инвестиция және даму министрі, ал одан ертеректе индустрия және жаңа технологиялар министрі болып жұмыс істеген.
Төрт жыл бұрын «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры сол кездегі вице-премьер әрі индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевті «ауыр салмақтағы саясаткер» деп атаған.
ЭКСПО
Исекешевтің есімі маусымның 10-ында басталған және қыркүйекке дейін созылатын ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге байланысты да тарихта қалуы мүмкін. Көрмеге дайындық кезінде ұлттық компанияның көрмені өткізуге жауапты топ-менеджерлері коррупциялық айыппен сотқа тартылып, түрмеге кетті. Көрме ашылар алдында да сын айтылды.
Сәуірде ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған жиналыста Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың орталығында оның пікірінше, "қала көркін бұзатын" ескі жер үйлердің әлі де қалғанына наразылығын айтқан болатын. Ол жиынға қатысып отырған қала әкімі Әсет Исекешевке қарата "Біз не туралы айтып отырмыз? Ол жаққа туристер барып, суретке түсіріп алады да бүкіл әлемге көрсетеді. Беткі жағын жуып-шайғансыңдар, ал арты жыртық, байқа" деген болатын. Бұған қоса, Назарбаев «жақсы мэр таңғы сағат бестен тұрып, орынбасарларын ертіп алып бүкіл қаланы аралап шығады, ал сосын жұмысқа келіп, бәрін реттеуге тапсырма береді» деген еді. Қазақстандық Twitter-де Астана әкімінің қаланы аралау жоспарына қатысты «Көк кит» деген күмәнді онлайн-ойынындағы сияқты «мені сағат 4.20-да оят...» сөздерімен біршама әзілдер пайда болған.
Inform.kz мемлекеттік сайтының хабарлауынша, ертеңінде, яғни сенбі күні «президент ескерткен бүкіл кемшіліктерді жою» үшін Исекешев таңғы сағат алтыдан бастап қаладағы нысандарды тексеріп шыққан. Одан сәл кейінірек президенттің көзіне сұрықсыз болып көрінген жер үйлердің бәрін темірден жасалған биік дуалдармен жауып тастады. Әлгі дуалдар Астанадағы саяжай секторы бар әуежайдан сол жағалауға дейін созылып жатыр. Ал дуалдардың арғы жағындағы саяжай үйлерінде көбінесе Қазақстан облыстарынан келген мигранттар мен өзге баспананы жалға алуға немесе сатып алуға шамасы жоқ тұрғындар тұрады. Енді олардың үйлерін шетелдіктердің көзіне түспесін деп қалқалап қойды.
АҒЫН СУ ЖӘНЕ МАҚТАУ
Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің мәлімдеуінше, Әсет Исекешев – «әлеуметтік желілердегі ең ашық әкімдердің бірі, Facebook-те өзі жауап беріп, шара қолданады».
Ол кісі қаланың көптеген мәселелеріне жүйелі көзқараспен қарайтыны есімде қалыпты.
- Ол кісі қаланың көптеген мәселелеріне жүйелі көзқараспен қарайтыны есімде қалыпты. Қазіргі сәтте қаланы дамыту бағдарламасы қайта қаралып, ЭКСПО-дан кейін талап етілетін қарқын белгіленді, яғни ол адам кемі ондаған жылдарға алға қарайды, - дейді Мирас Шекенов.
Оның мәлімдеуінше, әкім Исекешев «болашақты ойлап», қоғамдық көлікті дамытуда, ақылы автотұрақтар енгізуде, автобустарға арналған қоғамдық жолақтар мен тұрғындар үшін жүріп-тұратын кеңістікті ұлғайту, қала автопаркін жаңалау сияқты мәселелерде қатаң шаралар қолдана бастады. Мәслихат депутатының сөзінше, Әсет Исекешев Астананы туристер үшін тартымды қала жасағысы келеді.
Мирас Шекеновтің сөзінше, жауын суы ағатын дұрыс кәріз жүйесінің жоқтығы мен көлік кептелісі сияқты Астананың «созылмалы сырқаттары» қазір шешіліп жатыр.
Былтыр тамызда Астана әкімі қаланы жаңбыр суы басып кетуі проблемасын әлемдік тәжірибеге сүйеніп шешемін деген болатын. Ал бір ай бұрын Әсет Исекешев нөсер жауын кесірінен астана жолдарында болған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраған. Ал оған дейін Астана әкімдігінің нашар жұмысы үшін астаналықтардан ешкім кешірім сұрап көрген емес. Сол күндері қатты нөсер жауып, Астана көшелерін су басқан, ал «жауын суы ағатын кәріз жүйесін тарту қаланың даму қарқынына ілесе алмай жатқандықтан», тасқынға қалалық қызмет көрсету орындарының шамасы келмей қалған.
Астанада тұратын азаматтық белсенді Фатима Жандосованың пікірінше, Исекешев қызметке келгеннен бері Астана қаласында ештеңе жақсарған жоқ.
Бізге ЭКСПО құбыжықты таңып қойды, соның арқасында бірдеңелер жасалып жатыр.
- Бізге ЭКСПО құбыжықты таңып қойды, соның арқасында бірдеңелер жасалып жатыр. Бірақ бір түннің ішінде көшеге әлдебір шамдар қойып шыққанын байқадым, ал жанынан өтіп бара жатып қарасаң, топырағы қопсып жатыр. Велосипедшілер жүретін жол жоқ деп сайтқа жазған болатынмын. Велостанциялар бар да, велосипедшілерге арналған жолдар жоқ, былтыр жаз бойы велосипедпен жүрдім, бұл - үлкен проблема, велосипедшілердің жолда жүруі қауіпті. Сондықтан өмірімді қатерге тігіп, биыл әлгі жүйені пайдаланғым келмейді, - дейді Фатима Жандосова.
Маусымның басында Фатима Жандосова «Құқық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» өкілі ретінде әкімге Астана әкімдігінің ресми сайтында «бюджетке қатысты ақпарат мүлде жұтаң, бюджетке қатысты өзекті құжаттар жоқ, сайланбалы (мәслихатты айтады – ред.) органдардың ұсыныстары тіркелгені жайлы ақпарат пен әкімдіктің қоғам белсенділерімен кеңесу әрекеттері туралы ақпарат жоқ» деп хат жазған. Азаматтық белсенді бұл жағдайды түзетуді ұсынады. Фатима Жандосова Астана әкімі немесе әкімдігінен әзірше жауап алмаған - заңда жауап қайтару үшін ең көбі бір айлық мерзім белгіленген, ол әлі біткен жоқ.