Accessibility links

«Менің атым Қожа» – 50 жылдан бері экранда


"Менің атым Қожа" фильмінің бас кейіпкері Қожаны актер Нұрлан Санжар (Сегізбаев) ойнаған.
"Менің атым Қожа" фильмінің бас кейіпкері Қожаны актер Нұрлан Санжар (Сегізбаев) ойнаған.

Алматыда «Менің атым Қожа» фильмінің 50 жылдық мерейтойы өтті. Фильмдегі актерлердің тағдыры да, бала еңбегіне қатысты ой-пікірлер де жарты ғасырда көп өзгерген.

1963 жылы әлем кинематографиясы Федерико Феллинидің «Сегіз жарым», Джозеф Манкевичтің «Клеопатра», Джон Стерджестің «Қашу» сияқты үздік туындыларымен толықты. Сол жылы көп елде ұлттық өнер туындысына айналған киноленталар қойылды. СССР-де «Я шагаю по Москве», «Три плюс два», «Королевство кривых зеркал», «Живые и мертвые» фильмдері шықты. Қазақ ССР-інде кейін ұлттық кинематографияның классикасына айналған картина түсірілді. Бұл – Қазақстанның ең үздік балалар фильмдерінің бірі «Менің атым Қожа».

Бұл – сотқар бала туралы комедиялық фильм. Қазір ондай тентектерді «қиын бала» деп атайды. Өзіне күлкілі көрінгенімен, жолдастарына жақпайтын қылықтары үшін үлкен кісілерден үнемі ұрыс естіп жүрген бас кейіпкер кейде өзінен ересек жолдасының арқасында жайсыз оқиғаларға тап болады.

Фильм желісіне Бердібек Соқпақбаевтың әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Менің атым Қожа» атты әйгілі повесі арқау болған. Жазушы фильм сценарийін Ниссон Залеранскиймен бірге жазған. Фильмнің көркемдік жетекшісі – кинодраматург және кинорежиссер, 1920 жылдардың соңында шыққан «Түрксіб» фильмі авторларының бірі Ефим Арон. Бұл фильм – режиссер Абдулла Қарсақбаевтың жеке түсірген алғашқы көркем фильмі. Кейін ол сегіз көркем фильм түсірген. Үшеуі – балалар фильмі. Қазақстан көрермендеріне режиссердің тағы бір туындысы – «Алпамыс мектепке барады» (1976 жыл) фильмі жақсы таныс.

ДҮКЕНДЕГІ КЕЗЕК ПЕН БАЛА ЕҢБЕГІ

«Менің атым Қожа» 1960 жылдардың бас кезіндегі қазақ ауылдарының біріндегі совет тұрмысы бейнеленген. Белгілі жасқа толған бала атаулы пионер қатарына өтіп, мектепте қызыл галстук тағып жүруі тиіс. СССР космостық державаға айналып үлгерген тұс (бас кейіпкердің арманының бірі осыған байланысты).
"Менің атым Қожа" фильмінің постері. 1963 жыл.
"Менің атым Қожа" фильмінің постері. 1963 жыл.
Билік басындағы Никита Хрущевті көп ұзамай (фильм экранға шыққан жыл) зейнет демалысына жіберіп, Леонид Брежнев дәуірі басталған, онымен бірге «Хрущев жылымығы» аяқталған тұс.

Дүкендегі ұзақ-сонар кезек сияқты совет заманына тән құбылыс та кадрға еніп кеткен.

Фильмде жақсы көрсетілген совет заманына тән тағы бір нәрсе – бала еңбегін пайдалану. Сыныптың жартысы шөп шабуға, екінші бөлігі қой қырқымына аттанады. Ол кезде бұл жұмыс «практика» деп аталатын, оған себепсіз қатыспаған бала жазаланатын. Сынып жетекшісі Қожаға «Егер бармасаң, екінші жылға қалдырамын» деп қорқытады. Совет заманында балаларды мұндай «практикаға» салтанатпен аттандыратыны «Менің атым – Қожа» фильмінен көрінеді. Жүздері жайнаған балалар ән шырқап, үрмелі оркестр музыкасы үнімен аттанып барады. Мектеп оқушылары отырған жүк көлігі бортына «Ура! Біз практикаға кеттік!» деген плакат жапсырылған.

Ол кезде ауыл шаруашылық жұмыстарына жіберу – колхоз немесе совхозға көмек қана емес, жас ұрпақты еңбекпен тәрбиелеудің бір түрі ретінде де қарастырылатын.

ФИЛЬМ ЖАЙЛЫ СОЛ КЕЗДЕГІ ПІКІР

Қазіргі балалар «Менің атым Қожа» фильміндегі шопандар тойын экзотика көреді. Совет заманында мұндай сабантойлар жыл сайын өтетін. Төңіректе мал
Фильмдегі кейіпкерлердің бірі Дәулет.
Фильмдегі кейіпкерлердің бірі Дәулет.
баққан шопандар мен олардың отбасылары жайлауға жиналады. Жайлаудағы тойда бәйге, ұлттық ойындар және басқа да ойын-сауық ұйымдастырылады. Шілде айында тойланатын шопандар мерекесі екі-үш күнге созылады. Осыдан үш жыл бұрын шенеуніктер шопандар тойын Алматы облысында қайта жаңғыртқысы келген. Мұнда соңғы шопандар слеті 20 жыл бұрын өткен.

Совет идеологиясы дінге қарсы болғандықтан, кейбір эпизодтарды цензура қалай жіберіп қойғанына таңданасыз. Фильмде бас кейіпкердің әжесінің аузынан бірнеше рет «Алла» сөзі шығып, Мұхамед пайғамбардың есімі аталады. Бір
Фильмдегі кейіпкерлердің бірі Жанар.
Фильмдегі кейіпкерлердің бірі Жанар.
диалогта ол тіпті немересіне «Қайдағы жоқ шатпағыңды тастап, «Бісміллә» деп айтшы» деп жалынады.

«Казахстанская правда» газетінің 1964 жылы 23 наурыздағы санында жарияланған рецензия авторы, жазушы Павел Косенко фильмді жалпы жоғары бағалап, «Қазақфильмнің» жаңа еңбегінде жақсы дүниенің көптігі соншалық, кейбір олпы-солпы тұстарын елемесек те болады» деп жазады.

Жас кейіпкердің мінез-құлқына нақты баға беру фильмнің кейбір тұсында жоғалып кетуін Павел Костенко фильмнің кемшілігі деп санайді. Ал сценарийдің кемшілігі – Қожа кейіпкерінің фильм басында қандай болса, аяғында да сол қалыптан өзгермеуі.

АКТЕР БАЛАЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Фильмдегі негізгі кейіпкерлер – шамамен бесінші-алтыншы сыныпта оқитын балалар. Олардың көбі қосалқы кейіпкерлер ғана. Бас кейіпкер, оның сыныптастары Жантас пен Жанар, бес жасар Дәулет, ересектеу Сұлтан ғана – «сөйлейтін» рөлдер. Олардың бәріне фильмдегі рөлдері алғашқы, ал көбі үшін соңғы рөл болды.

Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар (киноға түскен кезде – Нұрлан Сегізбаев)
Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар (Сегізбаев). Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар (Сегізбаев). Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
- қала баласы. Ол киноға түсу мектепке бармаудың жақсы сылтауы болғанын мойындайды.

– Анама бірінші сыныптан бастап «оқығым келмейді» дейтінмін. Ол мені Ленин даңғылынан 33-мектепке дейін таяқпен қуып апаратын, – дейді ол.

Қожа рөлінен кейін Нұрланды басқа фильмдерге шақырған, бірақ ол үзілді-кесілді бас тартқан:

– Киноға түсемін деп мектепте екінші жылға қалып қойдым. Ішінде болашақ опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының болашақ директоры Болат Сұлтанов бар кластастарымнан бір сынып қалып қойғаныма өкінетінмін, – дейді ол.

Нұрлан Санжар – философия ғылымының кандидаты, бірнеше кітап авторы. Кейін мүлде киноға түспеді десе де болады. Тек 2008 жылы ұзақ үгіттен соң шағын рөл ойнауға келісім береді. Бірақ қызметі киномен байланысты: «Қазақфильм» студиясында жұмыс істейді, бірнеше көркем фильм сценарийлерінің авторы. ВГИК-тің сценарий факультетін бітірген.

Оның айтуынша, киноға бірнеше себеппен түскісі келмеген.

– Біріншіден, бұл – ауыр жұмыс. Екіншіден, маған ұнамайтыны – кинода сені таңдайды. Үшіншіден, актерлердің бәрі жұртқа ұнағысы келіп тұрады, – дейді ол.

Қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы бар фильмде Нұрланның өз дауысы жоқ. Оның айтуынша, сегізінші сыныпқа дейін «р» дыбысына тілі келмегендіктен, орысша нұсқасында оның рөлін мәскеулік актриса Марина Виноградова, ал қазақ тілінде қазақ актрисасы Фарида Шәріпова дыбыстаған.

Сұлтанның рөлін ойнаған Марат Көкеновтің арманы орындалмады, актер болмады. Армиядан келген соң ол мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жұмысқа тұрған.

Бес жасар Дәулетті ойнаған Юсуф Шамузовтың айтуынша, ол киноға кездейсоқ
Дәулеттің рөлін ойнаған Юсуф Шамузов. Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
Дәулеттің рөлін ойнаған Юсуф Шамузов. Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
түскен:

– Біздің аулаға бір көлік келді. Сөйтсек, Абдулла Қарсақбаев фильм директорының үйіне келіпті. Ол кезде машина деген таңсық нәрсе болатын. Үсті ашық «Бобик» екен. Біз кіріп алдық. Қарсақбаев шықты да, бізді көріп «Ертең мына баланы түсірілім алаңына алып келіңдер» деді, – дейді.

«Менің атым Қожа» фильмінен кейін Юсуф тағы бір қысқа метражды киноға түскен. Оның актерлік өнері осымен аяқталды. Медициналық институтты бітірген Юсуф Шамузов – 1983 жылдан бері Қазақстанның бокс құрамасының дәрігері.

Бас кейіпкер ғашық болған, Қожаның сол үшін қабаған иттің жанынан өтуге де, мияулауға да әзір болған сыныптасы – Жанардың рөлін Гүлнар Қарабаева ойнады. Ол Азаттық тілшісіне бұл фильмге қалай түскенін айтып берді.

– Сәті солай болды. Құрбымның үйінде қонақта отырғанмын. Оның анасы –
Жанардың рөлін ойнаған Гүлнар Қарабаева. Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
Жанардың рөлін ойнаған Гүлнар Қарабаева. Алматы, 16 қараша 2013 жыл.
кинематографист. Өзімнің ересек ойларыммен, сөздеріммен оны әбден күлдірдім. Фильмге үлгілі қыз бала керек дегенде құрбым «менде ондай қыз бар» депті. Киносынақ, фотосынаққа шақырды. Конкурста айтқан Федор Тютчевтің «Люблю грозу в начале мая» деген өлеңі фильмге де еніп кетті, – дейді ол.

Фильм түсіріліп жатқанда Гүлнар үшінші сыныпты аяқтаған. Ол «кинода ойнаған кейіпкерім сияқты өмірде де үлгілі оқушы болдым» дейді. Кейіпкермен типажы үйлесе кеткен.

– 17-дегі кезім. Бірде көшеде бір жігіт соңымнан ерді. Сәлден соң «Сіз «Менің атым Қожа» фильміне түстіңіз ғой?» деп сұрады. Мен «Иә» дедім – «Ал мен ВГИК түлегімін, қазір диплом жұмысын дайындап жатырмын. Киноға түсуге келіспейсіз бе?» деді. Бірақ мен ол кезде политехте оқып жүрдім де, бас тарттым, – дейді Гүлнар Қарабаева.

Ол кейін институтты бітіріп, инженер болды.
XS
SM
MD
LG