Accessibility links

Қазақстанда судьяларға талап күшейетіні айтылды


Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Көрнекі сурет. Астана, 17 сәуір 2014 жыл
Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Көрнекі сурет. Астана, 17 сәуір 2014 жыл

Жоғарғы сот судья қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптарды қайта қарау жөнінде бірнеше ұсыныс әзірледі. Болашақ судьялар енді мемлекеттік тілден күрделендірілген емтихан тапсырып, психологиялық тестілеуден әрі бір жылдық стажировкадан өтуі тиіс.

Жұма күні Астанада өткен брифингте Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин болашақ судьялар сот төрелігі институты магистратурасында даярлықтан өтетінін мәлімдеді.

- Жоғарғы сот болашақ судьялардың біліктілік сапасын арнайы оқу айтарлықтай жақсарта алатынына сенімді, - деді Рахметулин.

Оның айтуынша, болашақ судьялар Қазақстанда «А» корпусы деп аталатын басқару корпусына кандидаттар іріктеу сияқты мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Бірақ Рахметулиннің пікірінше, емтихан тапсырмалары жетілдірілген сипатта, яғни кандидаттың мемлекеттік тілді «сот ісінде қолдана білу қабілетін бағалайтындай деңгейде» болуы тиіс. Судья қызметіне кандидаттар міндетті түрде психологиялық тестен де өтеді.

- Судья қызметіне ұсынылған тұлғалар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу ұсынылды. Сынақ мерзімі аяқталған соң судья қызметіне түпкілікті тағайындау мәселесі халықаралық стандартқа сәйкес, сот жюриінің жоғарғы сот кеңесінде шешіледі, - деді Абай Рахметулин.

Нұржан Қайыпжан, Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы. Астана, 12 мамыр 2015 жыл
Нұржан Қайыпжан, Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы. Астана, 12 мамыр 2015 жыл

Оның айтуынша, енді практикант-судья басқа судьяның көмекшісі болып жұмыс істеп, оның бүкіл функцияларын орындайды, бірақ сот актілеріне қол қоя алмайды. Жоғарғы сот мамандарының мәлімдеуінше, стажировкадан өтетін кандидаттарға аудандық сот судьясының қызметтік жалақысының 70 пайызы көлемінде жалақы төлеу мәселесі қаралып жатыр.

Жоғарғы сот түбегейлі шара ретінде судьялардың кәсіби қызметін кезеңдік бағалау жүйесін енгізу мәселесін қарауды ұсынады. Жұмыс өтілі 15 жылдан кем судьялар бұл процедурадан бес жылда бір рет өтуі тиіс.

Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Нұржан Қайыпжанның айтуынша, бұл өзгерістер «соттардың қол жетімділігі мен жариялылығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқы мен заңды мүдделерін қорғау сапасын арттырады».

Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Өтеген Ихсанов судьялар біліктілік сынағынан өтуі тиіс деген талаппен келіскенімен, «әуелі Қазақстандағы сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету жағын ойластыру керек» дейді. Оның айтуынша, совет заманында аудандық соттарды халық сайлайтын. Экс-судья Ихсанов қазір осы практиканы жаңғырту қажет деп санайды.

Әуелі сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек. Бізде бұл конституцияда қарастырылған, бірақ іс жүзінде сот тәуелсіздігі институты жүзеге аспай қалды.

- Әуелі сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек. Бізде бұл конституцияда қарастырылған, бірақ іс жүзінде сот тәуелсіздігі институты жүзеге аспай қалды. Төменгі сатыдағы соттарды халық сайлауы тиіс. Бұл - Еуропаның көп елінде және Америка штаттарында бар практика. Сот тек заңға бағынуы тиіс, - дейді судья Ихсанов.

Бұрынғы сот қызметкері мардымсыз жалақы алатын қарапайым судьялар зейнетке шыққанда полиция мен прокуратура қызметкерлерінен бірнеше есе аз зейнетақы алатынын айтады. Оның пікірінше, өзгерістерді ұсынған мамандар мұны да ойластыруы тиіс.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, 14 жыл бұрын Қазақстан «жария әрі көп сатылы сипаттағы» конкурстық іріктеу жүйесін енгізген. Қазір Қазақстанда судьялар біліктілік емтиханын тапсыру қорытындысы бойынша немесе Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына қарасты сот төрелігі институтында алған білім нәтижелері бойынша іріктеледі. Кейін олардың кандидатуралары жоғарғы сот кеңесінде қаралады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG