Accessibility links

Құлыбаевпен соттаспақшы газеттер моралдық шығын өтелсе райларынан қайтулары да ықтимал


Тимур Құлыбаевтың арыз-шағымы бойынша Медеу аудандық сотының 1 ақпандағы қаулысымен тиражы тәркіленген оппозициялық «Свобода слова» және «Взгляд» газеттері материалдық және моралдық шығын талап етпек. Дегенмен де олар президенттің күйеу баласының істі сотқа дейін жеткізбеуге мүмкіндігі бар дейді.

ҚҰЛЫБАЕВҚА ҚАРСЫ АРЫЗ КЕЛЕСІ АЙҒА ҚАЛДЫ

Қазақстанда тарайтын оппозициялық екі газет «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевты сотқа беруге негіз болатын құжаттарды жинастырып жатыр. «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, сотқа талап-арыз дайындауға газеттің осыдан екі апта бұрынғы таралымының тәркіленуі түрткі болды.

- Біз газеттің арғы аптадағы таралымының тәркіленуіне байланысты тартқан материалдық және моралдық шығынды өтеу мақсатында Тимур Құлыбаевқа қарсы сотқа шағымдануды көздеп отырмыз. Мұндай арыз-шағым жасау үшін оның дәлелдерден құралған тиісті негіздемесі болуы керек. Соған байланысты қазір біз құжаттар жинастырып жатырмыз, - деді Ерғалиева сәрсенбі күні Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, сот орындаушылары республика аймағында «Свобода слова» газетінің сол бір күнгі таралымының шамамен 10 пайызын тәркілеген. Сот орындаушыларының бұл іс-әрекетіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласының талап-арызы негізінде Алматының Медеу аудандық соты шығарған шешім негіз болған.

Аудандық сот 1 ақпанда БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевқа қатысты әшкерелеуші құжаттары бар екендігі туралы таратылған ақпараттар «шындыққа жанаспайды, басылымдар Құлыбаевтың ар-намысына нұқсан келтіретін ақпараттарды жоққа шығарулары керек» деп шешкен еді.

Сот шешімін, журналистік қауымдастықпен қатар, 2010 жылы Қазақстан төрағалық ететін ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Миклош Харасти да сынға алған еді.

9 ақпанда Медеу аудандық сотының судьясы Дана Махметова арызданушы Құлыбаевтың топ-менеджер Әблязовқа, сондай-ақ бірқатар газеттерге қарсы түсірген арыз-шағымын қараусыз қалдыру туралы шешім шығарды. Судья Махметова арызданушы Құлыбаев сотқа дейінгі шағымдарын жауап берушіге жеткізбеген деп тапты. Бұның өзі таралымы тәркіленген газеттердің Құлыбаевқа қарсы арыз түсіреміз деп мәлімдеуіне түрткі болды.

- Айдың аяғында тәркіленген таралымнан қанша қаржылай шығын келгендігін анықтауымыз керек. Сондықтан сотқа беру мәселесі бір-екі күннің ішінде шешіле салмайтын шаруа, - деді Ерғалиева.

МОРАЛДЫҚ ШЫҒЫН ӨТЕЛСЕ

Оның айтуынша, «Свобода слова» газеті республика бойынша шамамен 80-90 мың данамен таралады. Соның 10 пайызымен Қазақстанның ірі екі қаласындағы оқырманды газетпен қамтуға болатын еді дейді бас редактор.

- Яғни, мәселе оның санына тіреліп тұрған жоқ, газеттің қаншама оқырманның қолына тимей қалғандығында болып отыр. Сондықтан бұл жерде материалдық емес, моралдық шығын маңызды болып тұр, - деп атап көрсетеді Ерғалиева.

Алайда бас редактор Құлыбаевтан қанша көлемде моралдық шығын талап ететіндігін ашып айтпады.

Бұл уақытта «Взгляд» газеті де сот шағымына қажетті құжаттар жинастырып жатқандығын растады.

- Осындай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы рас, - деді «Взгляд» газеті бас редакторының орынбасары Екатерина Беляева сәрсенбі күні Азаттық радиосына.

Бұған дейін «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский сот орындаушылары газет таралымының шамамен 50 пайызын тәркілегендігін хабарлаған болатын.

"ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ТАЛАПТЫ СОТҚА ЖЕТКІЗБЕУГЕ МҮМКІНДІГІ БАР"

Құлыбаевқа қарсы процесте газеттердің мүддесін қорғаған заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, Құлыбаевтың дайындалып жатқан арыз-шағымды сотқа дейін жеткізбеуге мүмкіндігі болады.

- Заңгер ретінде мен журналистерге моралдық шығынды өтеу талабын қоймайтын шығармыз деп айттым. Өйткені бұл іс-әрекеттердің барлығы сот тарапынан шықты. Ал енді мүлік шығыны болғаны рас. Таралымның тәркіленгендігін растайтын дәлелдер жиналған соң біз, бәлкім, сотқа дейін Құлыбаевтың жеке өзіне шығып көрерміз. Менің ойымша, ақылды азамат бұл шығынды сотқа дейін жеткізбей-ақ өтеп беруі тиіс.

Құлыбаев, 9 ақпанда Астана қаласында Азаттық радиосына берген сұхбатында, Мұхтар Әблязовтың "әшкерелеу ақпараттарына" қатысты мәселемен шұғылдануды құқыққорғау органдарына тапсырғандығын айтқан еді.

- Біз бұл мәселеге қатысты пікір білдірмей-ақ қоялық, өйткені біз құқыққорғау органдарына тапсырдық, сол жерде оның мәлімдемесін қараймыз, нәтижесін біз кейін айтамыз, - деді Құлыбаев.

Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының орынбасары, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық Энерго», сондай-ақ KazEnergy коммерциялық емес ұйымының басшысы қызметін атқарады.
XS
SM
MD
LG