Accessibility links

«Цирк - айпэдтің баламасы»


Никулин циркінің қойылымы. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.
Никулин циркінің қойылымы. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.

Алматы қаласындағы мемлекеттік цирктің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның артистері «біздің өнер балалардың айпэд пен ұялы телефонға ауған көңілін жаулап алу үшін де керек» дейді.

Өткен демалыс күндері Юрий Никулин циркі гастрольдік сапармен Алматы қаласында болды. Цирк қойылымын көру үшін жұрт қалаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылды.

Ақтау қаласында тұратын 9 жасар С.Әмірдің әке-шешесі сәуірдің 19-ы күні өткен «Юрий Никулиннің аңыз-бағдарламасы» қойылымына арнайы келіпті.

- Біздің қалада да гастрольдер болып тұрады, бірақ жиі келсе жақсы болар еді. Маған клоун, сиқыршылар, арқан бойымен жүретіндер (даршылар) ұнайды, әрі айпад пен айфонға қарағанда қызық. Мұнда бәрін жанды қимылда көресің. Маған салса, апта сайын келер едім, - дейді Әмір Азаттық тілшісіне.

БАҒДАРЛАМА

Қазақстанның халық артисі Кәрім Мұтырғанов Мәскеудегі Цветной бульварда орналасқан Юрий Никулин циркінде 10 жыл істеген. Оның айтуынша, көрерменді, әсіресе баланы тәнті етіп, таңдандыру үшін үлкен еңбек, адамның өзіне деген сенімі және циркке деген сүйіспеншілік керек.

Циркке келген ақтаулық бала Әмір. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.
Циркке келген ақтаулық бала Әмір. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.
Ол «Дүниедегі ең басты құндылық - адам. Баланы ойлануға баулу керек» деген кеңес береді. Адам қол-аяғымен небір күрделі әрекеттерді істей алады.

- Мен совет циркі әлемдегі ең үздік цирк дәрежесіне көтерілген кезеңге тап болдым. Сахнада адам сенгісіз дүниелерді көрсету үшін тынбастан еңбектендік. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Қазіргі компьютерлік технологияларда сахнада жанды қимылмен көрсетуге болатын техникалық және химиялық элементтер жоқ. Бала нағыз ғажайыпты сахнадан ғана көре алады, - дейді Кәрім Мұтырғанов Азаттық тілшісіне.

«Юрий Никулиннің аңыз-бағдарламасы» жобасының жетекшісі Ирина Зайцеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, «цирк артистерінің құндылығы - дублерсіз жұмыс істеуінде».

- Құласаң, шын құлайсың. Кәсіби артист мінсіз өнер көрсетуі тиіс. Кинодағы сияқты дублерің (актерді ауыстыратын каскадерді айтады – ред.) болмайды. Біз ата-аналар мен балаларға бірдей қызықты болатын бағдарлама әзірлейміз, - дейді Ирина Зайцева.

Қазақстанның халық артисі Кәрім Мұтырғанов. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.
Қазақстанның халық артисі Кәрім Мұтырғанов. Алматы, 19 сәуір 2014 жыл.
Юрий Никулин циркі қойылымы Алматыдағы мемлекеттік қазақ циркі аренасында өтті. Ол 1972 жылы ашылған. Қазір мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді.
Қазақстанға 2010 жылы оралған кәсіби клоун Кәрім Мұтырғановтың айтуынша, цирк артистерінің жалақысы мардымсыз, көбі ұзақ істемей кетіп қалады. Бірақ бұл жалғыз проблема емес сияқты.

- Меніңше, Қазақстан циркіне жақсы қойылымдар жетіспейді. Өйткені пілді бір аяғымен тұруға үйрету кімнің болсын қолынан келеді. Артиске де кез келген трюкті үйрете салу оңай. Ал әдемі нөмірлерді ойлап табуға тынбай үйрену керек. Ақша болғанымен, режиссер жоқ болса, ең қиыны сол, - дейді Кәрім Мұтырғанов Азаттық тілшісіне.

АЙПЭДПЕН БӘСЕКЕЛЕСТІК

Цирк ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу қажет екенін шенеуніктер де мойындайды. 1790-нан аса орындықты ауыстыру қажет. Күрделі жөндеу 2015 жылға жоспарланған. Жоспар бойынша, артистер мен гастрольдер туралы ақпарат жарияланатын сайт құрылымы да жаңартылады. Қазақ циркі - бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорын.

Циркте өнер көрсетіп жатқан артистер. (Көрнекі сурет)
Циркте өнер көрсетіп жатқан артистер. (Көрнекі сурет)
- Өзінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін дәлелдеу үшін цирк артистері үш жылда бір рет аттестациядан өтеді. Бағдарламалардың сапасын жақсарту арқылы шығармашылық нөмірлердің саны мен сапасын арттыруға тырысамыз. Цирктің кірісі мен артистердің жалақысы да сол кезде өседі, - дейді Алматы қаласы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Маркен Ахметов.

Былтыр Қазақ мемлекеттік циркі артистері көрсеткен 128 қойылымға 194 мыңнан аса көрермен келген. Ресми дерек бойынша, цирк көрермендерінің саны 30 пайызға артқан. Мұндағылар өзара «Қазір балалар қарапайым кітаптан гөрі айпэд пен басқа да толып жатқан электронды құралдарға әуес. Көрерменіміздің көбеюі осы айпэдтермен бәсекелестікте ұтқанымызды көрсетеді» деп әзілдеседі.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG