Accessibility links

Нұрлан Жоламанов 11 жылға түрмеге кесілді


Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов сот залында.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов сот залында.

Қазақстан шекара қызметінің экс-директоры Нұрлан Жоламанов 11 жылға сотталды. Онымен бірге айып тағылған бұрынғы әскери бөлім командирі Қайрат Балмағамбетов қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бүгін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Сот Жоламановты «ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны» және «аса ірі көлемде пара алғаны» үшін айыпты деп таныды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі қамау колониясында өтейтін болды. Сот Жоламановты өмір бойы мемлекеттік жауапты қызмет ету құқығынан айырды.

Сонымен бірге судья Қазақстан президентіне Нұрлан Жоламановты генерал-лейтенант әскери шені мен мемлекеттік наградасы – екінші дәрежелі «Даңқ» орденінен айыруды ұсынды.

Бұған дейін прокурор соттан Нұрлан Жоламановты 14 жылға бас бостандығынан айыруды және дүние-мүлкін тәркілеуді сұраған. Жоламанов өзіне қарсы сотты «қолдан жасалған, саяси іс» деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Жоламановпен бірге сотталушы – Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетовті сот қылмыстық жауапкершіліктен толық босатып, оның дүние-мүлкін арестен босатуға шешім шығарды. Сот барысында Балмағамбетов өзіне тағылған «аса ірі көлемде пара алған» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған» деген айыптарды мойындайтынын, бастығы Жоламановтың «ықпалынан шыға алмай» қылмысқа барғанын мәлімдеген.

Нұрлан Жоламановқа шығарылған үкімді жариялау

Нұрлан Жоламановқа үкім шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

Жоламанов ұсталған күннен бастап тергеу абақтысында қамауда болса, Балмағамбетов үй қамағында ұсталған. Сот бүгін шыққан үкім күшіне енген сәттен бастап Балмағамбетовті үйқамақтан босату туралы қаулы етті.

Үкім жарияланғаннан кейін Азаттыққа Нұрлан Жоламановтың әйелі Гүлнар Жоламанова сот шешіміне қарсы шағым түсіретіндерін жеткізді.

Айыптау деректері бойынша, 2013 жылдың жазынан 2014 жылғы қазанның 27-іне дейін сол кездегі ҰҚК шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ 173 миллион теңгеден аса (932 мың долларға жуық) ақшаны пара ретінде алған.

ЖҮЙЕДЕГІ КЕМШІЛІКТЕР

Жоламановқа шыққан үкімге байланысты Азаттыққа берген түсініктемесінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бастығы Нартай Дүтбаев бұған дейін коррупциялық қылмыстары үшін сотталған тағы бір бұрынғы генерал, ҰҚК шекара қызметі «Батыс» аймақтық басқармасының бұрынғы бастығы Әбдіразақ Ілиясовтың ісін есіне алды.

– Шекарашылар мен кеденшілердің қызмет міндетін айқын етіп белгілеу қажет, шекарашылар мемлекеттік шекарадан өтетіндердің құжаттарының дұрыс толтырылуын ғана тексеріп, олардың жүгіне көз тікпеуі тиіс, - дейді ол.

Дүтбаев бүгін үкімі шыққан сот ісінің егжей-тегжейіне үңілмегенін, бірақ, таныс шекарашылардан генерал Жоламановтың шекара қызметін «әскери өлшеммен» ұйымдастыруға тырысатыны бұл саладағы кейбір қызметкерлердің көңіліне жақпағаны жайлы естігенін айтты. Шекара қызметіне қорғаныс министрлігінен ауысып келген генерал Жоламанов қарулы күштердегі қызметінің көп бөлігін тұрақты әскер қатарында атқарған.

Алматы облысындағы кеден бекетінде тұрған коммерсанттар. 25 ақпан 2013 жыл.
Алматы облысындағы кеден бекетінде тұрған коммерсанттар. 25 ақпан 2013 жыл.

Қазақ-неміс университетінің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшысы Рустам Бурнашев та ҰҚК шекара қызметінде жүріп сотқа тартылған қос генерал – Нұрлан Жоламанов пен Әбдіразақ Ілиясовтың істерін салыстырды. Оның сөзінше, осы істер арқылы шекара қызметін ұйымдастыруда жүйелі кемшіліктер бары аңғарылады.

Қоғамнан жабық болғандықтан ҰҚК мен оның шекара қызметіне қатысты нақты істер жайлы толық ақпаратқа көпшіліктің қолы жетпейді дейді сарапшы.

2014 жылы қазанның 27-сі күні тұтқындалған Нұрлан Жоламанов былтыр желтоқсанда Қазақстан президенті Назарбаевқа жазған үндеуінде тергеуге сенімсіздік білдіріп, «арнайы комиссия құрып, оған ҰҚК шекара қызметіндегі жағдайды мұқият тексеруді тапсыруды және қылмыстық істі тексеруді өзге тергеу органына жүктеуге көмектесуді» сұраған еді.

Нұрлан Жоламановтың соты қаңтардың 26-сы күні басталған. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап ұсталған уақытқа дейін ҰҚК шекара қызметін басқарған.

Нұрлан Жоламановтың ісі – соңғы жылдары ҰҚК шекара қызметіне қатысты шыққан шулы оқиғалар мен жанжалды істердің кезекті біріне айналды.

XS
SM
MD
LG