Бүгін Орал қалалық прокуратурасы ғимаратының алдына 15-тен аса көлік жүргізушісі жиналды. Олар Батыс Қазақстан облысы прокуроры Серік Қарамановтың атына ұжымдық шағым тапсырды. Шағым иелері – қазанның 3-і күні Еуразия даңғылы мен Құрманғазы көшесі қиылысында болған жол-көлік оқиғасы үшін сот жүргізуші куәлігінен айырған жүргізушілер. Ол кезде 20-дан аса адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
Шағымда сол күні соқтығысып қалған екі көлік жол үстінде түскі сағат 13.30-дан кешкі 19.00-ге дейін тұрғандықтан жүргізушілердің екі көлікті қарсы жолаққа шығып, айналып өтуден өзге амалы қалмағаны айтылған. Жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеген.
ТҰТАС ҚОС СЫЗЫҚ
Көлік жүргізуден 40 жылдық стажы бар 56 жастағы Алтынбек Өтешев куәлігінен бірінші рет айырылған. Ол «жол ережесін бұзу ниетім болмаған, жағдайға байланысты амалсыздан бұздым» дейді.
– Жұбайым екеуміз алатын мардымсыз зейнетақы жетпейді. Шіріп кеткен «Шестеркамен» (ВАЗ-2106) қосымша нәпақа болсын деп туыстарымды тасып жүргенмін. Соның арқасында күн көремін. Енді бір жылға айырса, қалай күн көрерімізді білмеймін, –дейді Алтынбек Өтешев Азаттық тілшісіне.
«Соқтығысқан екі көлікті амалсыздан сол жағынан айналып өткенімізді дұрыс деп есептейміз. Ал оң жағынан айналып өте алмадық, өйткені ол жақта көліктер тоқтаусыз жүріп жатты» делінген прокурорға жазылған шағымда.
Көлік жүргізушілері жол полицейлерін «жағдайды қолдан жасаған», еш әрекет етпейді, жұмыстарын салдыр-салақ атқарады деп айыптайды.
Бес жүргізушіні Орал қаласы прокурорының орынбасары Арон Ақпанов қабылдады. Кездесуге журналистерді кіргізбеді.
– Прокуратура бірер күнде бұл жайтты тексеріп, қорытындысын хабарлауға уәде етті. Мына бассыздықты доғару керек, сондықтан мұнымен тоқтамаймыз, – дейді кездесуге кірген жүргізушілердің бірі Сергей Сидоров.
Оны жүргізушілер көмек сұраған жергілікті құқық қорғаушы Павел Кочетков та құптайды.
- Көліктер жарты күн бойы тұрып қалған! Жүргізушілер заңды әдейі бұзбаған, – дейді ол.
ЗАҢ ТАЛАБЫ
Кейінірек Орал қаласы әкімшілік соты төрағасы Ғалымжан Ищанов баспасөз жиынын өткізіп, 34 іс бойынша бір мезгілде 22 адамның куәлігінен айырылғанын растады. Үш іс жабылған, ал тоғызы әлі қаралып жатыр.
Сот жағдайын ескеріп үш жүргізушіні ғана жазаламаған. Олардың бірі – әйелін перзентханаға апара жатқан, екіншісі қатерлі ісікке шалдыққан адам, үшіншісінің жанында сал ауруына (ДЦП) шалдыққан баласы болған.
– Біз заң талабын орындадық. «Тоқтаусыз ағылып жатқан көлік ағыны кесірінен сол қапталдан айналып өте алмадық» деп жүргізушілердің бәрі кінәларын мойындады. Заң бабында бір жылға көлік жүргізу құқынан айырудан бөлек балама жаза қарастырылмағандықтан, мұны ескере алмаймыз. Заңды әрі негізделген шешім шығардық, – дейді Ғалымжан Ищанов.
Әкімшілік сот төрағасы облыс ішкі істер департаменті бастығының атына жол полицейлері жол-көлік оқиғасы болған жерге көпке дейін – төрт сағат кешігіп келгеніне қатысты ескерту жасады. Судьяның пікірінше, соқтығысқан көліктерді айналып өтуді полицейлер ұйымдастыруы тиіс болған.
Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мүсілім Жәрдемовтің айтуынша, заң қандай жағдай болса да жол ортасындағы тұтас қос сызықты кесіп өтуге тыйым салынады.
– Адамдардың жапа шеккенін мойындаймын. Егер тиісті арыз түссе, мән-жайды тексереміз, – деді ол Азаттыққа берген комментарийінде.
Жүргізушілердің көбі жоғары деңгейдегі сот инстанцияларына апелляциялық шағым жолдаған.
Биыл қабылданған «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң жол ережесін бұзған жүргізушілерді жазалау шараларының күшейткені үшін қоғамда талай сыналған. Бұрын қарсы жолға шығып кеткені үшін көлік жүргізушісіне айыппұл салынатын, енді олар бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.