Accessibility links

Ош жаңа жыл мерекесінде отшашу атпайды


Ош қаласының тұрғыны Тимур Калдосов маусым оқиғасы кезінде өртеніп кеткен үйін қайта тұрғызып алды. Ош, желтоқсан, 2010 жыл.
Ош қаласының тұрғыны Тимур Калдосов маусым оқиғасы кезінде өртеніп кеткен үйін қайта тұрғызып алды. Ош, желтоқсан, 2010 жыл.

Биыл Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында жаңа жыл мерекесіне байланысты біраз шектеу қойылды. Қала басшылығы қауіпсіздікті алға тартып, қоғамдық жиындар өткізуге, отшашу атуға тыйым салып отыр.

Биыл Ошта жаңа жыл мерекесіне арналған отшашу болмайды. Қырғызстанның оңтүстігіндегі қала басшылығы мейрамханаларда, қоғамдық орындарда мерекелік шаралар өткізуге тыйым салды.

Ош қаласының әкімдігі «тұрғындардың қауіпсіздіктерін ойлағандықтан осындай шешім қабылдадық» дегенді айтады. Бірақ бұл шектеулер маусым айында этникалық қырғыздар мен азшылық өзбектер арасында болған қанды қақтығысты бастан кешкен тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.

Азаттық радиосының қырғыз қызметіне сұқбат берген Венера (толық аты-жөнін атаудан бас тартты):

– Билік өкілдерінің жаңа жылды көп болып тойлауға, бір жерге жиналуға тыйым салып жатқаны шошытады. Жұрт бұдан күдіктеніп, «қоғамдық мерекелерге шектеу енгізетіндей үлкен бір қауіп бар ма?» деп отыр, – деген пікірін айтады.

Ош қаласының әкімі Мелис Мырзакматов. Ош, 20 тамыз 2010 жыл.
Қырғыз билігі расында да қалаға қауіп-қатер төніп тұр деп біледі. Жуықта Ош қаласынан және оның маңынан екі бірдей қару қоймасы табылған. Содан бері аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тексерулер көбейіп кетті. Билік өкілдері шетелде байланысы бар экстремистерді «елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатыр, оңтүстіктегі этникалық өзбектер арасында арандатушылық жасамақ» деп айыптады.

Ош қаласының әкімі Мелис Мырзакматов жаңа жыл мерекесі күндері террорлық шабуылдар болуы мүмкін екенін ескертті. Ол Азаттықтың қырғыз қызметіне берген сұхбатында қалада жаңадан қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтты.

– «Жаңа жыл мейрамы кезінде шабуылдар болуы мүмкін» деген қауесет сөздер, Ош пен Бішкектегі жарылыстар осындай қауіпсіздік шараларын күшейтуге басты себеп болды. Менің ойымша, бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы. Сондықтан осылай етуге мәжбүр болдық, – дейді Мырзакматов.

ОШ АРАНДАТУДАН АДА БОЛУЫ КЕРЕК

Ош басшылығы «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» дейді. Қала әкімі Мырзакматов «тұрғындар әдеттен тыс тексерулерге қарап қорықпасын» дегенді айтты:

– Бұл жерде мәселе ұлтаралық араздық емес. Ең маңызды мәселе – халыққа үрікпеуді, арандатуға ермей тыныш отыруды үйрету. Оштағы осындай қауіпсіздік операциялары біразға созылады.

Азаттықтың қырғыз қызметінің Оштағы тілшісі Ернист Нурматов «сырт қарағанда қалада бәрі тыныш сияқты көрінеді, тұрғындар күнделікті тіршілігімен жүріп жатыр» деп хабарлады.

Журналист Нурматов қаладағы түрлі этникалық топтар әлі де бір-біріне күмәнмен қарайтын кезде, толық сенім орнамай отырған шақта тараған түрлі алып-қашпа сөздер тұрғындар мазасын кетіріп отырғанын айтады.

Қырғызстан президенті Роза Отунбаева елде өте күрделі мәселелер әлі де бар екенін мойындап, осы аптада құрылған жаңа одақтас үкімет халықты біріктірудің жолын табар деген үмітін жеткізді.

Отунбаева желтоқсанның 20-сы күні Бішкекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылуына арналған салтанатты шара кезінде «комитеттің басым бағыттарының бірі – оңтүстікте ұлтаралық бейбітшілікті сақтап, бұл аймақты тұрақсыздандырып отырған жағдайды анықтау» деді.

ЖАПА ШЕККЕН КІМ?

Жергілікті тұрғындар мен халықаралық адам құқын қорғаушы топтар Ош, Жалал-Абад облыстарындағы полицияның тексеруі кезінде этникалық өзбектердің басты нысана болғанын айтады.

Amnesty International ұйымы жақында ғана оңтүстіктегі маусым оқиғаларына қатысты сотқа тартылғандардың басым бөлігі этникалық өзбектер екеніне алаңдаушылық танытты.

Ал қырғыз билігі қамауға алынып, сотқа тартылғандардың этникалық тегіне қарамағандарын алға тартады. Олар «заң алдында бәрі бірдей» деді.

Қырғызстан омбудсмені Турсунбек Акун таяуда маусым оқиғаларына қатысты жариялаған хабарында қақтығысқа себеп болды деп бірқатар өзбек қауымдастығының жетекшілерін кінәлады. Олардың бірі, бұрынғы заңгер Қодиржон Батыров өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Желтоқсан айында Ош қаласындағы мешіттің бес имамы (басқа да айыптармен қатар) дәстүрлі емес ислам дінін насихаттады деген айыппен қызметтерінен алынды. Тағы бір имам жастарды террорлық топтарға тартып жатыр деген айыппен қамалды. Бірақ билік ол имамдардың ұлты жайында ештеңе айтпады.
Жәбірленген Ош тұрғыны Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қырғыз редакциясына сұхбат берді.

Соңғы кездері тараған, «өзбек қыздарын алып қашып, зорлап кетіпті» деген хабарлар Ош тұрғындары арасында бір-біріне деген сенімсіздікті күшейтті. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, қаладағы 16 мен 18 жастағы бірнеше өзбек қыздарын үйлерінен басып әкеткен. Кейін оларды зорлап, шаштарын қырып, жартылай жалаңаш күйі көшеге тастап кеткен.

Ош полициясы 4 өзбек қызының жоғалғанын айтып, жақындарының хабарласқанын растады. Бірақ полиция «оларды ұрлап әкетті, зорлады» дегенді жоққа шығарады. Қалалық полиция басқармасы «бұлардың, ең кемінде, біреуі үйінен өз еркімен кетіп қалып, «мені алып қашты» дегенді ойлап тапқан» дейді.

Қырғыз құқық қорғаушысы Азиза Абудрасулова сондай төрт істі билік өкілдеріне бергенін айтады. Жергілікті құқық қорғаушы Равшан Гарипов «жапа шеккен өзбек қыздары биліктің қысымымен шағымдарын қайтарып алуы мүмкін» дейді.

Ош қаласындағы осындай оқиғалар, тексерулер, қала басшылығының «террорлық шабуылдар болуы мүмкін» деген ескертулері қырғыз бен өзбек тұрғындарын мазасыз күйге түсіріп отыр.
XS
SM
MD
LG