Өзін «Айна» деп таныстырған қала тұрғындарының бірін Азаттық тілшісі Абылай хан мен Әйтеке би көшелері қиылысындағы паркомат жанында жолықтырды. «Ақылы тұрақ қалтасына ауыр тиіп жүргенін айтқан» Айна:
- Осы маңдағы оқу орнында жұмыс істеймін. Ол мекемеде автотұрақ бар. Бірақ онда бастықтардың көлігі тұрады. Біз ақылы тұраққа қоюға мәжбүрміз. Әр күні әрқалай. Кей күні 300 теңге, кей күні 700 теңгеге дейін төлеп кетемін, - дейді. Айнаның айтуынша, «орта есеппен алғанда, жалақысының төрттен бірі автотұраққа кетеді».
ПАРКОМАТТЫ ТАБУ ЖӘНЕ ҚОСУ ХИКАЯСЫ
«Ақысы ештеңе емес» дейді сөзге араласқан Қанат есімді тағы бір қала тұрғыны.
- Бірнеше күн бұрын Сейфуллин мен Мақатаев көшелері қиылысы маңындағы ақылы тұраққа тоқтадым. 15 минут айналып, қайта шыққан соң ақша төлейтін паркоматты таба алсамшы. Сейфуллин, Наурызбай және Чайковский көшелерінің бойын ерсілі-қарсылы жаяу кездім. Сөйтсем паркомат екі көше ары – Желтоқсан мен Мақатаевтың қиылысар тұсында екен. Тақтайшаларында көрсете салса болады ғой. Жарты сағаттай уақытым кетті. Оның өзі (паркоматты айтады - ред.) ағаштың қалқасында тұр. Көзі нашар адам тіпті таба алмайды, - деген ол «тақтайшада көрсетілген телефонға бірнеше рет қоңырау шалғанымен, ешкімнің көтермегенін, одан ары полицияға хабарласқанын, олардың «паркоматқа қатыстары жоқ екенін айтып ат-тондарын ала қашқанын» түгел сөз етті.
- Полицияны да мазалап жүріп әрең тапқан паркоматым істемейді екен. Паркоматты шұқылауға жиналған адамның қарасы мол болды. Қосылып келе жатып өшіп қала береді. Ақыры 20 минутта әрең іске қосылды, - деген Қанат паркоматтың қосылуын күте-күте шыдамай бес-алты адамның кетіп қалғанын да айтты.
- Бір сағатқа жуық уақытым тек паркоматты табуға, оны қосуға кетті. Шындығында көлігім 15 минут қана тұруы тиіс еді. Сонда мен қанша уақытқа ақша төлеуім керек. Ал әлгі паркомат қосылуын күте-күте кетіп қалған адамдар айыппұл төлей ме? - дейді Қанат иығын көтеріп.
«КӨШЕДЕ МЕКЕМЕЛЕР ОРНАЛАСҚАНЫ ЕСКЕРІЛМЕГЕН»
Ал журналист Жұлдыз Әбділда «ақылы тұрақтар ыңғайсыздықты көбейтіп жіберді» дейді.
- Бұл көлігін бір-екі сағат қоятын адамдар үшін тиімді болуы мүмкін. Ал таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейтін адамдар бар. Оларға өте тиімсіз. Мысалы, мен жұма күні 12 сағат жұмыс істеймін. Сол күні 1200 теңге төлеуге мәжбүрмін (сағатына 100 теңге - ред.), - дейді ол.
Жұлдыз Желтоқсан көшесіндегі мекемелердің бірінде жұмыс істейді.
- Бұрын көшенің екі жағына да көлік қоюға рұқсат еді. Қазір бір жағы ақылы, екінші жағына тыйым салды. Ал ол жерде (Абай мен Сәтбаев көшесінің аралығы – авт.) банк, телевидение, басқа да мекемелер бар. Көбі қала сыртынан көлікпен келеді. Кейде тұрақ іздеп жарты сағат жүреміз. Ақылы тұрақ жасағанда мекемелерді де ескерген жөн, - дейді ол.
Жұлдыздың айтуынша, ақылы тұрақ көбейгелі жұрт көлігін аулаларға қоя бастаған. Соның кесірінен қазір аулаларға көлік толып қалған.
Азаттық тілшісі қала тұрғындарының осы тақілеттес шағымдарынан қайталана айтылған бірнеше мәселе байқады. Олар – «сағатына 100 теңге төлеу көлігін ұзақты күн қоятындар үшін ауыр» екені, «паркоматтар аздығы және қашықтығы», «паркомат орналасқан жердің сызбасының бломауы», «тегін тұрақтардың қысқарғаны».
«АЛМАТЫ ПАРКИНГ» ПЕН БИЛІКТІҢ УӘЖІ
Ақылы тұрақтардың тұрғындар қалтасына ауыр тиіп жатқаны мен оны пайдаланудың қолайсыздықтары туралы сауалдармен Азаттық тілшісі «Алматы паркинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) хабарласқан еді. Өзін «Әсем» деп қана таныстырған қызметкер жұмыс орны ақылы тұрақтар аймағында орналасқан адамдардың шағымы туралы сауалға:
Егер сол тұрақ аймағына бір айға абонемент алсаңыз, бірнеше көшеде бір ай көлігіңізді қоя аласыз. Егер демалыс күнімен есептесеңіз, күніне 200-300 теңгедей ғана болады.
- Оларға абонементтік жүйе қарастырылған. Бір тұрақ аймағына бір мәшинеге айына алты мың теңге. Мысалы, қазір 1004 тұрақ аймағы ашылып жатыр, бірнеше көшені қамтиды. Егер сол тұрақ аймағына бір айға абонемент алсаңыз, бірнеше көшеде бір ай көлігіңізді қоя аласыз. Егер демалыс күнімен есептесеңіз, күніне 200-300 теңгедей ғана болады, - деді «Алматы паркинг» қызметкері.
Ал ақылы тұрақтар аймағында тұратын адамдар алты айға абонемент ала алады. Оның құны жарты жылға – 6 мың теңге.
«Алматы паркинг» қызметкері «көшелердегі ескерту тақтайшасына түрлі ақпарат жазуға көп орын кететінін» айтады. Азаттық тілшісінің басқа сұрақтарына ол «барлық ақпарат сайтымызда тұр» деп жауап қатты.
Ал www.aparking.kz сайтындағы ақпарат тұрақ құны мен айыппұл мөлшерінің қалай анықталғанына, қандай есеппен шығарылғанына толық жауап бермейді. Онда «Тұрақ құны Алматы қаласы әкімдігінің 11 тамыздағы 2016 жылғы № 3/375 қаулысына сәйкес анықталған» деп қана жазылған. Есесіне көлігіңізді тұраққа қойған соң 15 минут ішінде ақысын төлеуге тиіс екеніңіз, төлемесеңіз 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (7 мың теңгеге жуық қаражат, 20 доллар шамасы- ред) айыппұл төлейтініңіз ескертілген.
Ақылы тұрақтар аймағында тұратын адамдар алты айға абонемент ала алады. Оның құны жарты жылға – 6 мың теңге.
Азаттық тілшісі мұнан соң Алматы қалалық әкімдігіне сауалхат жолдаған болатын. Әкімдіктен айыппұл мөлшеріне қатысты «ҚР КоАП 594 тармағының 4-1 бабына орай 3 айлық жалақы көлеміндегі айыппұлды құзырлы орган ретінде Алматы қаласы ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы белгілейді» (әкімдік жауабының стилистикасы толық сақталды – ред.) деген жауап келді.
Ал ақылы тұрақтарды пайдаланудың қолайсыздығы және қай көшелерге орналастыруды анықтаудың заңдық негізі туралы сауалдарға әкімдік хатында «Ақылы көлік тұрағын ұйымдастыру Алматы әкімдігінің 2011 жылғы 14 қарашадағы №4/974 «Алматы қаласындағы көлік тұрағын орналастыру Еережелері» қаулыларына сай жүзеге асады» деп қана жауап берілген. «Ақылы тұрақтардың нақты шекарасын «СМЭУ Алматы»ЖШС мен «Алматыспецтехпаркинг» ЖШС мердігерлік ұйымдары белгілейді».
Әкімдік ақылы тұрақтар «қаланың негізгі көшелерінің 10 пайызын ғана қамтитынын» ескертіп, «оларды енгізу аясында бюджетке түсетін төлемдер 38 миллион теңгеден 190 миллион теңгеге дейін, яғни 5 есе көбейгенін» баяндаған.
Алматы қаласы көшелерінде ақылы автотұрақтарды орналастыру жұмысы 2016 жылы шілденің 27-сінен басталған болатын. Ақылы автотұрақ картасын мына сілтемеден көре аласыз.