Accessibility links

Қара Бура мен Сары Атан


Жаңаөзен қаласы маңында жайылып жүрген түйелер (uz.eugk.com сайтынан алынған көрнекі сурет).
Жаңаөзен қаласы маңында жайылып жүрген түйелер (uz.eugk.com сайтынан алынған көрнекі сурет).

Жаралы бура – Қаралы Бура жүдеген,
Құлағын тіліп, шудасын жұлып, күзеген.
Мұрынын тесіп, мұрындық тыққан жыңғылдан,
Сіңірін кесіп, тұра алмастай қып тізеген...

«Желтоқсан келсе, жарайды қалай бұл қайта,
Жанына түскен жараның ізін ұлғайта?!» –
Қаруын кезеп, қотыраш топ тұр түсінбей:
«Жиырма бес жылда сағы бір тіпті сынбайды, ә?!»

Бурадан қорқып, шайлығып қалған жүрегі,
Ішінде үрей, өтірік сырттай күледі.
Сап-сары жібек мойнына таққан Сары Атан –
Қотыраш топтың көтерген көкке Пірі еді...

«Нұрланған Атан, Нұр Атан!» – болып ұраны,
Қотыраш топтың жастыққа тимей құлағы
Сүйрелеп тартып, жеткізді бүгін бәйгіге –
Күл жақта боздап, көп жетім бота жылады...

Ал Бура жатыр қаралы қалпы, қансырап,
Жанашыр жан жоқ жанына келер хәл сұрап.
«Қазағым, халқым, бірігер кезде біреу жоқ,
Араздық пенен Ас жеуге келсе – аншлаг…

Атан болмауға ант беріп тапқан азабым,
Қансырап жатып, жарамды өзім жазамын.
Ұмыттың қалай: «Алпыс күн атан болғанша
Алты күн бура бол!» демеп пе еді, қазағым?!»

...Жаралы бура – Қаралы Бура сең соққан,
Қамығып жатыр, сағынып жатыр аңсап таң.
Қуамыз қашан қотыраш топты шаршатқан,
Келесің қашан, жеңесің қашан, Желтоқсан!

Қазбек Құттымұратұлы

Орал қаласы
17.01.2012
XS
SM
MD
LG