Accessibility links

Әкімдік «бензин жетеді» деп сендіруге бейіл


Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанармай тапшылығынан сақтанған Қазақстан көршілерінен бензин алудан үмітті. Ал жергілікті экономист бұл жоспардан қайыр күтпейді.

Қазанның 31-і күні Алматы қаласы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасы «қаладағы бензин қоры бес күнге ғана жетеді» деген мәліметті жоққа шығарды.

Бүгін бірқатар ақпарат құралдары (БАҚ) басқарма бастығының орынбасары Дәулет Еркімбаевқа сілтеме жасай отырып, «Алматыда бес күндік бензин қоры ғана қалғанын» хабарлаған еді.

– БАҚ хабарланған ақпаратта түсініспеушілік кеткен. Егер компаниялардың бензин қоры таусылып, ешқандай мүмкіншілік болмай қалды деген жағдайдың өзінде Алматы қаласындағы бензин қоры бес күнге дейін толық жетеді. «Қазмұнайгаз», Helios және Sinoil компаниясына тиесілі жанармай бекеттері бензиннің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Олардың қорларында бензин жеткілікті, тек тасымалдаушы көліктердің кешігу салдарынан станцияларда жетіспей жатыр, – деді кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Азаттық тілшісіне.

РЕСЕЙ, ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ БЕНЗИНІ

Өткен аптада Қазақстан энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин елдің Әзербайжаннан бензин тасымалдайтынын хабарлаған соң «Қазақстанның бензин қоры таусылып, өзге елдерден жанармай сұрап жатыр» деген қауіп айтушылар жиілей бастады.

Қазақстан энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.
Қазақстан энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.

«Әзербайжанмен [бензин тасымалдау жайлы] келісімдеріміз де бар. Келесі аптада келеді деп күтіп отырмыз. Мүмкін, алғашқы лек бойынша шамамен 5 мың тонна келетін шығар. Ал әрі қарай келісеміз» деген еді Қарабалин.

Энергетика вице-министрі Қазақстанның ішкі нарықтағы бензин тапшылығын Түркіменстаннан әкелетін бензинмен толтыру жағы да қарастырылып жатқанын айтқан.

Ұзақбай Қарабалин бұған дейін Ресеймен де бензин келісімі жасалып жатқанын, ол елден келетін мұнай өнімдеріне шектеу алынып тасталуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Ол Қазақстанның АИ-92 бензиніне деген 10 күндік сұранысын қамтамасыз ететін 50 мың тонналық тұрақтандыру қорын құру жоспары барын жария еткен.

Бірақ осы аптада Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR мұнай компаниясы «Қазақстан жағынан ондай ұсыныс бар» екенін айтқанымен, әзербайжан бензині ішкі нарығынан артылмайтынын хабарлады. «Қазірге дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасында бензин тасымалдау жөнінде ресми келісім жасалған жоқ» деп мәлімдеді компанияның баспасөз хатшысы Низамеддин Гулиев ақпарат құралдарына.

Азаттық тілшісі қазанның 31-і күні Түркіменстанның ресми орындарына хабарласып, Қазақстанға бензин берер-бермесін сұрағанымен, ешбір мекемеден мардымды жауап ала алмады.

Бұл мәселеге орай Қазақстанның энергетика министрлігінен де шұғыл ақпарат ала алмадық.

«ҚАЗАҚСТАН КАНИСТР ҰСТАП ЖҮР»

Экономист Сергей Смирнов «Қазақстан билігі елде бензин тапшылығын болғызбау мәселесін екі түрлі жолмен шешуге тырысып жатыр» деп сипаттайды.

Жанармай бекеттерінің біріндегі АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. Алматы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанармай бекеттерінің біріндегі АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. Алматы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Біріншісі – бензин бойынша импорт аймағын кеңейту, екіншісі – АИ-92 маркалы бензиннің 50 мың тонналық қорын құру. Қазір Қазақстан билігі канистр ұстап алып көрші елдерді аралап, «Кім қанша береді?» бензин сұрап жүр. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді. Қазақстан Әзербайжаннан тіпті 10 мың тонна бензин алуға келіссе де, ол бензин екі-ақ күнге жетеді, – деді экономист.

Сарапшының айтуынша, «бензин тапшылығы» ауруымен баяғыдан бері ауырып келе жатқан Қазақстан көрші елдердің импортына сеніп, мәселені жүйелі түрде шеше алмай отыр».

– Билік мұнай өңдейтін зауыттарды жаңалау процессін созып, өзін өзі тығырыққа тіреді. Президент Назарбаев 2010 жылғы жолдауында «мұнай өңдейтін зауыттарды жаңалау процесі 2014 жылға дейін бітуі тиіс» деген еді. Бірақ 2014 жыл бітуге тақағанымен модернизацияның шегі де көрінбейді, – деді Сергей Смирнов.

Экономист биылғы егін жинау маусымы аяқталғандықтан жыл соңына дейін бензин қымбаттамайтынын, бірақ тапшы бола беретінін айтады.

Жанармай бекеттерінің біріндегі бензин бағасы. Алматы, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанармай бекеттерінің біріндегі бензин бағасы. Алматы, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– 2015 жылдың көктемінде Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт [жаңғыртуға байланысты] уақытша тоқтап, егін егу маусымы басталған кезде бензин тапшылығы мәселесі ушығып, жанармай қымбаттауы мүмкін, – дейді Сергей Смирнов.

Қазақстанда биыл жаздан бастап әуелі халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы, кейін АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқалып, жанармай қымбаттай бастаған еді.

Қазақстан энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрбек Амангелдіұлы Азаттыққа берген сұхбатында бензин тапшылығының бір себебі «ішкі нарықтағы сұраныстың 30-40 пайызы сырттан келетін өнімге тәуелділігі» екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан бензин тапшылығынан 2017 жылы – Атырау, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртудан толық өткен соң ғана құтылады.

Статистика бойынша, елде бензинге сұраныс көлемі жылына 2,8 миллион тоннаны құрайды, ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары оның 1,8 миллион тоннасын ғана өндіреді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG