Accessibility links

«Октябрь төңкерісі» көрмесінен дау шықты


Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіндегі Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына арналған көрмеге келген қала тұрғындары. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіндегі Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына арналған көрмеге келген қала тұрғындары. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.

Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейінде Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына арналған көрмесі өтіп жатыр. Жергілікті белсенді Өмір Есқали «Оны салтанатты түрде өткізбек болған. Біздің қарсылығымыздан жасқанып, ақыры қатардағы көрме жасады» дейді. Ал музей басшылары шараны «салтанатты түрде аша алмағандарын» растайды, бірақ оны Петропавлда өткен дельфи ойындарымен байланыстырады.

«КӨҢІЛІМІЗГЕ ҚАЯУ ТҮСТІ»

Петропавлдық белсенді Өмір Есқали «Октябрь төңкерісінің 100 жылдығы» құрметіне ұйымдастырылған көрменің өтуіне қарсы. Оның уәжіне қарағанда, «биыл «Алаш» қозғалысына (жетекшісі Әлихан Бөкейханов болған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін айтады – ред.) 100 жыл толды, бірақ Солтүстік Қазақстан облысында бұл мерейтойлық дата шет қалған», ал «Октябрь төңкерісінің қазақ тарихына аса қатысы жоқ»

Жергілікті белсенді Өмір Есқали. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.
Жергілікті белсенді Өмір Есқали. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.

- Осыны құдды бір мереке санайды. Жастар келсе, көреді де «Октябрь революциясы керемет болған екен ғой» дейді. Көрмеде оны керемет қылып насихаттап қойған, - дейді белсенді.

КЕЙ АДАМДАР ОКТЯБРЬ ТӨҢКЕРІСІН НЕГЕ ЖАҚТЫРМАЙДЫ?

Өмір Есқали Октябрь революциясының көрмесін салтанатты түрде өткізуге қарсылық ретінде қандай әрекеттерге барғанын айтып берді. Белсенді шараны ұйымдастырушылармен «қатты-қатты сөйлесуге мәжбүр болған», «баратын жерлерге барған». Бірақ ол шағым айтып барған жерлері туралы егжей-тегжейлі сөйлемеді.

«Алаш» партиясы

"Алаш" һәм "Алашорда"

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

- «Алаш» партиясы қайраткерлерінің 100 жылдығы жылдың басында толып кетті. Осы айтулы мерекені атап өтпей, Октябрь революциясының 100 жылдығына байланысты көрме өткізу көңілімізге қаяу түсірді. Біз [музей] бастығымен қатты-қатты сөйлесуге мәжбүр болдық. Бізге мәлім болғандай, көрмені шоу түрінде, салтанатты рәсім етіп өткізбек болған. Қарсы пікірімізден жасқанды ма, қатардағы көрме етіп жасады, - дейді белсенді.

Азаттық тілшісі Октябрь төңкерісіне арналған «қатардағы көрмеге» де барып, шараны көруге келген қала тұрғындарымен әңгімелескен еді. Петропавлдықтар арасында мұндай көрмені қолдаушылар да, «Алашорда көрмесін қатар өткізу керек еді» дегендер де табылды.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы Верныйда совет үкіметі қалай орнады

Аты-жөнін атамаған бір көрермен «Менің ойымша бұл көрме ұйымдастырушылардың салғырттығы - революция мен «Алашорда» тарихын бірдей көрсету қажет деп ойлаймын» десе, көрмені тамашалауға келген тағы бір азамат Октябрь төңкерісінің тарихын көрсеткенде тұрған ештеңе жоқ екенін айтады.

- Патшаны тақтан құлатып, қарапайым халық билікке келді. Тарихты білу керек. Тарихын білмеген кісі, елін де, өзін де танымайды деген сөз. Мұндайды да көру керек, - дейді ол.

«ОКТЯБРЬ РЕВОЛЮЦИЯСЫ ДА ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ»

Азаттық тілшісі Солтүстік Қазақстан тарихи - өлкетану музейінің директорын іздеген еді. Бірақ ол жұмыс орнында болмай шықты. Ал музей бастығының орынбасары Еркен Шаукенов көрмені салтанатты түрде ашу жоспары болғанын растады. Алайда оның сөзіне қарағанда, жоспардың іске аспай қалуына белсенділердің қатысы жоқ, «қалада Дельфи ойындары өтіп жатқандықтан, мүмкіндік болмай қалған».

Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіндегі Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына арналған көрмеге қойылған қару-жарақ. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіндегі Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына арналған көрмеге қойылған қару-жарақ. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.

- Біз барлық көрмелерді салтанатты түрде ашуға тырысамыз. Техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты бұл көрмені салтанатты түрде аша алмадық. Бірақ жоспарда болды, - дейді ол.

Еркен Шаукеновтің пікірінше, «Октябрь төңкерісі де Қазақстанда тұратын адамдардың тарихы, яғни Қазақстан тарихы».

- Көрме сол уақытта біздің облыста болған оқиғалар жайында баяндайды және қатысқан адамдардың тарихын қамтиды. Оларды көрсетпеуге қақымыз жоқ деп ойлаймыз. Бұл Қазақстанда тұратын адамдардың тарихы. Яғни, Қазақстан тарихы, - дейді Шаукенов.

Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіне кіріп бара жатқан қала тұрғындары. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіне кіріп бара жатқан қала тұрғындары. Петропавл, 16 қараша 2017 жыл.

Қарашаның 8-і күні ашылған көрме келесі аптада жабылады. Оған Солтүстік Қазақстан облысында совет үкіметін орнатуға қатысқан белсенділердің суреттері, архивтік құжаттар, заттай экспонаттар – сол жылдары қолданылған түрлі мылтық, пулеметтер қойылған.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Алаш» қозғалысының тарихын да көрсететін тарихи суреттер мен құжаттар бар. Олар көрмедегі арнайы бұрышқа қойылған. Музей басшыларының сөзінше, келесі айда «Алаш» қайраткерлеріне арналған көрме де ұйымдастырылады. Оның мерзімі Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңына белгіленген.

Мекеме дерегінше, жыл басынан бері мұражайда 40-қа жуық көрме өтіп, оны 90 мыңдай адам тамашалаған.

XS
SM
MD
LG