МАҒЖАНДЫ АЛҒАШ ТАНУЫМ
1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ерекше бір дүрбелең басталды. Азаттықты аңсап алаңға шығып ұсталып қалған жастардың бәрі аяусыз жазаланып, мемлекет басшысы Дінмұхаммед Қонаевпен жақсы қарым-қатынаста болған елдегі азаматтар қара тізімге ілігіп, жауапқа тартылып, қызметтерінен алынып, жұмыстарынан босатылып жатты.
Бір күні әкем үйге жұмысынан көңілсіз оралды. Әшейінде көзі күлімдеп, ақша бұлттай жарқырап жүретін әкемнің жүзі тұнжырап, қабағы түсіп кетіпті. Жүрегінде көңіл-күйін құлазытқан бір қайғының бар екенін үйге кірген бетте сездім. Інім Мағжан ойнап кеткен, шешем әлі жұмыстан келе қоймаған еді.
Әкем екеуміз ас бөлмеге кіріп, біраз уақыт үнсіз отырып шәйімізді іштік. Сүт пісірім уақыттан соң көңіл-күйінің неге алғаржақтанып тұрғанын сездіргісі келгендей әкем екеумізге де ұнамай тұрған үнсіздікті өзі бұзды:
– Олжастың жағдайы қиын. Дінмұхамед Қонаев туралы фильм түсіргенсің, соның сүйікті адамдарының бірі болғансың деп, әркім бір тиісіп жатыр, – деді әкем көңілінің неліктен құлазып қалғанын білдіріп.
– Олжас кім көрінгенге жалынан ұстата қояр ма екен? – дедім мен.
– Жалғыз ғой, – деді әкем әңгімесін әрі қарай жалғастырып. – Мұқағали айтпақшы – ұлы ақындардың бәрі жалғыз. Абай, Мағжан, Олжас, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен – бәрі-бәрі жалғыз.
– Мағжан деген кім? – дедім, бұрын-соңды әдебиеттен мұндай есімді кездестірмеген мен аң-таң қалып.
– Амангелді, сенің ақылың бар ғой. Ешкімге айтып қойма, мен партийныймын ғой. Мағжан Жұмабаев деген қазақтың ұлы ақыны болған. Ұлым Мағжанның атын сол ақынның есімінен еншілеп қойғанмын. Кезінде досым Жарасқан Әбдірашевқа көптеген лирикалық өлеңдеріне бола «Мағжанның құйыршығы» деген айдар тағылып, оның басын дау-дамайдан әзер құтқарып қалғанбыз.
Мен сол күні өмірімде бірінші рет шығармаларын оқуға тыйым салынған ақындардың да болатынын алғаш естіп, таң қалдым.
АҚТАЛУ
Әкем Алаш арыстары, қазақ әдебиетінің сом діңгектері Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектердің, әсіресе поэзия патшасы Мағжан Жұмабаевтың ақталуын асыға, әрі сағына күтті. Әскерде жүрген маған жазған соңғы хатында:
«Биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы – Шәкәрім Құдайбердиев деген үлкен ақын ақталды. Абайдың шәкірті, Абай ауылында туған. Мен Семейдегі тойына барып қайттым.
Алдағы үлкен үміт – Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов (торғайлық, «Ақкөл» совхозынан шыққан, отец мировой тюркологии болған), Жүсіпбек Аймауытов – драматург, осы үшеуі ақтала ма деген үміттеміз. Правительственная комиссия құрылып, мәселелері қаралып жатыр», – деген қуанышты хабарды, жүрегі жарыла жаздап жеткізген еді.
Өкінішке қарай, әкем Мағжанның ресми түрде ақталғанын көре алмай кетті. Алайда ол үкімет қаулысын күтпей-ақ Мағжан. Ахмет, Жүсіпбектер туралы «Олар халқына қайтып оралды» деген мақала жазып, оны өзі жұмыс істейтін «Парасат» журналына жариялап жіберді.
Әкем Мағжан Жұмабаевтың шығармаларымен жас кезінде танысқан. Мағжанның өлеңдерін Торғайдан шыққан үлкен ақын, атақты академик Қаныш Сәтпаевтың күйеу баласы Қайнекей Жармағамбетовтен алып оқығанын кейін білдім.
Екінші ұлының атын Мағжан деп қоюға ақыл-кеңес берген де сол кісі екен. Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ поэзиясындағы баллада жанрының негізін қалаған Қайнекей Жармағамбетов өте көп оқыған, білімді азамат болған.
ӨЛІМНІҢ БӘРІ БІРДЕЙ МЕ?
Ақын Кеңшілік Мырзабековтың поэзиясынан жыр шайыры Мағжан Жұмабаев шығармашылығына тән үндестік айрықша сезіледі. Екі ақынның тағдыры мен өнердегі мінезінде де ұқсастықтар мен үндестіктер жетіп артылады.
Кеңшілік те өлең өлкесіне Мағжан секілді салғаннан өз қолтаңбасын танытып келген ақын. Мағжанның өлеңдері қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, жазушы Ғалымжан Ибрагимовтың қатты толғантады. Әйгілі жазушы 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жасар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтіреді:
Кең дала көресің ғой мынау жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне сол анам еді мені тапқан.
Кеңшілік Мырзабеков та қазақ поэзиясына құбылыс болып келді. Жазушы Болат Бодаубаев 1971 жылы шыққан кітабына Кеңшіліктің 16 жасында жазған бір өлеңінің сегіз шумағын эпиграф етіп алған еді:
Өлара мезгіл... он алты жаста едік біз,
Өлара өтсе өруге жүрген елікпіз.
Сансыз табандар сарсылған дүние, сені біз,
Тауыса алмаспыз, «армансыз кезсек» дедік біз.
Жалғыз да жарым жорытпай жайық жапанға,
Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма?
Қырық құбылып Құралай ертең өткен соң,
Құлындай ойнап шығамыз біз де сапарға.
Бұл екі ақынның тағдырындағы ұқсастық. Ал Мағжан мен Кеңшіліктің өнердегі мінездерінде де бірін-бірі толықтыратын үндестіктер мол. Соның бірі өлеңдегі мінез.
Мағжан ауыздығымен алысқан асау ақын. Ол көктегі Тәңірден басқа ешкімді мойындамайды, дүние-жалғанға асқақ қарайды.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?
Мағжан ақынның табиғатындағы осы мінезді Кеңшіліктен де көреміз. Дүние-сарайының кең екеніне кәміл сенген Кеңшілік ақынның бойында да жұрттың бәрі секілді болуға көнгісі келмейтін тарпаңдық бар:
Табаным талай шоқ басып,
Қып-қызыл отқа күйді ерін.
Тарпаң ем тағдыр ноқтасын.
Салғызбай басқа сүйредім.
Кеңшіліктің жыр кестесіндегі ою-өрнектерге назар аударыңыз. Мағжанның интимдік лирикасындағы өлімді мойындағысы келмейтін тәкәппар мінез Кеңшілік поэзиясына да тән. Егер де жыр шайыры Мағжан:
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді,
– деп жырласа, Кеңшілік ақын:
Өлімнің бәрі бірдей ме?
Жо-жо-жоқ, оған қарсымын.
Мен өлсем ертең гүлдейді
Тамырым мен менің талшығым
– деп, тән өлгенмен, жан өлмейтінін айтып, бұл ойды толықтырып, одан әрі тереңдете түседі.
СҮЙЕ БЕРЕМІН
Екі ақынның махаббат тақырыбын жырлауында да, әйел затына жан-тәнімен ғашық болатын жастыққа тән албырт мінездерінде де ғажайып үндестік бар. Мағжан да, Кеңшілік те бұл нәзік сезімді енесін аңсаған құлындай соншалықты беріліп, бар жан-тәнімен шынайы жырлайды.
Мағжан әйелмен сүйіскен сәтінің бір минутына дүниенің бүкіл малын айырбастығысы келмей, ғашығының балдай тәтті құшағында тұншығып өлгісі келеді.
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан-денесін бергенше,
Жан-денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем құшағымда өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң күлемін,
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан-тәнінен айырылып,
Өлед әйел, мен де бірге өлемін.
Кеңшіліктегі махаббат тақырыбын жырлаудағы қысылып-қымтырылуды білмейтін, бірақ әдепсіздікке бой алдырмайтын еркіндік те Мағжан поэзиясынан жұққан қасиет. Оның сүйегі қурап қалғанша әйел затын сүюден танбайтынын жырлап, махаббатына маңдайын сүйеп өлгенді қош көретіні де сондықтан. Кеңшіліктің махаббат майданындағы күйгелектегі де Мағжаннан аумайды. :
...Сондықтан сүйем, сол үшін сүйем сонша көп,
Мұңнан да рахат, удан да уыз тамса деп.
Сүйе алмай, налып болғаным да бар сонша әлек,
Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.
Сонда да сүйем,
Сонда да сүйе беремін.
Бәріңді сүйем... бәріңді иеленемін.
Сүйе беремін,
сүйе де сүйе шаршасам,
Махаббатыма маңдайымды сүйеп өлемін.
ОРТАҚ ҚАСІРЕТ
Екі түрлі заманда өмір сүрсе де Мағжан мен Кеңшіліктің жүректерін жаншып, азап шеккізген ортақ қасірет болды. Ол - құлдық сана мен отаршылдықтың бұғауы.
Мағжанның түбіне жеткен бір қауым бар. Ол – тобыр. Құлдық санадан арыла алмаған қара тобыр. Мағжан жұрттың бәрін бір шыбықпен айдап, бір ғана жолмен жүргізгісі келген мысық тілеулес қара тобырдың айтқанына көнгісі келмеді. Өйткені Мағжан елінің азаттығын аңсап айға атылған арыстан еді.
1923 жылдан бастап Мағжанға қарсы шабуыл қатты үдеп, шарықтау шегіне жетті. Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев сынды коммунист ақындар мен Мұқаметжан Қаратаев сынды пролетарь сыншылар тарапынан Мағжанға қарсы жүргізілген күрес те қатал болды. Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы ақынды ақтап алғысы келіп жасаған баяндамасы да аш қасқырдай алақтаған қара тобырдың екпінін тоқтата алмады. Түйсіксіз надан қара тобыр, қай кезде кімді тыңдап еді, айтпақшы.
Дәл Мағжандай болмаса да Кеңшілік ақынға да құлдық санадан арыла алмаған қара тобырдың көрсеткен азабы мен шеккізген қасіреті шаш-етектен. Көзі тірісінде «Қыз», «Ерте келген күз», «Қара тақыр», «Қашардың өлімі», «Жапырақ» секілді толып жатқан төрт құбыласы түгел өлеңдерін жариялата алмаған Кеңшілік ақынның нәзік жанын қайғы кемірді. Ақынды рухани мүгедек қылудың бұдан артық қандай амалы бар? Айтыңызшы қандай?
«Бүгіндері азды-көпті творчестволық өмірбаянымызға көз тастасақ әдебиетке тоқырау кезеңінде келген сол кездің сызы мен салқыны бойымыздан енді-енді біліне бастағандай.
Сол кезеңде талай-талай өлең, балладаларымның кездейсоқ баспа редакторларының қолымен өңделіп-жөнделіп, қысқарып-ұстарып шыққанын айтпағанда осыдан жиырма жыл бұрын жазған кішігірім бір кітаптық өлеңдерім жинақтан-жинаққа енбей жолы болмай келеді» – деп шынайы поэзияның не екенін түсінбейтін қара тобырдың мәңгүрттігінен қапаланған Кеңшілік ақын амалы тауысылып, өлерінің алдында ақ қағазға мұңын шақты.
БОЗ БИЕ
Қазақтың мойнындағы отаршылдықтың қамыты Мағжанның сорын қайнатып, жүрегін қан жылатқызды. Совет үкіметінің «жетістіктерін» жырлаудың орнына ақын тәуелсіздік таңының атпағанына қапаланды. «Мұңдылармен мұңдасып, адасса ел деп адасқан» Мағжан ақынның жаны қазақтың қамын ойлап ышқына шыңғырды.
– Қызыл шоқ жалау кімдікі?
– Кімде-кім шикі қан жұтса,
Қан аңсап жүріп шаң жұтса, –
Қызыл шоқ жалау соныкі!
Ендеше, қазақ сенікі!
– Қанды жас жалау кімдікі?
– Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса,
Қанды жас жалау соныкі,
Ендеше, қазақ сенікі!
– Өртенген жалау кімдікі?
– Кім өртенген гүлдемей,
Кім таланған, кім кедей,
Өртенген жалау соныкі, –
Ендеше, қазақ сенікі!
– Азаттық жалау кімдікі?
– Көре алмаса кім теңдік,
Тепкі көрсе кім кемдік,
Азаттық жалау соныкі, –
Ендеше, қазақ сенікі!
Мағжан поэзиясынан сусындаған Кеңшілік ақында да отансүйгіштік рухтың айбыны басым. Отанын шексіз сүйетін ақын отаршылдықтың зардабынан Қазақстанның көделі ойы мен жусанды қырының ту-талақайы шығып, жыртылып тасталғанына қапаланып, боз бие болып боздады.
Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,
Қозы лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.
Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін
Тарап әкетті тарақ табанды трактор.
Айызы қанып айбалта темір тілгілеп,
Сақталған сүр боп шым топырақтарын сүргілеп.
Құрым іңірде жарқ ете қалып құйрығы
«ХТЗлар» қытықтап қырды жүрді көп.
Қуанды қарттар жанардан тамшы мөлдіреп
«Көделі жерге көк бидай шығар болды»-деп
Боз бие біздің түн жамылып барып сол жерден
Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет.
Тың игеру науқанының қазақ даласына алып келген қайғы-қасіретін жырлаған ақын «Боз бие» балладасын он сегіз жыл бойы жариялата алмады. Бұл туралы Кеңшілік ақынның өмірінің соңғы сәтінде жазылған естелігінде мынандай жолдар бар:
«Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Тың жыртқан жыл немесе боз бие» деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең-әрең шығардым.
Ал, қазір тыңның экологиясы туралы айтып жатырмыз. Мәселе көтеріп жатырмыз. Шыбын жанымыз шырқырауда. Ал мен, мақтанғаным емес, сол проблеманы жиырма жыл бұрын бала ақын кезімде жазыппын. Бірақ дер кезінде бастыра алмадым».