Accessibility links

«Ұстатпайтын кекшілдер», Тұяқбайдың «ашуы», Қадыровтың «басуы»


Сайлау нәтижесіне наразылық білдірген оппозицияны қолдауға келген Femen ұйымының белсендісін милиция ұстап алды. Мәскеу, 9 желтоқсан 2011 жыл.
Сайлау нәтижесіне наразылық білдірген оппозицияны қолдауға келген Femen ұйымының белсендісін милиция ұстап алды. Мәскеу, 9 желтоқсан 2011 жыл.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. ҰҚК МЕН «ЖҮНД-ӘЛ-ХАЛИФАТ» – 1:0, 1:7 ЖӘНЕ 5:2

Желтоқсанның 9-ы күні атышулы «Жүнд-әл-Халифат» тағы бір мәлімдеме жасады. Өйтсек, 3 желтоқсанда Алматының түбіндегі Боралдай кентінде ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының 2 адамын өлтіріп, өздері де о дүниеге кеткен 5 адам – «Халифат сарбаздарының» сарбаздары екен.

«Сенбі, 3 желтоқсан күні биліктің тура жолдан жаңылған күштері «Жүнд-әл-Халифат» құрамындағы Захир Бейбарыс батальонының 5 арыстаны жиналған Боралдайдағы штабқа тұтқиылдан шабуыл жасады» деп «аһ ұрып» жатыр «халифатшылар».

Бұл ұйым осыған дейін Атырау мен Таразда болған террорлық шабуылдарды да өз мойындарына алған.

Қазақстан прокуратурасы Боралдайдағы күдіктілердің басшысына «террористік топ ұйымдастырды» деген айып тағылғанын айтқан. Прокуратура 7 адамды өлтірген тараздық Қариевті «жиһадшы» топтың мүшесі деп, ол оқиғаның да терроризм екенін мойындаған.

Бірақ желтоқсанның 1-і күні Алматыда ғалымдар форумында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Жуықта Таразда болған оқиғаны тексере келгенде ешқандай діни астары жоқтығы анықталды. Бұған дейін атысып жүрген бұзақылардың ісі екен» деп мәлімдеді.

Соған қарағанда Қазақстанның президенті мен прокуратурасы «терроризм» дегенді әртүрлі түсінетін сияқты. Әлде бұл терминнің
Боралдай кентіне жиналған арнайы жасақ сарбаздары. 4 желтоқсан 2011 жыл.
Боралдай кентіне жиналған арнайы жасақ сарбаздары. 4 желтоқсан 2011 жыл.
қарапайым азаматтар білуге тиіс емес «қазақстандық сипаты» бар ма?

Қарашаның 8-і күні Алматыдағы Райымбек көшесінде оққа ұшқан екі полицейдің өліміне байланысты 16 қарашада Алматы маңында бір топ ұсталғанын, 3 желтоқсанда тағы бір күдікті топ Боралдайда «жүз пайыз жойылғанын» қарапайым халық «жау кеткен соң» ғана білді.

Полицияның халыққа істеген жақсылығы сол болсын: «Мына адам – террорист. Осыдан сақ бол!» деп күдіктілердің суретін көрсетсе, одан соң Боралдайдағы Шпак көшесі сияқты, Алматыдағы Райымбек көшесі сияқты атыс болатын жерлерден аулақ жүрер едік.

Бірақ «Қазақстан – «Халифат сарбаздары» мен ҰҚК арнайы жасағының жекпе-жек соғыс алаңы емес, 16 миллион адамның жұмыс істейтін, салық төлейтін, өмір сүретін отаны болса керек еді» деп ойлап отырмын. Әйтпесе «Халифат» пен ҰҚК арасындағы «сайыс» тоқтайтын емес – 0:1, 7:1, 2:5 есебімен кетіп барады.

P.S. Жалпы, қашан қанша адамның қайтыс болғанын айтудан «ұялатын» мінез Қазақстан ішкі істер министрлігіне биыл ғана жұқпаған екен. Мәселен, 2009 жылы көлік апатынан қайтыс болған 169 адамды бұл мекеменің өлілер есебіне қоспағаны жуықта ғана мәлім болды. Министрліктің сол жылғы есебінде жол-көлік оқиғасынан 2898 адам қайтыс болды деп жазылған, анығында 3067 адам көз жұмыпты.

Бірақ министрліктің халық санын көбейткісі келген «жанашырлығын» түсінбеген сенат осы аптада «Мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есеп туралы» заң қабылдап тастады.

ІІ. ЖАҚСЫ ПАТША МЕН ЖАМАН УӘЗІРЛЕР

Осы аптада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) төрағасы Жармахан Тұяқбай президент Назарбаевқа ашық хат жазды.

«Араб көктемімен» басталып, Ресейдегі жаппай саяси қарсылықтармен аяқталып бара жатқан 2011 жыл тарихи айқын сабақтар жылы болды» деп басталады оппозиция басшысының хаты. Одан соң «халықтың қалауын елемейтін, бәсекелестерін басып-жаныштайтын, сайлауды бұрмалайтын саяси жүйелердің болашағы жоқ екені, аса осал болатыны» ескертілген.

«Билікке қарсы тұрар менен артық қандай оппозицияң бар!» деп жүрген партияның басшысы Жармахан Тұяқбай мырза Ермек Нарымбаев сияқты
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай партия съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай партия съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.
«Назарбаев, кет!» деген сөзді айтып, арандап қалар ма екен?» деп қорқып отырған боларсыздар, я «қоғамды демократияландыруға шақырған» сөздеріне сүйсініп отырған боларсыздар.

Мені разы қылған Тұяқбай мырзаның басқа сөзі болды. «Әкімшілік ресурстарға» сүйенген «билік партиясының» «демократиялық емес істеріне» қатты наразы ЖСДП төрағасы:

– Осыларды ескере келе, айналаңыздағы пайдакүнем мақсаттары үшін жұрт алдындағы жауапкершіліктен қашып, елді тұрақсыздық пен хаосқа бастап бара жатқан реакцияшыл күштердің әсерін үзілді-кесілді тыюға шақырамын Сізді, – деп жазыпты президент Назарбаевқа.

Бәсе! «Президенттің төңірегінде ол кісіні арандатып, теріс ықпал ететін ұятсыз реакцияшыл күштер бар-ау» деп өзім де баяғыдан ойлап жүруші едім.

«Елдің жағдайын, ауылдың азып-тозғанын, Қазақстанның талауға түсіп жатқанын президент білмей отыр ғой, төңірегіндегілер оған айтпай отыр ғой – Назарбаев білсе, бәрін тыяр еді» деген аңғал, ақжүрек ауылдастарымнан 10 жыл бұрын айырылып қалып, жалғызсырап жүр едім.

Енді кезінде Қазақстанның бас прокуроры болған, парламент мәжілісін басқарған, Ақорданың саясатын жетік білетін Тұяқбай мырзаның жаңағы сөзінен соң жақсы патшаны бұзған жағымпаз орта туралы аңызға, әділ ханды азғырған әзәзіл қырық уәзір туралы ертегіге қайтадан сене бастадым.

P.S. Жармахан мырзаға бір жақсы жаңалық айтайын: АҚШ ғалымдары өздерінің бұрынғы президенттерінің өмірбаяндарын зерттей келе, ел басшыларының қарапайым адамдардан гөрі ұзақ жасағанын анықтапты. Мәселен, олардың алғашқы сегіз президентінің орташа жасы 80 жыл болған екен. Ол кезде америкалық қарапайым ер адам орташа есеппен 40 жасында о дүниеге аттанатын. Яғни президент қарапайым адамнан екі есе ұзақ өмір сүрген.

Қазір Қазақстанда ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 63,5 жас. АҚШ ғалымдарының қисынына салсақ, қазақтың ең алғашқы, тұңғыш президентінің 127 жыл жасамасқа хақы жоқ. Сондықтан Назарбаев айналасындағы «елді тұрақсыздық пен хаосқа бастап бара жатқан реакцияшыл күштерден» алдағы 56 жылда әбден құтылады, Жармахан мырза!

ІІІ. ОППОЗИЦИЯНЫ ҚАЛАЙ ЖОЮДЫҢ АМАЛЫ

Үшінші сөз – Қазақстанның кешегі Совет одағындағы «ағасы», бүгінгі Кеден одағындағы «серіктесі», ертеңгі Еуразия одағындағы «егемендігі тең әріптесі» Ресей туралы.

Өздеріңіз білесіздер, желтоқсанның 4-інде Ресейде парламент сайлауының қорытындысы жарияланып, премьер-министр Владимир Путиннің «Нұр Отаны» – «Единая Россия» 49 пайыздан астам дауыс алып, басқа партиялардан озып шыққан еді. Оппозициялық топтар бұған қарсы шеру ұйымдастырып, билік оларды тарқата алмай, бірнеше жүз адамды тұтқындап, әуре-сарсаң болып жатыр.

Дәл осы жерде қазақтың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген сөзін айтпасқа шарамыз қалмай отыр. Оппозицияның үнін өшіре алмай жанталасып жатқан жасамыс Путин-Медведевке жас Рамзан Қадыров көмекке келіп, ақыл айтты.

– Отанымыздың астанасында қалайша мұндай қақтығыс болады? Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасының бастығы беттеріне перде киген
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Шешенстан-Бразилия футбол матчы кезінде билеп жүр. Грозный, 8 наурыз 2011 жыл.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Шешенстан-Бразилия футбол матчы кезінде билеп жүр. Грозный, 8 наурыз 2011 жыл.
адамдармен сөйлесіп тұр. Ол адамдар Шешенстанда болғанда сойылмен ұрғанды қойып танкімен атқылар едік, гаубицамен атқылар едік. Телеарнаның жүргізушісі маска киіп алып, хабар жүргізіп тұр. Мұнысы несі? Саясатты мүлдем түсінбеймін мен! Лукашенко дұрыс істеді. Тәртіп орнатқысы келді, бәрін қуды, таратты, қамады – іс бітті, – деп басталады «саясатты мүлдем түсінбейтін» Қадыровтың «саяси» кеңесі.

«Путинді пір тұтатын, сүйетін, сыйлайтын, ол үшін жанын қиятын» Қадыровтың оппозиция шеруі туралы монологы:

– Мұның бәрі кімге керек? Біздің дұшпандарымызға керек! Дұшпанды қамау керек, құрту керек – сонда ғана тәртіп болады, – деген үкіммен аяқталыпты.

Рамзанның осы сөзін естіген соң маған бір идея келіп отыр. Қазақстанда да 2012 жылы қаңтардың 15-інде мәжіліс депутаттарының сайлауы өтеді ғой. Алыстағы «араб көктемінен» әсерленген, жақындағы «сібірдің сары аязынан» шабыттанған «дұшпандар» шығып, сайлау қорытындысына наразылық білдіріп жатса, Нұрсұлтан Назарбаев үш адамнан: 1) Путиннің «мүриді» Рамзаннан, 2) Ақордадағы «елді тұрақсыздық пен хаосқа бастап бара жатқан реакцияшыл күштерден», 3) немесе ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың өзінен ақыл сұрасын.

P.S. Айтпақшы Қадыровтың кім екенін айтуды тағы ұмытып барамыз. Рамзан Қадыров – бокстан спорт шебері, экономика ғылымдарының кандидаты, бірнеше университет пен академияның құрметті профессор-академигі, «Путиннің биліктен кетпеуін тізерлеп тұрып сұрауымыз керек» деген қанатты сөздің авторы,... оған қоса Шешенстанның 2007 жылдан бергі президенті (яғни патшалық Ресеймен 30 жыл күресіп, ақыры 1859 жылы пайғамбар жасында «құрметті тұтқын» атанған Имам Шәмілдің бүгінгі мұрагері).
XS
SM
MD
LG