Accessibility links

«Президентті алдау» немесе «Осымен болдық па?»


Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының жаңа тағайындалған басшысы Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Тақырыпқа қатысы жоқ көрнекі сурет).
Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының жаңа тағайындалған басшысы Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Тақырыпқа қатысы жоқ көрнекі сурет).

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін айтпай-ақ қояйын.


І ЖАҢАӨЗЕННІҢ «ОҢБАҒАНДАРЫ» МЕН «ОЛАРЫ»

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан президенті Жаңаөзенге 16 желтоқсандағы қайғылы оқиғадан кейін алты күн өте, сол оқиғада қаза тапқан адамдардың жетісін бергенше жетіп барды. Маңғыстау облысындағы жағдаймен танысу үшін осы аймаққа келген Қазақстан президенті оған дейін облыс әкімін, «Қазмұнайгаз» бен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшыларын ауыстырып қойған еді.

Жаңаөзенге барған Қазақстан президентін біздің тілшіміз ғана көре алмай қалды ма десек, қарапайым жұрт та көрмегені кейін анық болды.

Бірақ, Құдайға шүкір, ол кісіні «Хабар» телеарнасының YouTube-тегі «Елбасы Жаңаөзенді қалпына келтіруді жүктеді» деген сюжетінен көріп отырмыз – ол кісі «Жаңаөзенге жазда келейін дегенде» «сөйтеміз-бүйтеміз» деп алдаған облыс әкіміне, «сентябрьде барайын» дегенде «үйтті-бүйтті» деп тағы алдаған «Қазмұнайгаз» бастығына ашуланып отырмыз.

- Ал, енді барлығын осыны дирижировать етіп отырған Жаңаөзенге келген де жоқ. Сырттан отырып жасады. Ана оңбағандарды іздейміз. Қай жерде болса да, дүниенің қай түкпірінде болса да іздеп табамыз оның бәрін. Биыл таппасақ, ендігі жылы табамыз. Бір айдан кейін табамыз ба, қашан табамыз, шындықты шығартамыз. Сот болады, жауапқа тартылады, - деп қаһарланды Қазақстан президенті өзіне бағынбайтын әлдебір «арандатушы» «оңбағандарды» айтып.

Әу дегенде байқағанымыз – Жаңаөзендегі шамамен 200-300 адам сиятын залға келген жұрттың арасында сусар жағасы жоқ, құндыз бөркі жоқ, құлаштай галстугы жоқ адам сирек екен. Қазақстан тәуелсіздік алған соң өмірге келген азаматтарды да сирек көрдік; 7 ай күн күйдіріп, жел қаққан ереуілші мұнайшыларды да ол залдан көзіміз шалмады.

Залда Жаңаөзен мұнайшылары жоғы Қазақстан президентіне де мәлім ғой деймін. «Олардың бәріне айтыңдар» деп сырттай сәлем жолдап, «Қорықпасын, мұнайшылар ешкімнен. Ешкім оларды қамамайды, ұстамайды, олар келіп, сөйлесіп, жағдайды білмесек қалай біз оларды орналастырамыз» деп сырттай жұбатып, «оларды» әр сөзіне қосып отырды.

P.S. «Олар» демекші, Жаңаөзен оқиғасы болған күннің ертеңінде, желтоқсанның 17-сінде қауіпсіздік кеңесі жиынында сөйлеген Қазақстан президенті:

- Әр елде шашырап жүрген отандастарымызды Жаңаөзенге шақырдық. Оларға барлық жағдайды жасадық. Осы үшін олар мемлекетке риза болуы тиіс, – деп,
"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілші мұнайшылары өздерін басқа аймақтарға жұмысқа орналастыру жоспарына қарсы хат жазып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілші мұнайшылары өздерін басқа аймақтарға жұмысқа орналастыру жоспарына қарсы хат жазып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«оларға» қатты наразы болып отыр еді.

Шынымды айтсам, Қазақстан азаматтарының тең құқықтарына кепіл болушы адамның өз халқын алалап отырғанына қатты қапа болғанмын. Бірақ, Құдайдың құдіретіне не шара, 5 күннің ішінде ол кісінің ойы мүлдем өзгеріпті.

- Жеріміз кең болса да ат төбеліндей Қазақстанның ішінде тоғыз-ақ миллион қазақпыз, - деп азырқанды Қазақстан президенті.

«Бұл кісі Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған 15 адамды (ресми есеп бойынша) тізімнен шығарып тастаған болар» деп ойлап отырдым мен.

- Қазағым менің, осы қай түкпірінде тұрса да қазағым менің. Сайлағанда әнеугүні жаппай дауыс беріп, сайлаған өздеріңізсіздер. Қалай мен жек көрем сіздерді! - деп елжіреді Қазақстан президенті.

Әнеугүні сайлауға қатыспағанымды, дауыс бермегенімді ойлап, өз-өзімді жек көріп отырдым мен мына жақта.

ІІ. ЖАҢАӨЗЕННІҢ «ПОЛИЦИЯСЫ»

«Президент Жаңаөзендегі дүрбелеңінің жуан ортасында болған тәртіп сақшыларымен де тілдесті. Олардың не үшін оқ атуға мәжбүр болғанын анықтады» деп, салтанатты дауыспен хабарлап жатты «Хабардың» біз көрген хабарындағы журналист.

Онда ендігі сөзді сол «тәртіп сақшыларына» берейік. Әлгі сюжетте 70 секунд (00:56-02:06 минут аралығында) сөйлеген Жаңаөзен полициясы бүй деді:

- Қыздар-келіншектер өлең айтып атты, соларға «кетіңдер» деп айтты. «Кетіңдер, бүгін той емес, садаға» деп. Содан біз жібермей тұрмыз. Бізге кеп, итеріп, неғылып... Өзі жастар көп. Ан йақтан кеп бәрімізді боқтап, балағаттап... біз енді күшіміз кемей атыр. Ешқандай қару жоқ о йерде. Итереді, артқа итереді. Біз неғып... жібермеуіміз керек. Ан йердегі кәмелетке толмаған өңкей жас қыздарды ұрып өлтіріп қоя ма деп. Бізге тас лақтырды - онда да тұра бердік. Одан кейін біздің... ыңңң... зам по службамыз бар. Соған басына тас тиді. Үлкен тас! Сонан кейін уже шегіне бастадық, күшіміз кемеді. Кейінге со... қооо... «өртеп, неғыламыз» деп, сондай хабар келді бізге. Ана қыз қайта қайта бізге звондап, дежурный частьқа қайта қайта шығады: «Мені қорғаңдар, мені қорғаңдар!» деп. Содан кейін біз қару алып, сө йерге барған кезде... Уже қарасақ, зданиенің бәрін өртеп келатыр екен, таспен ұрып, неғылып... Содан кейін қару қолдана бастадық, - деді бірінші полицей.

- Өзіміз заң қарағанда..., - деп екінші полицей оны қостай беріп еді, үшінші полицей кірісіп кетіп:

- Жастарға ескерту..., - деп, сөзін аяқтатпады.

Бағанадан бері жағдайды баяндап берген бірінші полицей үшінші полицейді тоқтатып қойып:

- Бірінші ескерту. Аспанға! – деп қолын шошайтты.

- «Олардың оқтары деген холостой оқ, өтірік атып атыр, бұлардың қаруын тартып алу керек» деп, аспанға атқан кезде солай қарсы жүгірді, - деп, әңгімені түйіндеді төртінші полицей (әлде президенттің жанындағы үлкен бастықтардың бірі).

Бір байқағанымыз, «Хабар» 70 секундқа сыйғызған осы үзіндіде Қазақстан
Жаңаөзен қаласының коменданты, полковник Аманжол Қабылов. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен қаласының коменданты, полковник Аманжол Қабылов. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
президенті полицейлерді 8 рет «ім» деп мақұлдап, 1 рет «тартып алу керек деп» деген сөз қосты.

P.S. Жаңаөзенде 16 желтоқсан күні қарапайым халықты полиция мен арнайы жасақтың қалай атқаны бейнеленген видеоны президент көрмесе де, біз көрдік қой – сондықтан мен бұл полицейлерді «ім» деп мақұлдай алмадым.

«Менің президентімді әкім Көшербаев, күйеу бала Құлыбаев, «Қазмұнайгаз» басшысы Ақшолақов жарты жылдан бері алдап келген еді. Олардың сырын ашты, бірақ енді Жаңаөзен полицейлері алдап жіберген жоқ па бұл кісіні» деп қайғырып отырмын қазір.

ІІІ. ЖАҢАӨЗЕННІҢ «АҚСАҚАЛДАРЫ»

«Хабардың» режиссері біз бағанадан бері тамашалап отырған хабарының соңғы жағына жаңаөзендік ақсақалдардың пікірлерін қосқан екен. Бірінші ақсақал Қазақстан президентіне:

- Сіздің алдыңызда біздің бүгін бетіміз ұялғаннан, қалай қарағанды білмегеннен сөйлеп тұрмыз. «Бәрін кешір» деп те айтуға болады маған. Елдің атынан. Кешір! Сізге де ұят болды. Сіздің басқа... Сіздің ешқандай, тек қана аталық қамқорлық қылғаннан басқа, жақсылық қылғаннан басқа затыңыз жоқ. Бүгін сіз келдіңіз. Сіз келгеннен кейін мына Өзендегі адам баласының барлығы... Енді бір... қайтадан... түнеріп тұрған... Түнеріп тұрған сол жадырап қалғандай болып көрініп тұр маған. Түнеріп тұрған. Адамдардың көңілі де сондай. Сондықтан бүгін келгеніңізге қатты рахмет айтамын. Өзім де қуанып тұрмын. Халық та қуанып тұр! - деді.

«Қуанып тұрған» «халық» ду қол шапалақтап, ол кісінің сөзінің аяғын естіртпей қойды.

Екінші ақсақал:

- Ал, енді, мінеки, сіздің айтқаныңызға мен риза болып отырмын. Қайдағы-жоқты адамның есіне түсірдіңіз, - деп бастап: - Сондықтан сіздің мына келген жеріңіз бұлжытпай орындалады қалған жерінде деп мен сенемін, - деп аяқтады.

- Осымен болдық па, ағайын? – деді президенті.

- Болдық, болдық! – десті Жаңаөзеннің «қуанып тұрған» «халқы».

P.S. Осымен болмаған сияқты.

Сол күнгі кездесуге «Нұр Отанның» ұранын ұстаушылардың бірі болып кіріп кетіп, Қазақстан президентіне таяп барып, Жаңаөзендегі жағдайды бастан-аяқ айтып шыққан Алдоңғар Телеқосов деген қарт мұнайшыны білесіздер ғой. Қазір сол Алдоңғар Телеқосовтың аты-жөні өзі сияқты 26 мұнайшының қатарында, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығы майор Мұхтар Қожаев қол қойған хабарландыруда жазулы тұр.

Жаңаөзен қаласындағы көшелерге, вокзалдар мен түрлі қоғамдық орындарға ілінген бұл хабарландырудағы «16-сы күнгі оқиғаларға қатысы бар» 26 адам туралы мәлімет берсеңіздер, полициядан сыйлық аласыздар.

Осымен болдық!

«Хабар» телеарнасының «Елбасы Жаңаөзенді қалпына келтіруді жүктеді» деген сюжеті

XS
SM
MD
LG