Accessibility links

Қазақстанда БАҚ еркіндігі Солтүстік Кореямен шамалас


Сот приставы журналистерді сот мәжілісіне кіргізбей тұр. Алматы. (Көрнекі сурет).
Сот приставы журналистерді сот мәжілісіне кіргізбей тұр. Алматы. (Көрнекі сурет).

Freedom House ұйымының соңғы баяндамасында 2014 жылы баспасөз еркіндігі ахуалы нашарлағаны байқалған. Рейтингте 185-ші орында тұрған Қазақстан баспасөз еркіндігі шектелген елдер қатарына енген.

29 сәуірде жарияланған халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы зерттеулеріне сәйкес, былтыр әлемдегі баспасөз еркіндігі деңгейі соңғы он жыл ішіндегі ең төмен көрсеткішке түскен. Репрессиялық заңдардың қабылдануы мен журналистерге қарсы зорлық-зомбылық әрекеттердің күшеюі әлемдегі баспасөз еркіндігін шектеудің негізгі факторлары ретінде аталады.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы есебіне сәйкес, Қазақстан баспасөз еркіндігі деңгейі ең төмен елдер тізіміне енген. Зерттеу Қазақстанда баспасөз еркіндігін шектеу деңгейі Иран, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдер мен Ресей аннексиялап алған Қырыммен шамалас екенін көрсетеді.

Әлемнің 199 елінің ішінде Қазақстан баспасөз еркіндігі деңгейі бойынша 185-ші орынды иеленген. Рейтинг тізімінде Қазақстаннан кейін Солтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан, Эритрея, Қырым, Беларусь, Куба, Сирия, Иран, Экваторлық Гвинея, Бахрейн, Әзербайжан, Вьетнам және Қытай ғана тұр. Былтырғы жылдың баяндамасында Қазақстан 187, ал 2013 жылы – 182 орында болған.

«Баспасөз еркіндігі - 2015» есебінің алдыңғы қатарынан орын алған Норвегия, Швеция және Бельгияны құқық қорғаушылар баспасөзі еркін елдерге жатқызған. Ұйым дерегінше, планетада әр жеті адамның біреуі ғана баспасөзі еркін мемлекетте тұрады.

Ресей халқын Украинамен соғысқа дайындауда БАҚ маңызды рөл атқарды
Құқық қорғаушылар

Freedom House ұйымы «билік журналистерді қудалайды, БАҚ-ты заңсыз жабады және өзгеше ойды басып-жаншиды» деп айыпталатын Әзербайжан сияқты бірнеше елді сынаған. Құқық қорғаушылар Азаттықтың Әзербайжан қызметі тілшісі, «салық төлеуден жалтарды, заңсыз коммерциямен айналысты әрі қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен тұтқындалып, қазір түрмеде отырған Хадиджа Исмаилованы мысалға келтірген. Биліктегі элитаның коррупциялық әрекеттерін әшкерелеген мақалалар жазған Исмаилова «саяси астары бар» деген уәжбен бұл айыптарды жоққа шығарады. Freedom House ұйымы Азаттықтың Баку бюросын жабуды да сынаған.

Баяндамада Ресейдегі ақпарат құралдарының басым бөлігін билікке қарсы кез келген сынды басып-жаншитын мемлекет басқаратыны көрсетілген. Ұйым Ресейді «медиа-кеңістікті бұрмалау әрі тәуелсіз журналистиканы ығыстыру мақсатында агрессиялық сипаттағы үгіт-насихатты көбінесе негізсіз күшейтеді» деп сынаған. Былтыр Ресейде интернет-парақшасын күніне үш мыңнан көп адам көретін блогерлерді БАҚ өкілдеріне қойылатын талаптарды орындауға міндеттейтін заң қабылданғаны да баяндамаға енген. Құқық қорғаушылар «Ресей халқын Украинамен соғысқа дайындауда БАҚ маңызды рөл атқарды» деп мәлімдейді.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономды облысы мен Ресей аннексиялаған Қырым түбегінен репрессияға бейім биліктің журналистер еркіндігін басып-жаншуының айқын мысалдарын көптеп кездестіруге болады

Freedom House ұйымы баяндамасында «әскери басқыншылыққа тап болған» Украина кемі 15 ресейлік телеарнаның хабарларын кабельді операторлар арқылы таратуын уақытша тоқтатқанын жазған. Есепте «соғысқа арандатады, тарихи фактілерді бұрмалайды және оқиғалар жайлы хабар таратуда пікір плюрализмі жоқ» деген уәжбен Литва, Латвия және Молдова елдері де Ресей телехабарларын шектеп, тыйым салғаны көрсетілген.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, Украинаның шығысындағы сепаратистермен қақтығыс кезінде төрт журналист қаза тапқан. Ал былтыр ақпанда ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен тайдырған наразылар мен полиция арасындағы қақтығыста бір журналист қаза тауып, кемі 27 тілші жараланған.

Freedom House ұйымы Иракта баспасөзі еркіндігі шектелуін елдің солтүстік және батыстағы территорияларының «Ислам мемлекеті» содырларының бақылауына өтуімен байланыстырады.

Freedom House сарапшыларының хабарлауынша, Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономды облысы мен Ресей аннексиялаған Қырым түбегінен репрессияға бейім биліктің журналистер еркіндігін басып-жаншуының айқын мысалдарын көптеп кездестіруге болады.

XS
SM
MD
LG