Accessibility links

Тұтқын түрме ауруханасынан ес-түссіз оралды


Басынан жарақат алып, түрме ауруханасында жатқан тұтқын Ескендір Түгелбаев. Фото отбасылық архивтен алынды.
Басынан жарақат алып, түрме ауруханасында жатқан тұтқын Ескендір Түгелбаев. Фото отбасылық архивтен алынды.

Бас сүйегі зақымданып, түрме ауруханасында жатқан тұтқын Ескендір Түгелбаевты колонияға ес-түссіз күйінде қайтарған.

Түрмедегі тінту кезінде басына зақым келген тұтқын Ескендір Түгелбаевтың адвокатының Азаттыққа хабарлауынша, оны Шығыс Қазақстан облысы Жаңғызтөбе кенті түбіндегі түрмеге (ОВ-156/18 мекемесі) ес-түссіз күйінде қайтарған. Түрме бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Б.Саудабаев адвокатқа жолдаған жауабында «25 жастағы тұтқын Ескендір Түгелбаевтың қыркүйектің 8-іне қараған түні ес-түссіз күйінде зембілмен жеткізілгенін» жазған.

Майор Саудабаев «Науқасты зембілге салып әкелді. Объективті тексеру барысында анықталғаны: Науқас ес-түссіз. Тері қабаты бозарыңқы. Тілдесуге жарамсыз халде. <…> Денесін тексеру барысында анықталды: денесіндежарақат жоқ» деп жазады.

Түрме бастығы орынбасары Саудабаевтың жазуынша, науқас Ескендір Түгелбаев «бүгін де», яғни 8 қыркүйек күні де «тілдесуге жарамсыз болған», «есі кірмеген».

Азаттық тілшісі Түгелбаевтың «туған түрмесіне» неліктен мұндай халде қайтарылғанын білмек болып, түрме ауруханасы басшылығына хабарласқан еді, бірақ жауап ала алмады.

Науқасты зембілге салып әкелді. Объективті тексеру барысында анықталғаны: Науқас ес-түссіз. Тері қабаты бозарыңқы. Тілдесуге жарамсыз халде.

Тараз қаласы тұрғыны Несіпкүл Алпысбаева Қазақстан билігіне жолдаған арыздарында мамырдың 12-сі күні колонияға әскер кіргізіп, тінту кезінде асыранды баласы Ескендір Түгелбаевтың аяусыз соққыға жығылғанын жазған. Оның айтуынша, ауыр соққыдан ұлының бас сүйегі сынып, сүйегі миына кіріп кеткен. Соның кесірінен ол үш-төрт күн ес-түссіз жатқан. Кейін Түгелбаевқа нейрохирургиялық операция жасап, оны Семей қаласындағы түрме емханасына жіберген.

Ал түрме басшылығы мамырдың 12-сі күні «жоспарлы тінту шаралары жүргізілді» деген мәлімдемесінен танбайды. Олардың айтуынша, Түгелбаевқа резеңке шоқпар заңды әрі тұтқынның «өмірлік маңызды емес дене органдарына ғана қолданылған». Түрме басшылығының болжамынша, тұтқын Ескендір Түгелбаев мамырдың 12-сі күні бас сүйек жарақатын басынан шоқпармен ұрғаннан емес, эпилептикалық ұстамасы қозған кезде «өз бойының биіктігінен» құлап түскеннен алған.

Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, сот-медициналық сараптама жүргізіліп, «орта дәрежедегі дене жарақатын алған» деген қорытынды шығарылған. Ол колония қызметкерлерінің әрекетін «Азаптау» бабы бойынша тексеруді талап етеді.

Енді Ескендір Түгелбаевты емханадан «туған түрмесіне» зембілмен әрі ес-түссіз күйінде қайтарып отыр. Адвокат Гүлнәр Жуаспаева тұтқынды түрме ауруханасынан ес-түссіз қайтаруға жауапты тұлғаларды анықтауды сұрап, бас прокуратура, ІІМ, мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жолдады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG