Accessibility links

Жабылған БАҚ жаңа амал тапты


Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Сот шешімімен жұмысын тоқтатқан оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) ұжымдары басқаша аталатын газеттер мен сайттар аша бастады.

Желтоқсанның 4-інде Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Guljan.org сайтына Қазақстан аумағында қызмет етуге үш ай мерзім тыйым салған еді. Жабылып қалған сайттың материалдары енді Guljan.info сайтына шыға бастады. Ал желтоқсанның 21-і күні сайт редакциясы «Адам» деген апталық басылым шығаратындарын мәлімдеді.

«АДАМ» МЕН GULJAN.INFO

Сайт редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, «Адам» Қазақстан ақпарат және мәдениет министрлігінде тіркеліп, арнайы лицензия алған. Басылым қазақ және орыс тілінде жарық көреді. «Адам» апталығы 56 бет болады және онда сараптамалық материалдар жарияланбақ.

- Guljan.org үш айға жабылды. Ал Guljan.info сайтына сот шешімінің қатысы жоқ. Сондықтан, материалдарымызды Guljan.info сайтында жариялай береміз. Ал «Адам» деген жаңа апталық әр жұма сайын шығады. «Адам» мен Guljan.info бірін-бірі толықтыратын ақпарат құралы болады, - деді Гүлжан Ерғалиева.
Guljan.org үш айға жабылды. Ал Guljan.info сайтына сот шешімінің қатысы жоқ.

Сайт редакторы "сот шешімін орындап отырса да, сотқа қайта шақырылғанын" айтты.

- Guljan.info сайты Қазақстан аумағында толық жұмыс жасап тұрған жоқ. Бір жерде ашылып, бір жерде ашылмай тұр. Дегенмен, шетелдегі оқырмандарымыз оқып жатыр. Біз Guljan.org сайтын жауып тастасақ та, «сот үкімін орындамамады» деп, мені 12 желтоқсанда қайта сотқа шақырып отыр. Guljan.org жобасын жасауға көп шығын кетті. Бір жарым жылдың ішінде өз аудиториясын тапты. Қанша еңбекпен келген жобаны орта жолдан тастай салмай, күресеміз, - деді Гүлжан Ерғалиева.

«ГОЛОС РЕСПУБЛИКИ» МЕН «АЗАТ»

Ал таяуда қызметіне тыйым салынған оппозициялық "Голос республики" газетінің материалдары екі аптадан бері оппозициялық "Азат" газетінде жарияланып келеді.
Қазақстандық «Азат» оппозициялық газетінің электрондық нұсқасы. 30 қараша 2012 ж.
Қазақстандық «Азат» оппозициялық газетінің электрондық нұсқасы. 30 қараша 2012 ж.

Редакция газеттің электронды нұсқасын шығаруға да көшкен. Бұл туралы бұрынғы "Голос республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева Азаттық радиосына берген сұқбатында мәлімдеген еді.

Ал «Азат» газетінің қарашаның 30-ы күні шыққан санының алғашқы бетінде:

- Сот шешімі шыққанша «Голос республики» журналистеріне газетті басып шығаруға тыйым салынды. Осы аптада бізге газетті баспа түрінде шығаруға «Азат» газетінің журналистері көмектесті, - деп жазылды.

«ОППОЗИЦИЯЛЫҚ БАҚ-ТЫҢ ЖАБЫЛУЫ - ЦЕНЗУРА»

2012 жылы желтоқсанның 4-і күні Алматының Бостандық аудандық сотында Stan.tv (Қазақстандағы сайт атауы – Stan.kz) ақпараттық бейнепорталына қатысты сот өтіп, олардың да жұмысына тыйым салынған еді.

Азаттық тілшісі Stan.kz порталының басшылығына хабарласқанда олар сот процесіне қатыспағандарын хабарлады. «Өйткені прокуратураның шағымында Stan.kz деп көрсетілген. Құжат бойынша ондай тіркелген ұйым жоқ. Ресми тіркелген - Stan-production» деді олар. Әзірге Stan.kz сайты ашылып тұр.
Сот шешімі бойынша жабылған Stan.kz сайтының скриншоты. 10 желтоқсан 2012 жыл.
Сот шешімі бойынша жабылған Stan.kz сайтының скриншоты. 10 желтоқсан 2012 жыл.

2012 жылы желтоқсанның 7-сі күні АҚШ-тың Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) соттың қазақстандық бірқатар тәуелсіз және оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарын жабу шешімін айыптады.

Ол мәлімдемеде комитет сот шешімі Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесіне мүше болып сайланғаннан санаулы аптадан соң шығарылғанын айтады. Комитет өкілі Нина Огнянова «оппозициялық ақпарат құралдарының жабылуы - цензура» деп бағалап, Қазақстан билігін азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу құқықтарын шектемеу туралы міндеттемелерін орындауға шақырды.

2012 жылы желтоқсан айының басында Алматының Бостандық аудандық соты Stan.tv (Стан.тв) интернет сайты мен "Взгляд" газетін жабу туралы шешім шығарған еді. Ал оған дейін "Республика" және "Голос республики" газеттеріне тыйым салу туралы шешім шыққан. Сот Guljan.org сайтын да үш айға уақытша жапқан. Құқық қорғаушылар бұл шараларды «Қазақстандағы оппозициялық ақпарат құралдарына жасалып жатқан шабуыл» деп бағалады.
XS
SM
MD
LG