Қазақстанның мұсылмандар одағы қарашаның 21-і күні ішкі істер министрлігіне үндеу жолдап, экстремизммен күрес аясында елдегі діни ұйымдарды жазықсыз қудаламауға шақырды.
ИМАМНЫҢ КІТАПТАРЫ
Одақтың айтуынша, бұған Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарынан түскен шағым себеп болған.
Мұсылмандар одағына шағым түсірген азаматтың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылы мешітінің имамы Тілеуберген Асанов «қарашаның 18-і күні жергілікті полиция өкілдері үйін рұқсатсыз тінтіп, компьютер, кітаптар, т.б. заттарды тәркілеп алып кеткенін» айтады. Оның айтуынша, үйді облыстық полицияның экстремизммен күрес бөлімі мамандары тінткен.
– «Сараптамаға жібереміз. Тексереміз. 15 күннің ішінде нәтижесі шығады. Сонан кейін айтамыз» деп айтты, – деді Тілеуберген Асанов дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, тәркіленген кітаптардың арасында Құранның қазақша аудармасы, араб тілі оқулығы, балаларға арналған кітаптар және «Он ғасыр жырлайды» сияқты әдеби кітаптар болған.
Имамның айтуына қарағанда, полиция одан кейін үй иесін аудандық бөлімшеге апарып, түсініктеме жаздыртқан.
«ДІНИ МАЗМҰНДАҒЫ ЛИЦЕНЗИЯСЫЗ ДИСК»
Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзованың айтуынша, ауыл мешітінің имамы Тілеуберген Асановтың үйін тінтуге «діни мазмұндағы лицензиясыз дискілердің сатылуы туралы ақпараттар түрткі болған».
– Осы ақпаратты тексеру барысында жедел жұмыстарын жүргізу кезінде осы кісінің (Тілеуберген Асанов – Азаттық) баласы бірнеше діни диск сатқан. Осы ауыл мешітінің ауласында орналасқан күзет бөлмесін тексеру барысында сол бөлмеден процессор, принтер, ноутбук және 692 дана диск, 27 кітап алынған, – деді Салтанат Қарагөзова.
Оның айтуынша, бұл азаматтарда диск сату үшін рұқсат қағазы болмаған, ал тәркіленген материалдарды діни сараптамадан өткізу бір ай көлемінде жүргізіледі.
«ШЕКТЕН ШЫҒУ»
Қазақстан мұсылмандар одағының Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімшесінің жетекшісі Ерлан Бектеміровтің айтуынша, полициямен тоқайласқан Тілеуберген сияқты азаматтар «өңірде жетіп артылады – бірақ олар қорқып, аты-жөндерін атамай, анонимді түрде хабарласады». Оның айтуынша, жақында ғана Түлкібас пен Шардарадан дәл осындай оқиға болған.
Сақалы болғаны үшін, шалбарының қысқалығына бола адамдардың бәрін «террорист» деп атап, соңына түсіп, қудалау – шектен шыққандық
– Менің ойымша, бұл соңғы кезде Тараз, Атырауда болған жағдайларға байланысты. Бірақ бұлайша істеу – артықтау. Жұмыстарын басқаша өзгерту керек шығар. Сақалы болғаны үшін, шалбарының қысқалығына бола адамдардың бәрін «террорист» деп атап, соңына түсіп, қудалау – шектен шыққандық деп білем, – деді Ерлан Бектеміров қарашаның 21-і күні Азаттық тілшісіне.
МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІН
Дәл осы күні Алматыда Exclusive журналы мен Фридрих Эберт қорының ұйымдастыруымен «Ислам дамуының жаңа бағыттары және оның Орталық Азиядағы тұрақтылыққа тигізетін әсері» атты халықаралық конференция өтіп, оған қатысқан мамандар мемлекет пен діннің ара-қатынасы жөнінде пікір таластырды.
Қырғызстаннан келген ғалым Қадыр Маликов діни мәселені реттеуде Қазақстан үшін қазір репрессивті әдістерден гөрі «түрлі діни ұйым басшыларымен диалог орнату» сияқты біршама либералды әдістер ұтымдырақ деген ақыл айтты.
– Дін сияқты өте ықпалды саланы биліктің не үшін бақылауға алуға тырысуының себебін түсінеміз. Бірақ мұндай бақылау діни ұйымдардың жеке құрылып, билікке оппозиция ретінде қалыптасуына әсер етеді немесе радикалды құбылыстар туғызып, хаос пайда болады, – дейді аймақтық зерттеулер қорының директоры Нұрлан Әлниязов.
Оның сөзінше, «мемлекеттік органға» айналған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жұмысын реформалап, Қазақстандағы мұсылмандар құрылтайының жұмысын көпке ашық жүргізу керек».
– Мемлекет діни ұйымның ішкі істеріне араласпауы керек. Мысалы, елде мүфтиді мұсылмандардың өздері сайлауы керек. Имамдарды да. Реформаны өздері жүргізуі керек, – деді ол.
Ал дін істері агенттігінің Алматы қалалық департаментінің директоры Ершат Оңғаровтың ойынша, «керісінше дінді бақылауды уыстан шығарып алу мәселесі тұр». Ол «діни басқарма өзге жат ағымдардан екпіндірек жұмыс істеуі тиіс» деп келте қайырды.