Астанада қарашаның 27-сі күні өткен дөңгелек үстелде аймақтардағы дін сарапшыларының жоқтығы "жұмысты көбейтіп, діни сот сараптамасы жұмысының сапалы әрі дер кезінде жүруін шиеленістіретіні" айтылды.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттыққа берген сұқбатында дінтанушылар жеткілікті болса да, олар адамның айыпты не айыпсыз екенін анықтауда сотты алмастырмауы керек деп біледі.
ТЕОЛОГТАР КЕРЕК
Қазір елдің төрт аймағында - Астана мен Алматыда және Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана діни сараптама жасалады. Сот сараптама орталығы мұны кемшілік көріп, мамандар жетпей жатқан өңірлерде жаңа кадрлер дайындайтындарын айтады.
Қазір сарапшылар екі түрлі діни сараптама жасайды. Оның бірі - сот сараптамасы, екіншісі - жаңадан келген діни әдебиеттер, азаматтардың өтініштері, интернет материалдарына жасалады.
Әділет министрлігі сот сараптама орталығының директоры Исидор Борчашвилидің айтуынша, елде соңғы үш жылда екі мыңдай діни сараптама жасалған. Сарапшылар араздық қоздыру, жэктремистік топ құру және басқару, террористік акт және оны насихаттау сияқты қылмыстық іс материалдарын тексерген.
Елде әртүрлі конфессиялар бойынша теологтар өте тапшы, ал аса білікті мамандар некен-саяқ қана.
Борчашвилидің сөзінше, Қазақстанның жеке сот сараптамасы саласына енгізу сөз болған жаңалық парламентте бірінші оқылымнан өткен сот сараптамасы туралы заңында қамтылған, онда жеке сот сарапшылары палатасын құру сөз болған.
- Сот сараптамасын лицензия негізінде жеке адамдар жүргізу тәжірибесі жаңалық емес. Еуропада да, Америкада да сарапшылар қорытындыларының көбін мемлекеттік емес ұйымдар шығарады, - дейді Исидор Борчашвили.
Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайымның сөзінше, елде әртүрлі конфессиялар бойынша теологтар өте тапшы, "ал аса білікті мамандар некен-саяқ қана".
- Бұл тек ислам мен христиан дініне ғана қатысты емес, секталарға, оның ішінде дәстүрлі емес ағымдарға да қатысты. Бұл - өте күрделі мәселе, - дейді ол.
Мәдениет пен спорт министрлігінің дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Құлекеев діни сараптаманы бәсекелес ортаға беру кезінде сақ болу керектігін айтады."Дін - мемлекет қорғауы тиіс нәзік сала" дейді ол. Осы комитеттің халықаралық мәдениет пен дін орталығының бастығы Фуат Рахмитов те Құлекеевті қостады.
САРАПТАМА НАРЫҒЫ МЕН ТЕПЕ-ТЕҢДІК ТАБУ
Қарағандылық дінтанушы Николай Мерзляков діни-психологиялық консультация беретін ұйымы үшін сараптама нарығын ашық ету жақсы жаңалық деп ойлайды. Оның сөзінше, кәсіби білімі бар әріптестері "бәсекелес ортаға қуана-қуана кірігеді". Бірақ Мерзляков бұл науқанның кезінде ақша табу үшін ғана жасанды ҮЕҰ-дар құрылып, кәсіби біліктілігі нашар мамандар тартылуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол бүкіл Қазақстан бойынша он шақты ғана дінтанушыны білетінін айтты.
- Менің ойымша, кітаптар мен роликтердің сараптамасын ешкім жекелеген адамдардың қолына бермеуі тиіс, бұлай ету - жауапкершілік жағынан қауіпті. Ал сот-діни сараптамасына келсек, бәсекелестік деген жақсы ғой, бірақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәселе болса, сот өндірісі сұрақтарына қатысты бостандық пен адам өмірі сарапшыға тәуелді болып қалады. Сол себепті сұрыптау критерийлері мен көптеген факторларды ескеру қажет, - дейді Мерзляков.
Алматылық құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қазақстанда діни сараптамалардың негізінде жиі құқықтық шешімдер қабылданатынына назар аударады. Айыпталушының кінәлі-кінәсіз екенін тәуелсіз түрде анықтауы тиіс болса да, сот көбіне діни сараптамаға иек артады. Оның сөзінше, мәтінде экстремизм мен терроризм элементтерінің болу-болмауын да діни сарапшылар шешеді.
- Дінтанушылар мұнымен айналыспауы керек. Мұнымен сот айналысады, ал дінтанушылар сотқа қандай да бір ағымдар туралы жалпы мазмұнды жайттарды жайып көрсетеді. Дінтанушының тұжырымы әлденені дәлелдеудің тәсілі болмауы тиіс. Дінтанушылық сараптама дегеніміз - пікірлер ғана. Ал теологиялық дауды құқықтық сфераға аударуға жол беруге болмайды. Қазақстан заңдарындағы діни сараптама туралы ЕҚЫҰ мен өзге ұйымдардың сарапшылары айтқан сөзге қараңыз. Олар құқықтық шешім қабылдаудың мұндай формасын жою керек деп жазады, - дейді Евгений Жовтис.
Оның пікірінше, қазір Қазақстанда діни экспертиза бірқатар қылмыстық істерге қатысты адамның кінәсін анықтайтын басты дәлелге айналған.