Текелі шағын қаласының Қонаев және Западной көшелерінің кейбір тұрғындары іргеде орналасқан «Мрамортас» өнеркәсіптік кәсіпорны өмірімізді қиындатты деп шағымданады. Зауыт директоры Мұхаметжан Қапсаламовтың айтуынша, кәсіпорын 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді, сондықтан ол шағымның енді ғана айтылғанына таң қалады.
Кейбір жергілікті тұрғындар зауыттың соңғы төрт жылда қарқынды жұмыс істей бастағанын айтып, мәрмәрдың шаңы көп мөлшерде шығатынына алаңдайтындарын жеткізді. «Мрамортас» кәсіпорны құрылысқа арналған қоспалар шығарады. Ол мәрмәр ұнтағынан жасалады.
Екі көше тұрғындарының айтуынша, олардың тыныстаулары қиындаған және түнде ауыр техниканың гүрілінен ұйықтай алмайды, бақшаларындағы көкөністер мен жемістер мәрмәр шаңы кесірінен тамырынан солып жатыр.
- Әрине, ұнтақтағышты ешкімнің жауып тастамайтынын білеміз: жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, қала бюджетіне салық төлейді. Бірақ біздің тыныш өмір сүруімізге жағдай жасаса екен. Түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін ұйықтауға құқығымыз бар. Ондай ұйқы арманға айналды. Таңғы төртте олар үнемі тас түсіреді, тарсылдайды да жатады, - дейді үйі зауыттан екі метр қашықтықта ғана тұрған Светлана Авраменко.
Мария Сакирина күн сайын дерлік кәсіпорынға барып, басшылықтан зиянды қалдықтарды азайту шарасын қабылдауды немесе қаланың шетіне көшіп кетуді өтінетінін айтады.
- Олар маған «әне Украинада соғыс болып, адамдар қаза тауып жатыр, ал сендер мында шағым айтып жүрсіңдер» дейді. Менің үш кішкентай балам бар, олардың денсаулығына алаңдаймын. Біз лас азық-түлік жейміз: оның бәрін мәрмәр шаңы басып қалады, - дейді Мария Сакирина.
ТЕКСЕРІС ЖАСАУҒА УӘДЕ ЕТКЕН
Аймақтың тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департамент өкілдері «мұндай кәсіпорындар тұрғындар шағымы расталған жағдайда тұрғын үйлерден 300 метрден кем емес қашықтықта болуға тиіс және барлық өндірістік цехтар ауа тазалауға арналған арнайы сүзгімен жабдықталуы керек» дейді.
- Бұл кәсіпорын құрылыс өнеркәсібі саласына жатады және 300 метр санитарлық қорғаныс аймағы сақталуы тиіс үшінші класты қауіп санатына кіреді. Яғни, тұрғын үйлер кем дегенде 300 метр қашықтықта болуға тиіс. Бұл кәсіпорынның зиянды факторы – мәрмәр шаңы мен шу ұзақ әсер етсе, тұрғындар мен кәсіпорын жұмысшылары түрлі сырқатқа шалдығуы мүмкін, - дейді бас маман Ирина Ли.
Аймақтың тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаменті жетекшісі Ерғали Сыдыманов Азаттыққа «жақын уақытта кәсіпорынды тексеріп, санитарлық заңның сақталу тәртібін анықтаймыз» дейді.
Зауыт басшылары «қаржының жоқтығынан кәсіпорынды тұрғын үйлер аумағынан әкете алмаймыз» дейді. Олар «мәрмәр шаңының тұрғындар денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянын азайту үшін бәрін істейміз» деп сендірді. «Мрамортас» компаниясының директоры Мұхаметжан Қапсаламов:
- Қазір су арнасымен келісіп, жеке гидрантты пайдалану үшін техникалық шарт алуға тырысып жатырмыз. Ол қолымызға тиген соң айналаның бәрін суғарамыз, шаң азаяды. Тұрғындарға барлық рұқсат құжаттарымыз бар, заңға сай жұмыс істейміз деп талай рет түсіндірдік, - дейді.
Текелі қаласы әкімдігі «Мрамортас» зауытын жоғары бағалайды. Қала әкімінің орынбасары Серік Лепесов Азаттыққа оның қаладағы үздік кәсіпорындардың бірі екенін және қала қазынасына жыл сайын 50 миллион теңгеден астам қаржы құятынын, 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
Мақаланы орыс тілінен Динара Әлімжан аударды.