Тамыздың 15-іне қараған түні Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Щербаков көшесінде орналасқан екіқабатты үйлердің бірі белгісіз жағдайда өртеніп, шамамен 50 шақты адам далада қалған еді. Содан бері тұрғындар өртенген үй маңында тігілген палаткаларда түнеп келеді. Бұл хабар Vse.kz сайтының форумы мен Facebook желісі арқылы тез тарап, қала тұрғындары мен сырт адамдар зардап шеккендерге жылдам жәрдем бере бастады.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ҚИМЫЛЫ
Өрттен зардап шеккендердің бірі төрт баланың анасы Гүлжан Байжанованың айтуынша, бір-ақ түнде үйсіз-күйсіз қалған адамдарға көптеген қарапайым азаматтар қол ұшын созып, көмектесіп жатыр. Олардың бірі азық-түлік, енді бірі киім-кешек пен ыдыс-аяқ әкелген.
– Қол ұшын созып жатқан қарапайым азаматтар өте көп. Жас қыздар мен жігіттер, отбасылы адамдар, зейнеткерлер, мұсылман ағайындар, шіркеуден де келіп жатады. Жақында Болгариядан бір жігіт келіп, тоңазытқыш пен қазан тастап кетті. Көп азық-түлік әкелді. Сол сияқты аймақтардан да хабарласып жатқандар бар. Жалпы көбісі аноним қалғысы келеді. Біз кім келеді – бәрін жазып отырамыз, – дейді Гүлжан Байжанова Азаттық тілшісіне.
Өртенген үй тұрғындарының шатырдағы тұрмысы:
Тұрғындар өрт болған күннің ертесінде жергілікті әкімдіктен палатка сұрап көрген. Алайда олар бас тартқаннан кейін қарапайым азаматтардың өздері түрлі жеке мекемелерден палатка сұрап орнатқан. Осы аптада жергілікті тұрғындардың көмегімен киіз үй де тігіліпті. Өртенген үй ауласындағы палаткалар маңында қазан-ошақ, титан пеш орнатылған. Мұнда тез бүлінетін азық-түліктер сақтайтын тоңазытқыш, тамақ пісіретін газплита да бар. Қазір тұрғындар тез бұзылмайтын азық-түлікке арналған қойма жағын да ойластырып жатыр.
Еріктілердің бірі Олжас Нұрбековтың айтуынша, бұл жаққа күн құрғатпай келіп, тұрақты түрде жұмыс істеп жатқан еріктілердің арнайы штабы жоқ. Әр адам мүмкіндігі болғанда келіп, жүйесіз түрде көмектесіп жатыр.
– Өз басым кеңсем сол маңға жақын болғандықтан таңертең барып келдім. Сондағы адамдармен сөйлестім. Қазір қажетті заттардың тізімін құрып жатырмыз. Әзірге, тек ақпараттық қолдау көрсетуге тырысып жатырмын. Негізі көмек бергісі келетін адамдардың мұнда болуы шарт емес қой. Кейбірі интернет арқылы көмектесуі мүмкін, кейбірі заңдық кеңес беру жағынан көмектесе алуы мүмкін, – дейді ол.
Тұрғындарға көмек «акциясы» әлеуметтік желілер мен интернет-форумдарда да талқыланып жатыр. Онда қолданушылардың бірі өртенген үйге қалай баруды түсіндірсе, бірі өзінде бар киімдерді жеткізудің жолдарын сұраған.
«Қазір ғана сол жақтан келдім. Жағдай адам шошырлық. Адамдар көшеде тамақ ішіп жатыр. Мұнда палатка сияқты бірдеңе бар. Онда заттарды іріктеп жинақтайды. Адамдар қол ұшын созған адамдарға зор алғыс айтып жатыр» деп жазады petrovna296 есімді Vse.kz форумына қатысушы 21 тамыз күні.
Өрттен зардап шеккен тұрғындар күн суи бастағандықтан күзгі киімдер қабылдап жатқанын айтады.
ӘКІМДІКТІҢ КӨМЕГІ
Азаттық тілшісіне тұрғындар жергілікті әкімдіктің көмегіне көңілдері толмайтындарын айтты. Тұрғындардың сөзінше, өрт болған күннің ертеңінде жергілікті әкімдік зардап шеккен адам басына 10 мың теңгеден үлестіріп, тегін тамақ ұйымдастырған. Ал қалған қажетті заттарды оларға қарапайым азаматтар жеткізген.
– Әкімшілік үш күн қонақ үйде тұра тұруды ұсынды. Бірақ тұрғындар «үш күн тұрып, әрі қарай қайда тұрамыз» деп бас тартты. Оның үстіне кейбір заттар ұрланбас үшін өздері қарауы керек. Бұдан бөлек, әкімшілік 182 мың теңге көлемінде компенсация алу үшін толтыратын құжаттардың тізімін берді. Қазір тұрғындар сол құжаттармен жүгіріп жүр. Себебі көбінің құжаттары өртеніп кеткен, – дейді Ескендір есімді тұрғын.
Күн суыта бастаған шақта далада қалған тұрғындар баспана мәселелерінің қалай шешілетінін білмей алаңдайды. Келесі аптада басталатын оқуға балаларды жіберу мәселесі де әлі шешілмеген.
Азаттық тілшісі тамыздың 27-сі күні Түрксіб аудандық әкімдігіне хабарласқан кезде аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Ілиясұлы «бұл мәселеге қатысты телефон арқылы жауап бере алмайтынын» айтты.