Канаданың Globe and Mail газеті мен өзге бірнеше басылымның сайттары әлем елдерінің олимпиада чемпиондарына берген ақшалай сыйлығы жөнінде мақала жазған.
«Сингапурлық жүзуші Джозеф Шулинг Рио-де-Жанейрода Майкл Фелпсті жеңді әрі миллионер болып кетті. 21 жастағы Шулинг алтын медаль мен 100 метрлік қашықтықта баттерфляй тәсілімен жүзуде олимпиада рекордынан бөлек, үйіне елінің олимпиада комитеті берген бір миллион Сингапур долларын (шамамен 750 мың АҚШ доллар) алып қайтты» деп жазады Globe and Mail. Бұл - Сингапурдың олимпиада ойындарында алған алғашқы алтын медалі.
Шулингпен салыстырғанда, америкалық Майкл Фелпс үйіне көбірек алтын медаль, бірақ аз ақша әкелді. Бес медалінің әрқайсысы үшін 25 мың доллардан, ал күміс медалі үшін 15 мың доллар алған америкалық чемпион АҚШ олимпиада комитетінен жалпы жиыны 140 мың доллар алды. АҚШ-тың олимпиада комитеті 105 медалиске сыйлыққа барлығы 1,8 миллион доллар жұмсаған.
МЕДАЛЬ «ҚУУ»
«Әлем елдері медаль санау қорытындыларына барған сайын үлкен мән бере бастағандықтан», медалистеріне ақшалай сыйлық беру практикасы барған сайын кең тарап барады. Сингапур сияқты қомақты қаржы төлейтін елдер аз, бірақ мемлекеттердің бәрі дерлік «медальдар кестесіндегі орнын жақсартуға тырысып» өз медалистеріне белгілі бір сома ақша табыстайды. Медалистерге көлік, пәтер беріп жатқан елдер де бар.
Бірақ жүлде саны жағынан екінші орын алған Ұлыбритания медалистеріне ешқандай ақшалай сыйлық берген жоқ. Италия алтын медаль саны жағынан 9-орын алды, бірақ медаль алған 25 спортшысына 2,6 миллиондай доллар жұмсады. Италия алтын медаль әкелген атлетке шамамен 170 мың доллар берді.
Қазақстан, Әзербайжан мен Малайзияда алтын медаль алған спортшыларға 250 мың доллардан береді. Қазақстанда 6-орынға дейін сыйлық алды, ал Малайзияда спортшыларға 1200 доллар көлемінде айлық зейнетақы тағайындалды. Әзербайжанда жаттықтырушылар да спортшылар алған сыйлықтың жартысы көлемінде сыйақы алды.
Ресей федералдық билігі алтын алған спортшыларға 60 мың доллардан берді. Бұған қоса, Қазақстандағы сияқты Ресейде де спортшыларға қымбат көлік, пәтерлер беріп жатыр. Бұдан бөлек, спортшыларды сән-салтанатпен қарсы алып, орден-медальдармен марапаттады. Мысалы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рио олимпиадасының чемпионы Дилшод Назаровқа 300 мың сомони мен І дәрежелі «Шараф» орденін табыстады. 33 жастағы тәжікстандық шар (темір) лақтырушыны Душанбеге келген бетте ел президенті Эмомали Рахмонмен кездесу үшін ұлт сарайына әкелді. Рио олимпиадасы жеңімпазына Ресей президенті Владимир Путин сыйлаған BMW X6 маркалы автомобилі келесі күні сатуға қойылды.
Бразилияда медальдің кез келген түрі үшін 11 мың доллардан, ал командалық спорт түрлерінен алған медаль үшін әлгі соманың жартысын берді. Швеция спортшыларына ешқандай сыйлық бермейтін санаулы елдің бірі болып шықты. Елдің олимпиада комитеті өкілдері мұның себебін «коммерциялық ақша спортшыларды әлемдік деңгейге жету үшін 6-8 жыл бойы дайындауға жұмсалады» деп түсіндірді. Ал бәрінен де «Рио олимпиадасына қатысу үшін командасына бір цент те көмек бермеген» Тынық мұхиты аралдарының бірі Вануату спортшыларына қиын болған сияқты.
«АЗИЯНЫҢ ЖАЙЛЫ АЙЛАҚТАРЫ»
Канаданың CTV News сайты «Оңтүстік Корея, Жапония және Қытай сияқты жайлы айлақтарда» өтетін келер олимпиадаларға қатысты комментарий берген. 2018 жылғы қысқы ойындар - Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында, 2020 жылғы жазғы ойындар - Токиода, ал 2022 жылғы қысқы ойындар Пекинде өтеді. Үшеуі де бұрын олимпиада өткізген елдер.
«2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізу құқығын Қытай астанасы Пекинге беру халықаралық олимпиада комитетінің ең прагматикалық шешімдерінің бірі болған сияқты» деп жазады CTV News. Мақалада Пекиннен ұтылған Алматы «мұндай ауқымды жарысты ешқашан өткізіп көрмеген, сондықтан оның көмірсутегі экспортына тәуелділігі алаңдаушылық тудырған». Сочидағы олимпиадаға жұмсалған 51 миллиард долларға қатысты туған жанжалдан кейін ХОК Пекиннің бүкіл операциялар мен инфрақұрылым құнын небәрі үш миллиард долларға бағалағанын ескеріп, «арзандық мен тұрақтылықты» таңдады.
Тайландтың Bangkok Post газеті Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов елдің спорт комитеті директоры Каакбай Сеидовқа жұрт көзінше сөгіс жариялағанын жазған. Түркіменстан спортшылары ешқашан олимпиада чемпионы болған емес, ал Рио олимпиадасында түркіменстандық тоғыз спортшының ешбірі іріктеу турынан өте алмады. Газеттің жазуынша, 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы нашар көрсеткіштерден кейін Бердімұхаммедов спорт комитетінің алдыңғы директорын қызметтен алған.
Ал Үндістанның DNA India газетінің жазуынша, егер 2008 жылғы Пекин олимпиадасына қатысқан үш спортшысы ХОК-тың қайта тексеруінен кейін допинг-сынамасын тапсырмағаны расталса, Қытайдың ауыр атлеттері жарыстан уақытша шеттетіледі. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы өкілдерінің хабарлауынша, егер ХОК әлгі спортшыларды шеттетсе, Қытай ертеректе спортшылары жарыстан бір жылға шеттетілген Украина, Әзербайжан, Ресей, Беларусь және Қазақстан елдері қатарына қосылады.