Accessibility links

"ИМ-ге өтпек болған" Караулова жазаланбайды


Варвара Караулова.
Варвара Караулова.

«Ресей прокуратурасы «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының қатарына кірді деген күдікке ілінген мәскеулік студенттің үстінен қылмыстық іс қозғамайды» деді құқық қорғау мекемесінің өкілі.

«РИА Новости» агенттігіне 23 шілдеде берген сұхбатында тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин: «Варвара Караулованың экстремистік топтың жұмысына қатысуына және топ құрамына кіруіне қатысты тергеу аяқталды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалмайды деген шешім қабылданды», - деді.

КЕРІ ҚАЙТҚАН КАРАУЛОВА

Ресейдегі беделді оқу орындарының бірі - Мәскеу мемлекеттік университетінің 19 жастағы студенті Варвара Караулова 4 маусымда Ресейдің - 13, Әзербайжанның 4 азаматымен бірге Түркиядан Сирияға қарай өтіп бара жатқан жерінде ұсталған.

Оған «Ислам мемлекеті» бақылауындағы аймаққа өтіп кетпекке әрекеттенді деген айып тағылған.

«РИА Новостиге» берген сұхбатында студент қыздың әкесі Павел Караулов қызының Интернет арқылы танысқан жас жігітке ғашық болып, содан жаңсақ басқанын айтып ақталды. Караулованың танысқан «жігіті» экстремистік топ құрамына адам жинап жүрген топтың мүшесі болып шыққан.

Караулованың тұтқындалуы туралы Ресей ақпарат құралдарында өте көп айтылды. BBC-дің орыс қызметінің есептеуіне қарағанда, маусым айында телеарналар президент Путиннен гөрі студент қызға эфирден көбірек уақыт бөлген.

СИРИЯҒА ЖОЛ

Ресейде жас қыздардың Сириядағы майдан алаңына қарай қашуы жиілеп барады. Караулованың Ресейге қайтып оралғанына екі апта өтпестен, 12 маусымда Ресей президентінің жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының студенті, 19 жастағы Мариям Исмаилова із-түзсіз жоғалып кетті. Полицияның мәліметіне қарағанда, ол "ИМ-ға қосылу үшін" Түркия асып кеткен.

23 маусымда полиция 16 жастағы мәскеулік мектеп оқушысын қолға түсірді. Дағыстандағы бір ауылға қашып барған ол жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі бірге Сирияға аттануға қамданып жатқан көрінеді.

Беттерін жапқан әйелдер. (Көрнекі сурет).
Беттерін жапқан әйелдер. (Көрнекі сурет).

«Ресей азаматтарын экстремистік топтардың қатарына тарту оқиғалары жиілеп барады» дейді Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері. Жыл басынан бері қауіпсіздік қызметіне 14 азаматтың терроршылар қатарына қосылғаны туралы ақпарат келіп түскен.

Жастардың майданға ағылып жатқанына алаңдаған Ресей қоғамдық палатасы Ресей Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушевке «ИМ» үгітшілері ең белсенді жұмыс істеп жатқан аймақтардың «рейтингін» жасау туралы ұсыныс тастады. Қоғам өкілдері аймақтағы губернаторлардың бұл саладағы жұмысын осы жолмен бағалау керек дейді.

- ИМ 24 тілде насихат жүргізеді, соның ішінде орыс тілі қолданылу жиілігі жағынан араб пен ағылшын тілдерінен кейін үшінші орында тұр. Демек, террорлық топтар Ресейден қатарына көп адам алуды көздеп отыр, - дейді қоғамдық палата мүшесі Елена Сутормина.

ИМ экстремистік тобының қоластындағы аймақта Ресейден қанша азаматтың жүргені белгісіз. Қаңтар айында Ресей сыртқы істер министрі «сарапшылардың ресми емес есептеулері бойынша, ИМ құрамында 800-ге жуық ресейлік соғысып жүр» деген.

Ақпан айында журналистерге сұхбат берген Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников «ИМ-нің» сапында 1700-ге тарта Ресей азаматы бар» деген дерек келтірді.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG