Алып шаһардағы төрт мешітке сыймай жүрген миллиондаған мұсылман енді осындай жылжымалы мешітте намаз оқи алады.
Әйгілі Boomstarter веб-сайтында тіркеме сатып алып, оларды мұсылмандар намаз оқитын жылжымалы мешітке айналдыратын жобаға қаржы жинау басталғаны хабарланды. Сайттағы дизайнына қарағанда тіркемелер мұсылмандардың ғұсыл құйынып, дәрет алуына мүмкіндік беретін арнайы кабиналармен жабдықталмақ.
Дайын болған соң бұл мешіттер Мәскеудің көшелерінде жүреді. Кез келген мұсылман оны өзі тұратын ауданға тегін шақырта алады.
«Мәскеудегі екі миллион мұсылман қалада жұмыс істейтін бар болғаны төрт мешітпен шектеліп қалған. Мешіттердің аздығы алып шаһардың қазіргі тіршілігімен үйлеспейді, сондықтан мұсылмандар бес уақыт намазын оқуда түрлі қиындықтарға тап болып жүр», - деп жазады «Жылжымалы мешіт» жобасының авторы Алсу Хафис интернетте жарияланған материалында.
Жоба аясында ұйымдастырушылар 850 мың Ресей рублін жинап, ол ақшаға қаланың әр ауданындағы бизнес орталықтардың маңынан алты жылжымалы мешіт ашпақ ниетте. Тағы осындай мешіт арнайы веб-сайт арқылы тапсырыс берген мұсылмандардың тұрған жерлеріне барып, қызмет етіп көшіп жүреді.
Жиналған ақша тіркемелер мен оларды алып жүретін көліктер сатып алуға, жүргізушілерге жалақы төлеуге және тіркемелерді қайта жабдықтауға жұмсалмақ.
Вагондарда мұсылмандарға арналған жедел әзірленген тағамдар да сатылады. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл жоба өзін-өзі ақтап, шығындардың орнын жаба алады деп үміттенеді.
Жылжымалы мешіттің сырты ақ түспен боялып, оған жасыл ою салынбақ.
Жобаны ұйымдастырушылар жамағаттан 100-ден 15 мың рубльге дейін көмек қаржы беруді өтініп отыр. Қомақты қаржы салған азаматтар жылжымалы мешітті кезексіз шақырту мүмкіндігіне ие болмақ. Сондай-ақ, оларға халал тамақ та беріледі.
Жобаға әзірге бар-жоғы 20 мың рубль жиналды, ақша жинаудың аяқталуына дейін әлі 56 күн бар.
Ресей астанасында тұратын екі миллион халық мешіттің жетіспеуінен көп қиындық көріп келеді. Бұлардың көбі - Мәскеуден нәпақасын айыруға келген еңбек мигранттары.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин мешіттерге көбіне шетел азаматтары баратындықтан, жаңа мешіт салудың қажеті жоқ деген.
Мұсылман мерекелері кезінде Мәскеудегі мешіттердің маңындағы көшелер кісіге толып кетеді.Біраз жыл күрделі жөндеуден өтіп, жабық тұрған Бейбітшілік даңғылындағы ең ескі мешіттің алдында қыстың күні мұсылмандар қардың үстіне жайнамаздарын жайып, намаз оқып жатады.
Жолда сағаттар бойы қаңтарылып тұратын көлік кептелісімен аты шыққан Мәскеуде мешітке жетудің өзі – бір проблема.
«Шыныңызды айтыңызшы, бизнес орталығының өрт баспалдағында намаз оқыған кезіңіз есіңізде ме? Мешітке бару үшін кем дегенде 40 минут уақыт кететіндіктен, үйге келген соң үш намазды қатар оқығаныңыз есіңізде ме?» деп жоба авторлары мұсылмандарға риторикалық сұрақтар қойған.
Мәскеу қаласының бас мүфтиі Ильдар Аляутдинов бұл жобаға байланысты екіұшты пікір айтты. «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында ол бұл жобаны «шынымен қызық бастама» деп атағанымен, оның «нағыз мешіттегі атмосфераны алмастыра алмайтынын» айтқан.
(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей).