Accessibility links

Ресей консулдығының қарсыласы жоғарғы сотқа жетті


Солдан оңға - адвокаттар Андрей Ли мен Михаил Кленчин, кәсіпкер Тоқтағұл Шәріпов. 5 қыркүйек 2013 жыл.
Солдан оңға - адвокаттар Андрей Ли мен Михаил Кленчин, кәсіпкер Тоқтағұл Шәріпов. 5 қыркүйек 2013 жыл.

Алматыдағы Ресей бас консулдығынан сотта жеңіліп қалған кәсіпкер Тоқтағұл Шәріпов Қазақстанның жоғарғы сотына шағымданды. Ол консулдық келтірген зиян үшін 196 миллион теңге өндіріп беруді талап етеді.

Кәсіпкер Тоқтағұл Шәріпов Ресей Федерациясы бас консулдығының есепшотын жабу туралы шешімнің күшін жойған Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен келіспейді.

Консулдық пен кәсіпкер арасындағы дау Шәріповтің коттеджіне қатысты шыққан. Ресейдің сол кездегі бас консулы Рашид Ибрагимов жалдап отырған ғимараттың бір бөлігі 2007 жылы өртеніп кеткен.

2012 жылы Алматы соты коттедж иесінің пайдасына консулдықтан материалдық шығынның өтеуі ретінде 196 миллион теңге және мемлекеттік баж салығы ретінде 2 миллионға жуық теңге өндіру туралы шешім қабылдады. Биыл тамыз айында Алматы қаласы сот актілерін орындау жөніндегі департамент консулдықтың банктегі есепшоттарын жауып, Ресей сыртқы істер министрлігінің наразылығын
Көктөбедегі үйлер. Алматы қаласы. (Көрнекі сурет)
Көктөбедегі үйлер. Алматы қаласы. (Көрнекі сурет)
тудырды. Бірнеше күннен кейін Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты есеп-шотты жабу туралы шешімнің күшін жойды. Талапкер Тоқтағұл Шәріпов осыдан соң Қазақстанның жоғарғы сотына шағым түсірген.

Тоқтағұл Шәріповтің адвокаттары осы аптаның соңында өткізген баспасөз жиынында «Ресей бас консулдығының банктегі есепшоттарын құлыптауға қатысты шешімнің күшін жоюға Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының негізі де, құқы да жоқ болатын» деп мәлімдеді.

Адвокаты Михаил Кленчин «Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Дәулет Онгелдиев соңғы шешімді шығару барысында бірнеше заң бұзушылыққа жол берген» деді.

Михаил Кленчиннің айтуынша, біріншіден, «сот ұйғарымы қайта шағымдану мен наразылық танытуға жатпайды» деген желеу – кез келген сот шешіміне шағымдану туралы конституциялық құқыққа қайшы. Екіншіден, судья бұл ұйғарымы арқылы Ресей консулдығынан ақша өндіру туралы бұрынғы шешімінің күшін жойып отыр. Үшіншіден, судья әлі күшіне де енбеген халықаралық келісімге сілтеме жасайды.

Тоқтағұл Шәріповтің тағы бір адвокаты Андрей Лидің айтуынша, есепшоттарды жабу туралы шешімнің күшін жою туралы ұйғарым шығарған сот БҰҰ-ның «мемлекеттер пен оның меншігі заң жүзінде қорғалады» деген әлі күшіне енбеген конвенциясына сүйенген.
БҰҰ конвенциясында айтылатын мемлекет пен оның меншігіне қатысты иммунитеттің бұған қатысы жоқ.
Кәсіпкер Тоқтағұл Шәріпов.

– Мен олардың сот шешімін орындауын ғана талап етемін. БҰҰ конвенциясында айтылатын мемлекет пен оның меншігіне қатысты иммунитеттің бұған қатысы жоқ. Олар (консулдық) коммерциялық мәмілеге отырғандықтан, бұл арада ешқандай конвенцияның құзыры жүрмейді. Бірақ олар сотқа да келмей, телефонға да жауап бермей, бізбен тілдесуден қашып отыр, – дейді Тоқтағұл Шәріпов Азаттық тілшісіне.

Тоқтағұл Шәріпов пен оның адвокаттары осы уәжбен судья Дәулет Онгелдиевтің үстінен жоғарғы сотқа шағым жолдаған.

«Судья Дәулет Онгелдиевпен сөйлессек» деген өтінішке Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қызметкерлері «судья науқастанып жатыр, жұмысқа келесі аптада ғана шығады» деп жауап берді.

Бұл мәселе жайында Ресей бас консулдығынан түсінік алу мүмкін болмады. Бас консулдықтың Алматыдағы телефондары жауап бермейді.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі шағым қыркүйектің 2-сі күні түскенін, қазір басшылықтың қарауында жатқанын жұма күні Азаттық тілшісіне айтты. Баспасөз қызметінің жетекшісі Евгений Дробязко «егер қосымша материалдарды сұрату қажет болмаса, шағымды 15 күннің ішінде, ары кетсе 30 күнде қарайды» дейді.
XS
SM
MD
LG