"Шаңырақ ісі" бойынша 15 жылға сотталған 39 жастағы Ерғанат Тараншиев шілденің 25-і күні Алматы облысы Заречный кентіндегі қатаң тәртіптегі колониядан мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан. Бұл туралы бейсенбі күні Facebook әлеуметтік желісінде белсенді Инга Иманбай хабарлады.
Ерғанат Тараншиевтің бостандыққа шыққаны туралы ақпаратты Азаттық тілшісіне Заречный кентіндегі колониядағы сенімді ақпарат көзі растады.
Оның айтуынша, сот тағайындаған жаза мерзімінің үштен екісін өтегеннен кейін заңда көрсетілген құқығын пайдаланып, өзін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруды сұраған Тараншиевтің өтінішін биыл маусымда қанағаттандырмай тастаған бірінші инстанциядағы соттың шешімінің күшін шілденің 24-і күні Алматы облыстық апелляциялық соты жойып, тұтқынды мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды бұйырған.
2016 жылғы шілденің 28-і күні Ерғанат Тараншиев жаза мерзімінің үштен екісін өтегеннен кейін өзін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруды сұрап өтініш беру мүмкіндігіне ие болған еді. Бірақ оның жазған өтініштері түрлі себептермен, соның ішінде ең негізгісі – айыппұлды толық төлемеген деген уәжбен қанағаттандырылмай келген.
Алматы қалалық соты "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған 25 адамға кескен айыппұл ақшаны биыл көктемде бірнеше белгілі тұлғалар бірігіп төлеген. Осыдан кейін Ерғанат Тараншиевке заңда көрсетілген құқығын пайдаланып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына рұқсат бермей отырғанын қоғам өкілдері түсініксіз деп атаған.
Фотогалерея. Шаңырақ оқиғасы (14 шілде 2006 жыл)
Ерғанат Тараншиев – 2006 жылғы шілденің 14-і күні Алматының шетіндегі Шаңырақ ауылындағы жаппай тәртіпсіздік пен полиция өкілінің қазасына байланысты қозғалған "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылған төрт адамның бірі. 2007 жылы қазанның 5-і күні Алматы қалалық сотының үкімімен диссидент ақын Арон Едігеев (Атабек – әдеби бүркеншек аты) 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов - 16 жылға, Ерғанат Тараншиев - 15 жылға және Рүстем Тұяқов - 14 жылға түрмеге қамалған.
35 жастағы Рүстем Тұяқов биыл мамырдың 31-і күні Заречный кентіндегі қатаң тәртіптегі колониядан мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан.
65 жастағы Арон Едігеев қазір Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отыр. Сот жазасын өтеп жатқан ол биыл шілденің 17-інде мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруды сұрап өтініш беру мүмкіндігіне ие болған. Бірақ, онымен жолығып қайтқан құқық қорғаушылардың айтуынша, тергеу орындары мен сот таққан айыптарды мойындаудан үзілді-кесілді бас тартқан Арон Едігеев "мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш беру – кінәні мойындау" деп білетіндіктен ондай өтініш жазбайтыны туралы мәлімдеген.
42 жастағы Құрманғазы Өтегенов Павлодар қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Оның қамауға алынған сәттен – 2006 жылғы шілденің 23-інен бастап есептелетін жаза мерзімінің үштен екісі 2016 жылы наурыздың 23-інде өтелген. Бірақ, Өтегеновтің айтуынша, түрмеде оған "мекеме әкімшілігінің талабына қасақана бағынбаған" деген айыппен жаза мерзіміне тағы екі жыл алты ай қосқан. Осыдан бір апта бұрын түрмеде онымен арнайы кездесіп, тұтқынның хал-жағдайын біліп қайтқан құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа Құрманғазы Өтегеновтің мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруды сұрап өтініш беру мүмкіндігіне биылғы жылдың соңына қарай ие болатынын айтқан.
Осыдан 12 жыл бұрын, 2006 жылы шілденің 14-і күні Алматы қаласының Шаңырақ ауылы тұрғындары билік "заңсыз" деп тапқан үйлерді бұзу әрекетіне ұйымдасып қарсы шығып, сот шешімін орындатуға келген полицияның күшімен қақтығысқан. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қатты жарақат алған 24 жастағы полиция қызметкері Әсет Бейсенов бірнеше күннен кейін Алматы ауруханасында қайтыс болған.
Оқи отырыңыз: 12 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы ұмытылды ма?
2007 жылы қазанда Алматы соты Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздік пен полиция офицерінің өліміне қатысты іс бойынша төрт адамды айыпты деп таныған.
Фотогалерея. "Шаңырақ ісі" бойынша сот (Алматы, 5 қазан 2007 жыл)
"Шаңырақ ісі" бойынша 25 адамға айып тағылған. Сот олардың біреуін ақтап, екеуіне бір жыл, 18 адамға – үш жыл шартты жаза кескен. Төрт адам ұзақ мерзімге сотталған.
"Шаңырақ оқиғасынан" кейін бірнеше жылдан соң Алматы билігі елді мекен тұрғындарының баспана салып, тұрып жатқан жер телімдерін заңдастырған. Алматының шетіндегі Шаңырақ кенті мен өзге де елді мекендер негізінде Алматының құрамында жаңадан Алатау ауданы құрылған.
ПІКІРЛЕР