Маусымның 5-і күні Шымкентте бірнеше қоғамдық бірлестіктің төрағалары жиын өткізіп, қаладағы Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлжан Сәлімбаева мен директоры Айман Жүсіпованың арасындағы дауды сөз етті.
Жиынға қатысқан адамдардың арасында ол мектептің мұғалімдері және оқушыларының ата-аналары да болды.
МҰҒАЛІМНІҢ ШАҒЫМЫ ЖӘНЕ ДИРЕКТОРДЫҢ УӘЖІ
Жиында әуелгі сөз №38-мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі – – «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваға берілді.
Қысым күшейіп кеткен соң осы мәселенің шешілмей жатқанына налып, әлеуметтік желіге мәлімдеме жасауға мәжбүр болдым.
Гүлжан Сәлімбаева «биыл сәуірдің 4-і мен 12-сі аралығында қалалық білім бөлімінен тұрғындардың әлеуметтік статусын анықтауға тапсырма түскенін, мұғалімдер соған байланысты міндетінен тыс жұмысқа тартылып үй аралағанын, өзінің сәуірдің 8-і – сенбі күні мектепке заңсыз шақырылғанын, келмеген соң директор мен орынбасарларынан қысым көргенін, соның кесірінен денсаулығы нашарлап, есінен танып ауруханаға түсіп, 17 күн ем қабылдағанын» айтып өтті.
- Бұл жағдай бойынша білім және ғылым министріне хат жаздым. Бақылау департаментіне тапсырма берілген екен, олар тексеріп, жауабын министр беретінін айтты. Қысым күшейіп кеткен соң осы мәселенің шешілмей жатқанына налып, әлеуметтік желіге мәлімдеме жасауға мәжбүр болдым, - деді Гүлжан Сәлімбаева.
Одан кейін сөз алған мектеп директоры Айман Жүсіпова «Гүлжан Сәлімбаева ауруханаға түскен соң мектепке ішкі істер бөлімі мен әкімдіктен өкілдер келіп, мұғалімдердің бәрінен түсініктеме алып беттестіргенін, бақылау департаменті шағым бойынша ештеңе таппағанын» айтты.
- Дау туғанда екі жақтан да кетеді. Мүмкін, менен де кеткен шығар, Гүлжаннан да кеткен шығар. Бір ұжымда жұмыс істеген соң бір-бірімізді сыйлап, кешірімді болуымыз керек. Әр адамның өз кемшілігі бар. Соны әрқайсымыз мойындап, жұмыс істеуіміз керек, – деді Айман Жүсіпова.
Ол бәрін ойдан құрап алды. Мен де намысымды қорғау үшін сотқа беремін. Менің де намысым тапталып отыр.
Ол өзіне наразы осы мұғалімнің бұрындары жақсы жұмыс істеген соң директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болғанын да айтты. Айман Жүсіпова «Гүлжан Сәлімбаеваның оқиға туралы аудио және видеожазбаларды әлеуметтік желіге рұқсатсыз жариялауы – заңсыз іс» деп біледі.
- Бұл жерде менің конституциялық құқығым тапталып отыр. Бұл – таза жұмыс бабындағы жағдай. Ол бәрін ойдан құрап алды. Мен де намысымды қорғау үшін сотқа беремін. Менің де намысым тапталып отыр, – дейді мектеп директоры Айман Жүсіпова.
«ОҚУШЫЛАРДЫҢ КЕЛЕШЕГІ», «ҰЙЫМШЫЛДЫҚ» ЖӘНЕ «ОЙЛАНУ»
Бұдан кейін сөз алған қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен ата-аналар мұғалім мен директорды татуласуға көндіруге үгіттеп бақты. «Қадірменді қариялар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, директор тарапынан мұғалімді қудалау болған жоқ» деп білетін профессор Шаруа Пірмат:
- Болған кез келген нәрсені мойындау керек. Оқушылардың келешегі үшін мәселені ушықтырмай осы жерде шешейік, татуластырайық, – деді.
Өзін «мектеп оқушысының ата-анасымын» деп таныстырған Ермахан Бекболатов есімді азамат «мұндай жағдайлар (мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа жұмсауды айтады – ред.) болғанын, бола да беретінін» айтты. Ермахан Бекболатов мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваға:
Қайда жазсаң да, осы жерге келеді. Бірақ сенің жұмысқа қайта орналасу мәселең қиындайды. Ойлан.
- Бұл жерде түсінбеушілік болды. Себебі жоғарыдан тапсырма берді, орындауға міндетті. Бәрі ауызша беріледі, жазбаша берілмейді, өйткені құтылудың оңай жолы – сол. Сорлайтын – осылар. Менің жеке пікірім – шулаудың қажеті жоқ. Қайда жазсаң да, осы жерге келеді. Бірақ сенің жұмысқа қайта орналасу мәселең қиындайды. Ойлан, – деді.
Осы тұста Шаруа Пірмат «келісімге кел дегеннің өзінде қысым жасалып жатқанын» айтып, дауласушы азаматтарды қорқытпауға шақырды.
«Білім саласындағы жемқорлықпен күрес» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарқынбек Сейтімбек те Гүлжан Сәлімбаева мен Айман Жүсіпованы татуластыруда «бір жақты қысым көрсетуге қарсы екенін» айтты.
Бұдан кейін сөйлеген қарттар кеңесінің төрағасы Әнуарбек Бейсе директор Айман Жүсіпова мен мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваны татуласуға, «жұмысты ұйымшылдықпен бір үйдей болып жалғастыруға» үндеді.
Гүлжан Сәлімбаева татуласудан бас тартпайтынын айтып, «кінәлілер кінәсін мойындап, халықтың алдында кешірім сұрап, маған бұдан кейін қысым көрсетпеуі туралы кепілдеме хат жазып берсін» деген талап қойды.
- Бұл сөзбен шешілетін мәселе емес. Менің ертеңгі күніме ешкім кепілдік бере алмайды. Татуласу-татуласпау – менің құқығым. Сотта мен жеңілейін, сол жеңілгеннің өзі – маған жеңіс. Шындықтың бар екеніне сенемін, – деді Гүлжан Сәлімбаева бірнеше адамның «саған қысым көрсетілмесіне кепіл боламыз» деген сөздеріне орай.
Ал мектеп директоры Айман Жүсіпова Гүлжан Сәлімбаева талап еткендей кепілхат жазып беруден бас тартты.
Директор мен мұғалімді татуластыру жиналысы видеосы (5 маусым 2017 жыл):
Шымкенттегі Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның «мектеп басшылығы міндетінен тыс жұмысқа салып, қысым көрсетіп, соның кесірінен денсаулығына зиян келіп, 17 күн ауруханада ем қабылдағаны» жайлы шағымы өткен айда жұртқа жария болған. Мектеп басшылары мұғалімнің қысым көрмегенін айтады. Ал қалалық білім бөлімі педагог қызметкерлердің міндетіне кірмейтін істі – тұрғындардың әлеуметтік статусын анықтау жұмысын атқару жайлы тапсырманы мектептерге бергенін растаған. Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева мұғалімімен дауға іліккен мектеп директорына «соттасыңдар, жеңілген адамға тиісті шара қолданамын» дегенін айтқан. Әзірше мұғалім де, директор да сотқа арызданбаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Міндетінен тыс жұмысқа жегілген» ұстаз «тепкіге жығылғанын» айтады
Қазақстанда бұған дейін міндетінен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлеген директормен соттасқан мұғалімдер болған. Соның бірі Алматы облысы орта мектептерінің бірінде мұғалім болып істейтін Айман Сағидуллаева сотта жеңіп шыққан.