Маусымның 13-інде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты мектеп директорынан «500 мың теңге пара алды» деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал аудандық сотының судьясы болған Абай Ниязбековтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімін жариялады.
СОТ ЗАЛЫНДА
«Пара алды» деп танылған бұрынғы судьяны сот төрт жыл алты айлық жазамен қатар, өмір бойы мемлекеттік қызметте, өзін-өзі басқару органында, ұлттық банкте, ұлттық холдингтерде және ұлттық компанияларда қызмет істеу құқығын да айырып отыр. Ал жарыссөз кезінде прокурор оған бес жылдық жаза тағайындауды сұраған болатын.
- Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленсін. Қолданылған үй қамақта бұлтыртпау шарасы өзгертіліп, сот залынан қамауға алынсын, - деген судья Еркебұлан Төлешов сотталушының жазасын өтеуі 13 маусымнан бастап белгіленгенін айтты.
Үкімді үнсіз тыңдап болған соң орындыққа отырып қалған Абай Ниязбеков сол сәтте қамауға алынды. Сот залынан шығып бара жатып Абай Ниязбеков Азаттыққа өзінің апелляциялық шағым түсіретінін айтып үлгерді.
Сот үкімін тыңдауға прокурор келмеді. Айыпталушы сот үкімі шыққанша журналистердің қатысуына қарсы болмаса да фото, видео түсіруге рұқсат етпеді.
Судьяның соты мамырдың 4-інде басталған еді. 2014 жылдан бастап судья болып жұмыс істеген, кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар 33 жастағы Абай Ниязбеков сот басталғалы тағылған айыппен келіспейтінін айтып келген. Сондайда ол өз дәлелдемелерін де ұсынған. Куә ретінде аудандық соттың қызметкерлері, айыпталушының әкесі, інісі, әйелі және таныстары шақырылған. Экс-судья айыптау актісінде айтылғандай хатшысы арқылы пара алмағанын, ал кабинетіндегі қызметтік сейфтен табылған 500 мың теңгенің жекеменшік автокөлігін сатып алуға арналған ақша екенін мәлімдеуден танған жоқ.
Ал сот процессі кезінде Мақтарал ауданындағы Фердауси атындағы мектептің директоры Жанар Мамырова мен Абай Ниязбековтің хатшысы болған Ерлан Сатыбалдиев оның 500 мың теңге пара сұраттырғанын айтқан. Жанар Мамырованың өзінің орынбасары үстінен түсірген шағымын Абай Ниязбеков қараған болатын.
ВИДЕОДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА БЕРІЛГЕН ТҮСІНІК
Абай Ниязбековтің үстінен қозғалған іс барысында куәлер сұралып болған соң судья Еркебұлан Төлешов Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерінен Абай Ниязбековтың параны қалай алғаны туралы видеоны көрсетуді де сұраған еді. Видеода судьяның хатшысы Ерлан Сатыбалдиев ақшаны алып келіп, судьяға бергені, оны судьяның екі ақ парақтың ортасына қойып, қызметтік сейфке салдырғаны, іле-шала судьяның өзі сейфті құлыптағаны түсірілген.
Маусымның 12-і күні болған жарыссөзде судья Еркебұлан Төлешов жарыссөз басталмастан бұрын айыпталушыға ұлттық бюро ұсынған видеодағы кейбір сөздер бойынша Абай Ниязбековтен жауап алды. Судьяның сауалына жауап бере келіп, Абай Ниязбеков өзінің видеода түсірілген кейбір жайды түсінбегенін айтты.
- Ол жерде мен Ерлан Сатыбалдиевтің не айтып тұрғанын түсінген жоқпын. Видеоға мән берсеңіз, менің сол кездегі көңіл-күйіме қарасаңыз, түсінікті болады, - деп уәж айтқан Ниязбеков.
Судьяның басқа да сұрақтарына жауап бере келе Абай Ниязбеков «Видеода «автокөліктің ақшасы» деген сөз бар. Ол стенограммаға түспей қалған» дейді. Оның айтуынша, хатшысы оның автокөлігін 500 мың теңгеге сатып алмақ болған. Ниязбеков сейфке салынған ақшаның сол ретпен келгенін айтады. Сол сәтте оны Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері келіп, ұстаған. Ниязбеков хатшысы Жанар Мамырованың шағымы бойынша қандай шешім шығатынын алдын-ала білді деп есептейді.
- Ол алаяқтық жолмен Мамыровадан ақша алып, соны менің автокөлігімді сатып алу үшін пайдаланбақшы болған,- деді Абай Ниязбеков жарыссөзде.
ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ?
Прокурор Бауыржан Карамановтың жарыссөзде айтқандарына қарағанда, сот алды тергеу амалдары және сот кезінде судья Абай Ниязбековтың айыбы толық дәлелденген. Ниязбеков өз қызмет бабын пайдаланып, Мамырованың пайдасына оң шешім шығару үшін хатшысы Сатыбалдиев арқылы 500 мың теңге талап еткен. Мамырова берген параны хатшысы Сатыбалдиев судьяға қолма-қол берген. Ұлттық бюро қызметкерлері пара алу дерегін құжаттандырған.
- Абай Ниязбеков жауапты мемлекеттік лауазымды қызметкер бола тұра пара алып Қылмыстық Кодекстің 366- бабы 2-бөлігімен (пара алу) қылмыс жасаған. Оның айыбы сот тергеуінде толық дәлелін тапты. Сотталушы өз кінәсін мойындамай пара талап етпегенін, Сатыбалдиевке сатамын деген автокөліктің ақшасы екені туралы айтқан уәждері негізсіз, өз дәлелін таппады,- деді прокурор.
Бауыржан Қараманов Абай Ниязбековтың жасаған қылмысы ауыр санаттағы қылмысқа жататынын ескере отырып бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз бар екенін айтқан.
- Сондықтан Қылмыстық Кодекстің 366- бабы 2-бөлігімен (пара алу) кінәлі деп танып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазасын орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтеуді, жаза мерзімін үкім шыққан күннен бастап есептеуді және сот залынан қамауға алуды сұраймын, - деген прокурор Бауыржан Караманов.
ҚОРҒАУШЫ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ
Абай Ниязбеков пен оның адвокаты жарыссөзде прокурордың таққан айыбымен келіспейтінін айтты. Адвокат Қалдарбек Ауелбековтың сөзінше, прокурор тергеушілердің айыптау актісін ғана негізге алған. Ал айыптау актісі болса, жорамалға құрылған. Айыптау актісі Ниязбековтың сейфінен шыққан ақшаға негізделіп жазылған. Хатшының да «судья ақша сұрады» дегені сотта дәлелденбеді.
- Тергеу кезінде әркімнің қорғануға құқығы бар. Тергеу кезінде барлық жайттарды ашық айтса, куәлер сотта куә болудан бас тартады ма деп ойладық. Қорғану тәсілі негізінде хатшының автокөлік сатып алу үшін ақша бергенін айтпадық, - дейді ол.
Адвокат сейфтен ақшаның шыққанын ешкім жоққа шығармайтынын да айтып өтті.
Абай Ниязбеков биыл қаңтардың 30-ы күні Мақтарал аудандық сотында өз кабинетінде "пара алу кезінде" ұсталған. Ол тергеу амалдары кезінде кінәсі сотпен дәлелденбей тұрып қызметінен босатылды.
- Қызмет сейфінен ақша шықты деген сөз судья пара алды деген сөз емес. Абай Ниязбековтың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп ақтау үкімін шығаруды сұраймыз, - деді айыпталушының адвокаты Қалдарбек Ауелбеков жарыссөзде.
Айыпталушы Абай Ниязбековтің өзі болса, жарыссөз кезінде сот тергеуінде ұсынған өз дәлелдемелерін, уәждерін тұжырып қайтадан айтып берді.
- Жанар Мамырованың шағымы бойынша қаулы 26 қаңтарда шаққан. Соны біле тұра хатшы Сатыбалдиев Жанар Мамырованың сеніміне кіріп, ақша сұрап алаяқтық жасады. Өз қылмысын жасыру үшін ол судья сұрады деп аранданушылыққа барды, - деді ол.
Ерлан Сатыбалдиев болса, жарыссөз бен сот үкімі оқылатын отырысқа келген жоқ.
Абай Ниязбеков биыл қаңтардың 30-ы күні Мақтарал аудандық сотында өз кабинетінде "пара алу кезінде" ұсталған. Үкім шыққанға дейін үйқамақта болған ол Мақтарал ауданындағы Фердауси атындағы мектеп директоры Жанар Мамыровадан хатшысы Ерлан Сатыбалдиев арқылы "500 мың теңге пара алды" деген күдікке ілінген. Ол тергеу амалдары кезінде кінәсі сотпен дәлелденбей тұрып қызметінен босатылған.
Шымкентте судьяның сотталуы - бұрын да болған оқиға. 2017 жылы Шымкенттің Еңбекші аудандық соты Қаратау аудандық сотының бұрынғы судьясы Ермахан Шалановты "500 мың теңге пара алды" деген айыппен жеті жылға соттаған.
ПІКІРЛЕР