Accessibility links

2015 жылғы жеңістер мен сәтсіздіктер


Әлем чемпионы атанған қазақстандық ауыр атлет Александр Зайчиков (ортада) марапаттау рәсімінде. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
Әлем чемпионы атанған қазақстандық ауыр атлет Александр Зайчиков (ортада) марапаттау рәсімінде. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)

2015 жылы қазақстандық футбол командасы тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Қазақстан алғаш рет футзалдан Еуропа чемпионатына жолдама алды. Алматы қаласының олимпиада өткізуге кезекті талпынысы тағы нәтижесіз аяқталды. Ауыр атлетикадан әлемдік жарыста үшінші орын иеленген ұлттық құрама кейін допинг дауына қалды.

ОЛИМПИАДА-2022

2015 жылы Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы олимпиада өткізу құқығын иелену үшін Пекинмен (Қытай) бәсекеге түсті. Үкімет қысқы олимпиаданы өткізу құқығын алуға тырысып бақты.

31 шілдеде Куала-Лумпурда өткен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) сессиясына Алматы делегациясын бастап барған Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ХОК комиссиясы алдында сөйлеген сөзінде «Қазақстанның олимпиада өткізуге қаржылық және экономикалық мүмкіндігі толық жететінін» мәлімдеген еді. Бірақ дауыс беру барысында Пекин 44 дауыс жинап, Алматының (40 дауыс) алдын орап кетті.

Алматы бұған дейін, 2014 жылғы олимпиада ойындарын өткізуге де кандидатурасын ұсынған. Бірақ ол кезде бірінші кезеңнен аса алмаған еді.

«АСТАНА» ҮШІН ТАБЫСТЫ ЖЫЛ

Құрамының 70 пайызы шетелдік легионерлерден құралған «Астана» футбол клубы Қазақстан тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

"Астана" футбол командасының ойыншылары (Сурет "Астана" командасының баспасөз қызметінен алынды).
"Астана" футбол командасының ойыншылары (Сурет "Астана" командасының баспасөз қызметінен алынды).

​Болгариялық маман Станимир Стойлов жаттықтыратын команда іріктеу кезеңінде «Морибор» (Словакия), ХИК (Финляндия) және АПОЭЛ (Кипр) командаларын жеңді. Словакиялық және кипрлік клубтар бұған дейін Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған.

«Астана» түркиялық «Галатасарай», испаниялық «Атлетико» және португалиялық «Бенфика» клубымен бір топқа түсіп, өз алаңында өткен үш матчта да жеңілген жоқ. Қазақстандық клуб «Астана аренада» өткен үш кездесуде бәсекелестерімен тең ойнады. Соңғы матчта Стамбулда «Галатасараймен» де ұпай бөлісіп, топта төртінші орын алды. Стойлов өз командасының Чемпиондар лигасындағы нәтижесіне «толық көңілі толатынын» айтты. «Астана» биыл да Қазақстан чемпионатында бірінші орын алып, келер жылы Чемпиондар лигасына қатысу құқығына ие болды. «Астана» биыл енді бұл жарысты іріктеуден бастайды.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алған сәт.
Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алған сәт.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдамадан құр қалды. Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманы жаттықтырған ресейлік маман Юрий Красножанмен келісім-шартты ұзартпады.

Ал футзалдан Қазақстан құрамасы 2016 жылы Сербияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алды. Команда шешуші матчта Босния және Герцеговина құрамасынан басым түсті.

Футзалдан «Қайрат» командасы УЕФА кубогының финалында испаниялық «Барселонаны» 3:2 есебімен жеңіп, екінші рет осы жарыстың жеңімпазы атанды. «Қайрат» алғаш рет 2013 жылы УЕФА кубогын иеленген.

БОКСШЫЛАР ҮШІН АЛА-ҚҰЛА ЖЫЛ

Қазақстандық «Астана арландары» командасы Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) ұйымдастыратын WSB жарысының финалында Куба құрамасынан басып түсіп, екінші рет осы жарыста жеңіске жетті.

Ал қыркүйекте Қазақстан бокс құрамасы Таиландта өткен Азия чемпионатында бес алтын, бір күміс және бір қоламен жалпы есепте бірінші орын алды.

Боксшы Данияр Елеусіновтің Дохадағы кездесулерінің бірі (Сурет Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінен алынды)
Боксшы Данияр Елеусіновтің Дохадағы кездесулерінің бірі (Сурет Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінен алынды)

​Қарашада Дохадағы (Катар) әлем чемпионатына «екі алтын және төрт олимпиада жолдамасы үшін» барған Қазақстан құрамасына екі күміс жүлде және бір жолдаманы ғана қанағат тұтуға тура келді. Данияр Елеусінов пен Иван Дычко финалда қарсыластарынан ұтылды. Елеусінов финалға шыққаны үшін Рио олимпиадасына жолдама алды. Ал Дычконың салмағында тек жеңіске жеткен боксшыға ғана олимпиада лицензиясы берілді.

Кезінде бокстан Қазақстан құрамасын Сидней олимпиадасына апарған бапкер Тұрсынғали Еділов «биыл Қазақстан боксы үшін ала-құла жыл болды» деп бағалады. Ал құраманың қазіргі бас бапкері Мырзағали Айтжанов Рио олимпиадасына он боксшы апару жоспарын айтқан.

АУЫР АТЛЕТИКАДАҒЫ ДОПИНГ ДАУЫ

Ауыр атлетикадан қарашада Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында Қазақстан екі алтын, екі күміс, бір қола медаль иеленген. Алтынды Әзербайжаннан келген Нижат Рахимов пен Александр Зайчиков, күмісті Жазира Жаппарқұл мен Алмас Өтешов, қоланы Жасұлан Қыдырбаев алған еді.

Әлем чемпионатынан кейін бір ай өткен соң Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевты «допинг қолданған болуы мүмкін» деге күдікпен уақытша жарыстардан шеттетті. Оларға қатысты түпкілікті шешім 2016 жылы қабылданбақ. Егер допинг қолданғаны дәлелденсе, олар бірнеше жылға спорттан қуылады.

ДЗЮДОШЫЛАР ҰТҚАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

Тамызда Астанада дзю-додан өткен әлем чемпионатында 60 килограмда екі бірдей қазақ балуаны – Елдос Сметов пен Рустам Ибраев финалға шықты. Финалда Сметов жеңіске жетті. Сөйтіп, этникалық қазақ спортшы алғаш рет дзю-додан әлем чемпионатында алтынды ұтып алды.

Қазақстан дзю-додан соңғы рет әлем чемпионаты алтынын 2009 жылы алған еді. Ол кезде Максим Раков чемпион атанған.

ГОЛОВКИН МЕН ТЕННІҢ ЖЕҢІСТЕРІ

Кәсіпқой бокстан қазақстандық Геннадий Головкин 2015 жылы үш кездесу өткізіп, барлығында уақытынан бұрын жеңіске жетті. Ол ақпанда Монакода ұлыбританиялық Мартин Мюррейді, мамырда – АҚШ-та кіші Вилли Монроны, қазанда канадалық Давид Лемьені нокаутпен ұтты.

Геннадий Головкин.
Геннадий Головкин.

​Қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) дәрежелері бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды және оларға қоса Лемьеге тиесілі IBF дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын иеленді.

Ал мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен ақпанда Сеулде (Оңтүстік Корея) өткен «Төрт құрлық чемпионатында» алтынды жеңіп алды. Қазақстан спортшылары бұған дейін осы жарыста медаль алып көрмеген. Наурызда Шанхайда (Қытай) өткен әлем чемпионатында Денис Тен қола медаль иеленді.

2016 жылы Қазақстан спортшылары үшін басты жарыс – Рио олимпиадасы болмақ. Қазақстан бұл олимпиадаға 100 спортшы апаруды мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан еншісінде 40 олимпиада лицензиясы бар. Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын жарыстар 2016 жылдың маусымында аяқталады.

XS
SM
MD
LG