Accessibility links

Студенттер парламент сайлауы кезінде «демалатынын» білді


Бір топ қазақ студенттер. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.
Бір топ қазақ студенттер. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.

Биыл мемлекеттік оқу орындарында оқитын студенттердің қысқы демалысы әдеттегіден ұзағырақ болайын деп тұр. Парламенттік сайлау күнінде олар үйлерінде болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігі мұны академиялық күнтізбе ерекшелігі десе, кейбір құқық қорғаушылар бұл әрекеттің саяси себебі бар деп сенеді.


АлматыдағыӘл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті т.б. сияқты ірі оқу орындарында оқитын студенттердің биылғы қысқы демалысы екі аптаға ұзартылды. Әдетте қаңтар айының ортасынан бастап оқитын студенттер биыл жаңа семестрін қаңтардың 30-ы күні бастайды.

КҮТПЕГЕН ДЕМАЛЫС

Олар мұндай өзгерістің мәнін түсінбейтінін, оқу орны басшылығы ештеңе түсіндірмегенін айтады.

- Бізге «бір ай демаласыңдар» деді. Бірақ оның себебін ешкім түсіндірген жоқ. Бірақ жақсы араласатын апайымыз «сайлауға байланысты» деді. Мен өзім 4-ші курсты бітерем. Бізге деканаттағылар практика бойынша сұрақтарды қаңтардың 30-ы күні келгенде талқылаймыз деді, - дейді Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Жадыра.

Оның айтуынша, оқытушылар есесіне оқу жылының аяғында екі апта қосып оқитындарын айтқан. Ол мұндай өзгерістің жақсы жағы да, жаман жағы да бар екенін айтады.

- Бұл әрине, студенттерге ыңғайлы (күледі). Көп демалған жақсы ғой. Бірақ, соңында тағы қосып оқитын болсақ, қалай болады екен, - дейді Жадыра.

Дәл осындай жауапты қалған мемлекеттік оқу орындарының студенттері де қайталап отыр.

Ал Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің ресми сайтында қысқы демалыстың қаңтардың 9-ы мен 29-ы аралығында болатыны туралы хабарландыру ілініп тұр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері асханада кезекте тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері асханада кезекте тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл.

Жоғары оқу орындарына хабарласқан кезде олар бұл өзгерістің қаңтар айында болатын парламенттік сайлау қарсаңында жасалғанын айтты.

- Күндізгі бөлімнің барлығы желтоқсанның 30-ынан бастап демалысқа шығарылды. Сайлауға байланысты, - деді Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің есімін айтпаған қызметкері желтоқсанның 29-ы күні Азаттық тілшісіне.

Алайда оқу орны өкілі бұған байланысты қандай да бір қаулының шыққан-шықпағанынан хабарсыз болып шықты.

Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері де қаңтар айында оқымайты болып шықты.

"АКАДЕМИЯЛЫҚ КҮНТІЗБЕ"

Оқытушылар мен студенттер үшін «оғаш» көрінген нәрсені білім және ғылым министрлігі академиялық күнтізбе ерекшеліктері деп түсіндіреді.

«...Әрбір академиялық кезеңнен (семестр) кейін студенттерге демалыс беріледі. Бұған қоса, оқу жылындағы демалыс уақытының ұзақтығы 7 аптадан кем болмауы тиіс. Жоғарыда айтылғандардың негізінде жоғары оқу орындары академиялық күнтізбе түзіп, онда семестрлердің басталу мен аяқталу уақытын, емтихан сессиясы мен демалыс кезеңін көрсетеді.

Осылайша, бірінші семестр 2011 жылы қыркүйектің 5-і мен желтоқсанның 18-і аралығында болды. Емтихан сессиясы желтоқсанның 19-ы мен 2012 жылдың 7-ші қаңтар аралығына белгіленген. Қысқы демалыстар 2012 жылдың қаңтардың 9-ынан басталып, қаңтардың 29-ына дейін жалғасады» деп көрсетілген желтоқсанның 29-ы күні Азаттық радиосына берген министрліктің жазбаша жауабында.

«СТУДЕНТТЕР КӨП БОЛСА, ПРОБЛЕМА ДА КӨП»

Ал «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, бұл өзгерістердің саяси астары болуы ықтимал. Оның пікірінше, билік сайлау кезінде студенттердің оқуда болғанын қаламай отыр.

- Соңғы президенттік сайлау кезінде студенттердің құқықтары өрескел түрде бұзылды. Жатақханаға барып, студенттердің құжаттарын тартып алып, тізім бойынша оларды сайлау учаскесіне күштеп апарып, олардың көмегімен «карусель» әдісін жүзеге асырғаны туралы көп видео түсірдік... Осындай заңбұзушылықтармен күресудің орнына билік студенттерді үйлеріне қайтара салып, өте жеңіл жолды таңдап отыр. Яғни, олар енді «студенттердің дауысын ұрлады» деген сияқты ескертулерді естімейміз деп үміттеніп отыр. Бұл диктаторлық жүйеге тән шешім, - дейді Бақытжан Төреғожина.
Бақытжан Төреғожина, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы, құқық қорғаушы. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл
Бақытжан Төреғожина, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы, құқық қорғаушы. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл

Ол «оқу процесін тоқтату» мәселесіне күмәнмен қарайды. Осыған байланысты бірқатар студенттер мен оқытушылар тарапынан шағым түскенін де айта кетті. Қор жетекшісі мұның қаншалықты заңды екенін анықтау үшін бас прокуратураға сауал тастайтынын да жеткізді.

- «Білім туралы» заң мен министрлік қабылдаған білім стандарттарына сәйкес, оқу процесінің жоспары болады. Кейбір форс-мажорлық жағдайларда (мысалы, жер сілкінісі салдарынан оқу ғимаратының жарамсыз боп қалуы т.б) оқу процесінің мерзімі жылжытылуы мүмкін. Бірақ нақты жағдай сайлаумен байланысты болып тұр және оның таза саяси сипаты бар. Ол оқу процесін жалғастыруға кедергі жасамайды, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы 2012 жылғы қаңтардың 15-ы күні өтеді деп белгіленген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG