Accessibility links

Жүзуден Азиада рекордын жаңартқан спортшы


Азия ойындарында үш алтын алған қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин. Оңтүстік Корея, Инчхон, 26 қыркүйек 2014 жыл.
Азия ойындарында үш алтын алған қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин. Оңтүстік Корея, Инчхон, 26 қыркүйек 2014 жыл.

Инчхондағы Азия ойындарында үш алтын алған алматылық студент Дмитрий Баландин өзінен ешкімнің жеңіс күтпегенін айтады.

Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин Инчхонда (Оңтүстік Корея) 2014 жылы қыркүйектің 19-ы мен қазанның 4-і аралығында өткен Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден үш алтын медаль алды. Ол осы үш қашықтықта да Азия ойындарының рекордын жаңартты.

«ЕШКІМ МЕНЕН ЖҮЛДЕ КҮТПЕДІ»

Алматыдағы Қазақ ұлтық университетінің 19 жастағы студенті Дмитрий Баландин Инчхоннан жүлде аларына ешкім сенбегенін айтады. Ол 2013 жылдың күзінде көшеде жазатайым тайып жығылып, оң тізесін cындырып, 2014 жылдың ақпанына дейін жаттығуға қатыса алмаған.

– Биыл Джакартада (Индонезия) өткен Азия чемпионатында екі рет үздік үштікке ендім. Гонконг (Қытай) ашық чемпионатын ұтып алдым. Сондықтан Инчхонға жүлде аламын деп бардым. Бірақ, шынымды айтсам, қатарынан үш алтын аламын деп ойламадым, – дейді спортшы.

Дмитрий Баландиннің бапкері Алексей Казаков та шәкіртін Қазақстанның спорт саласы шенеуніктері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азия ойындарында алтын медаль алатындар қатарына қоспағанын айтады.

– Оны «ұзаса, қолаға таласып көрер» деп ойлаған, – дейді бапкер.

Дмитрий Баландин бапкер Алексей Казаковтың кәсіби спортшылар тобына 2010 жылы қосылған. 2013 жылы ол Екатеринбургте (Ресей) олимпиада чемпионы Алексей Поповтың жүлдесіне арналған турнирге қатысты. Бұл оның алғашқы халықаралық жарысы еді. Қазақстандық спортшы алғашқы алтынын Азия ойындарынан бір жыл бұрын ғана, 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алған.

Жүзуден алтын алған қазақстандық Дмитрий Баландин (ортада), күміс жүлде иегері жапониялық Ясухиро Косэки (сол жақта) және қола медаль алған үндістандық спортшы Сандип Седжвал марапаттау рәсімінде тұр. Инчхон, 26 қыркүйек 2014 жыл.
Жүзуден алтын алған қазақстандық Дмитрий Баландин (ортада), күміс жүлде иегері жапониялық Ясухиро Косэки (сол жақта) және қола медаль алған үндістандық спортшы Сандип Седжвал марапаттау рәсімінде тұр. Инчхон, 26 қыркүйек 2014 жыл.

– Тобыма келген бетте-ақ одан үлкен нәтиже күтуге болатынын түсіндім. Өйткені өте еңбекқор. Үнемі бассейнде жүреді. Ол жеңісті сәтін күтті. Сол сәтке жету үшін тер төкті. Көп спортшылар «Қазақстанда жүзумен айналысуға жағдай жоқ» деп АҚШ немесе Еуропаға кетіп қалатын. Дмитрий Қазақстанда жүріп-ақ алтын алуға болатынын дәлелдеді, – дейді бапкері Алексей Казаков.

Дмитрий Баландин енді биыл желтоқсан айында Дохада (Катар) өтетін 25 метрлік бассейндегі әлем чемпионатына қатысады. Ол 2015 жылы жазда Қазан (Ресей) қаласында өтетін 50 метрлік бассейндегі әлем чемпионатында жүлде алуды жоспарлап отыр. Спортшының алдағы ірі мақсаты – Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өтетін олимпиадада жүлде алу.

– Дмитрий Инчхоннан оралған бетте бір апта ғана демалды. Содан бері жаттығып жатыр. Азия ойындарынан кейін әлемдегі үздік бестікке кіріп тұр. Енді осы көрсеткіштен төмен түспеу керек. Қазір ол тек күшейе беруді көздейді, – дейді бапкері Алексей Казаков.

«БАССЕЙНГЕ АЛТЫ ЖАСЫМДА ӘКЕЛДІ»

Дмитрий Баландинді алты жасында 2001 жылы Алматыдағы орталық бассейнге әкелген ата-анасы «баламыз жүзуді үйренсе болғаны» депті. Оның сөзінше, әке-шешесі өзін спортшы болады деп ойламаған.

– 12 жасымда жаттықтырушылар маған жүзу спортымен тұрақты түрде айналысып тұруды ұсынды. «Көрейік» деп келісе кеттім, – дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Дмитрий Баландин Азаттық тілшісіне «жаттығу тәсілдерін құпия сақтайтынын» айтты. 1995 жылы туған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биология факультетінде оқитын, бойы 195 сантиметр жүзгіш жігіттің спорттағы ұраны – «Алынбас қамал жоқ» деген сөз.

Қазақстан Дмитрий Баландиннің жеңісіне дейін Азия ойындарында жүзуден бір ғана алтын алған еді. 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарындағы жалғыз алтынның иесі Владислав Поляков (50 метрлік брасс) болған. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан жүзуден бір күміс медаль (Владислав Поляков) иеленген.

Қазақстан «халықаралық олимпиадаларда ел атын шығарған» спортшыларды қаржылай марапаттайды. Дмитрий Баландин де Азиададан әкелген үш алтын медаліне 30 мың доллардай сыйақы алды. Енді оның жаттығуынан бастап жарыстарға қатысуына дейін толықтай мемлекет қаржыландырады.

XS
SM
MD
LG