Accessibility links

Депутаттың бетіне түкірген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды


Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров. (Сурет www.parlam.kz сайтынан алынған)
Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров. (Сурет www.parlam.kz сайтынан алынған)

Депутат университеттің бұрынғы ұстазын өзінің бетіне түкіргені үшін сотқа беріп, іс қозғалды. Бұрынғы ұстаз өзіне депутаттың қоқан-лоққы үйіргенін айтса, депутат ол «жала жауып» отыр дейді.


Адвокат Серікқали Мусиннің айтуынша, мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаровтың бетіне түкірген бұрынғы университет ұстазы, қазір өзін "журналиспін" дейтін Рафаэль Балғинның үстінен Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 319-бап 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Балғинге «депутаттың ары мен абыройына қол сұқты және қызметіне кедергі жасады» деген айып тағылып отыр.

Адвокаттың айтуынша, бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ТҮКІРГЕН УАҚЫТТЫ АНЫҚТАУ

Адвокат қазір жанжал болған күні (яғни шілденің 4-інде) депутат Тәңірберген Бердоңғаровтың демалыста болғаны-болмағанын анықтап жатқанын айтты.

Оның айтуынша, егер депутат сол кезде Алматыда демалыста жүрген болса, яғни депутаттық міндетін атқарып жүрмеген болса, онда Балғинге тағылған айып заңсыз болып шығады.

– Меніңше, мұнда екі жеке тұлға арасында дау туындап отыр. Ал олай болса, бұл жеке айып ретінде бірден сотта қаралуы тиіс. Жалпы қылмыстық істегідей, сотта айыптаушы ретінде прокурор емес, шағым берушінің өзі болады, – деді Серікқали Мусин Азаттық тілшісіне.

ҚОЛДАН ҚОЛҒА «ҚЫДЫРҒАН» АРЫЗ

Адвокат Серікқали Мусиннің айтуынша, Тәңірберген Бердоңғаров ең әуелі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы департаментіне арыз түсірген. Департамент оны Алматы қалалық ішкі істер басқармасына жіберіпті.

Алматы қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, істі Медеу аудандық сотына жібергенін айтқан еді.

– Алайда неге екені белгісіз, прокуратура соттан барлық құжатты сұрап алып, Алматы қалалық ішкі істер басқармасындағы тергеуші Дәулет Байболовқа қайта жіберген. Ол Рафаэль Балғинның үстінен қылмыстық іс қозғап отыр, – дейді Серікқали Мусин.

Ал Рафаэль Балғин «бұл істің сотқа жетуіне депутаттың өзі ықпал жасауы мүмкін» деп күдіктенеді.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Балғин мен Бердоңғаров арасындағы дау биыл шілденің 4-і күні Алматыда болған. Өзін "тәуелсіз журналиспін" деген Рафаэль Балғин көшеде мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаровты кезіктіріп, бетіне түкіріп жіберген. Кейінірек бұл әрекетінің мәнін ақпарат құралдарына түсіндірген Рафаэль
Рафаэль Балғин демалыста. Израиль, 28 шілде 2011 жыл.

Балғин бұған Тәңірберген Бердоңғаров екеуінің арасындағы сегіз жыл бұрынғы оқиға түрткі болғанын айтқан еді.

Балғиннің айтуынша, ол 2003 жылы Алматыдағы оқу орындарының бірінде оқытушы болған. Оған бір студент қыз «жаман сөз айтыпты». Рафаэль Балғин ол қыздың үстінен оқу орны басшылығына рапорт түсіреді.

Мұнан кейін өзін «қыздың досымын» деп таныстырған Тәңірберген Бердоңғаров іске араласып, арызды алып кетуін талап етіп, Рафаэль Балғинге бірнеше мәрте қоқан-лоққы жасаған екен.

Оның айтуынша, Бердоңғаров сол кезде әлі депутат емес, «Нұр Отан» партиясының жастар қанатын басқарып жүрген.

Рафаэль Балғиннің айтуынша, Бердоңғаровтың қоқан-лоқысынан кейін ісі ілгері баспай, ақыры жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметінен кеткен.

Рафаэль Балғин сол кезде прокуратураға арызданып, Тәңірберген Бердоңғаровтың үстінен іс қозғатпақ болғанмен, ештеңе өнбепті. Оның айтуынша, сондықтан Бердоңғаровқа деген өкпесі тарқамаған.

Бердоңғаров пен Балғин биыл жазда Алматыда кездейсоқ жолығып қалған екен.

– Шілденің 4-і күні оны көшеде аяқ астынан кездестірдім. Тақап келіп: «Мені танымайсың ба?» деп сұрадым. «Жоқ» деді. Бірақ көзі ойнақшып кеткенін көрдім. Мен аты-жөнімді айттым. «Енді танисың ба?» деп едім, «Жоқ» деді. «Мұрныңды бұзамын!» дедім. «Онда сені полицияға тапсырам, олар сүйегіңді сындырады» деді. «Иә, тиісуге болмайтын адамсың ғой сен» деп, бетіне түкірдім. Ол мені тепкісі келіп, қолын босатып алды да тұра қашты. Мен қуған жоқпын, өз жөніммен кете бердім, – дейді Рафаэль Балғин.

Оның айтуынша, бұл жанжалдан кейін он минут өтер-өтпесте депутат оған қайта хабарласып, «кездесейік, сыра ішейік» деген ұсыныс жасаған.

– «Енді сені естігім де келмейді. Істейтін нәрсемді істедім, енді сен мен үшін жоқсың. Сенімен амандаспаймын, саған енді қолымды бермеймін» дедім, – дейді Рафаэль Балғин.

«ШЫН ДЕСЕ, ДӘЛЕЛДЕСІН»

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдарына түсініктеме берген Тәңірберген Бердоңғаров «өзі мәжіліс депутат болғандықтан» бетіне түкірген журналист екеуінің арасындағы жанжалды құқық қорғау органдары арқылы шешуге тура келгенін айтқан болатын.

Тәңірберген Бердоңғаров тамыздың 5-і күні Азаттық тілшісіне «тек соттан кейін түсініктеме бере аламын» деді.

– Менің ойымша, ол (Рафаэль Балғин - Азаттық) айтқан сөздерін дәлелдеуі керек. Егер сөзі шын болса! Оның өзінен «айтқан сөздеріңізді дәлелдей аласыз ба» деп сұраңызшы. Мен қазір сайлаушыларыммен кездесіп жүрмін. Шынымды айтсам, мұндай мәселелерге уақытым жоқ, – дегенді айтты мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров.

«Балғинге қоқан-лоққы көрсеткеніңіз рас па?» деген сұрағымызға :

– Мен біреудің жала жапқанын талқылағым келмейді деп айтып отырмын ғой. Егер ол мұны шын деп санаса, онда қандай да бір дәлелдермен дәлелдесін, – деді депутат.

Тәңірберген Бердоңғаров – 2007 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG