Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының түбіндегі Құмшағал ауылында тұратын зейнеткер Айдос Мамытов немересін ауылда оқытуға мүмкіндік болмаған соң, алыс жердегі баласына жібергенін айтады.
– Біздің Құмшағалдағы мектеп деген аты ғана. Немеремді дайындық сыныбына берген едім, бірақ сабақтарының біразы өтпей, кабинет жетіспей, оқуға жағдай болмаған соң, еріксіз Атырауда тұратын ұлыма жібердім. Қазір сол жақта оқып жатыр, - деді ол Азаттыққа.
Тұрғындардың айтуынша, Құмшағалда бұрынғы 130 орындық балабақша ғимаратына негізгі білім (9 жылдық) беретін №19 мектеп қоныстанғанына биыл 15 жыл болады. Орын жетіспегендіктен мектепте 700 балаға сабақ үш ауысымда оқытылады.
Бұрын Жамбыл ауданы құрамында болған Құмшағал елді мекені 2010 жылы Тараз қаласы аумағына кірген. Ауыл тұрғындары мектеп салып беруді билік орындарынан талай жылдан бері сұрап келе жатқандарын айтады. Марат есімді ауыл тұрғыны:
– Ауылға жаңа мектеп салу туралы өтінішімізді айтып, қаншама хат жазсақ та еш нәтиже жоқ, басшылық құр уәде беруден жалығар емес, - дейді.
ӘЖЕТХАНАДАН ЛАБОРАТОРИЯ ЖАСАУ
Құмшағалдағы орыс-қазақ сыныптары аралас №19 мектептің директоры Карима Исаеваның сөзінше, өзі басқаратын ұжым үшін жаңа мектеп салу ең көкейкесті мәселеге айналған.
– 14 жылдан бері бармаған жеріміз жоқ. Басында біз теміржол станциясына қараған едік. 2001 жылы Жамбыл ауданына берді, ал қазір қалаға қараймыз. Жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын биыл бітірді. Енді мектеп құрылысын бастаймыз деген уәде беріп отыр, - деді ол.
Директор қос қабатты бұрынғы балабақша ғимараты мектепке тарлық етіп келе жатқанын, қазір онда 700 бала үш ауысымда оқуға мәжбүр екенін айтады.
– Бала саны жылда қосылып жатыр. Былтыр мектепте 514 оқушы болса, биыл 620 бала бар. Оған қоса, мектепке дейінгі дайындық сыныптарына 80 бала келді, - дейді ол.
Мектеп басшысының айтуынша, не спорт залы, не акт залы жоқ бұрынғы балабақшаның тар бөлмелерінен сабақ өткізуге бейімдеп кабинеттер жасалыпты. Дене шынықтыру, еңбек сияқты кейбір сабақтарды өздерінше амалдап өткізеді екен.
– Күн жылынғанда дене шынықтыру сабағын далада өткіземіз, ал қыстыгүні балаларға шахмат, дойбы ойнатамыз. Кабинеттерде көрнекі материалды іліп, мәселен, волейболды қалай ойнау керектігін көрсетеміз. Бұрынғы шағын ғана кір жуатын бөлмеден қыздарға арнап еңбек сабағы кабинетін істеп қойғанбыз. Ал ұлдарға ол да жоқ. Бұрынғы балабақша әжетханаларын химия және физика пәндеріне лаборатория ретінде пайдаланып отырмыз, басқа амал жоқ, - дейді мектеп директоры Карима Исаева.
БИЛІКТІҢ УӘДЕСІ
Азаттық тілшісі Құмшағалдағы мектеп мәселесі жайлы Тараз қалалық білім басқармасына хабарласты. Басқармасы бастығының орынбасары Уәлихан Байдуанов:
Бұрынғы балабақша әжетханаларын химия және физика пәндеріне лаборатория ретінде пайдаланып отырмыз, басқа амал жоқ.
– Ол ауылдағы мектеп мәселесі шешілген, жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталды, ақшасы бөлініп жатыр, құрылыс жұмыстары жақын арада басталады, - деді.
Тараз қаласы құрылыс бөлімінің бастығы Нұрбол Қалдыбаев та "мектеп құрылысы биыл жазда басталады" дейді.
– Құмшағал ауылының қасынан арнайы үш гектар жер, 300 орындық мектеп құрылысына 750 миллион теңгеге жуық ақша бөлінді. Енді құрылыс жүргізетін компанияны анықтайтын байқау өтсе, шамамен маусым айына қарай құрылыс басталады деп отырмыз, - деді ол.
Нұрбол Қалдыбаев 300 орындық мектепте 700 баланы екі ауысыммен оқытуға болатынын айтады.
Тараз қаласынан сегіз шақырымдай жердегі Құмшағал ауылының іргесі өткен ғасырдың отызыншы жылдары Түркісіб теміржолы құрылысын салған кезде қаланған. Алғашында 106-разъезд деп аталған теміржол бекетінің атауы кейін Құмшағал болып өзгерген. Ауылда төрт мыңдай тұрғын бар.