Тараз қаласындағы «Білім» колледжі құқықтану бөлімінің 1-курс студенті Эмран Нажибов өзі оқитын колледж студенттерден «заңсыз түрде ақша жинайтынын» айтады.
«ҚАЛҒАН ӘР КҮНГЕ 300 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙСІҢ»
Ол сол үшін оқуды жалғастыра алмай жүрмін деп шағымданды.
– Әрбір қалған күн үшін студенттен 300 теңге жинайды. Отбасы жағдайыма байланысты қазан айынан бастап сабаққа бара алмадым. Өзіңіз есептеңіз, күніне 300 теңгеден болғанда, бес-алты айда қанша ақша жиналатынын. Қараша, желтоқсан айларында барып едім, «ақша төле» дейді. Мен оларға мұның заңсыз екенін айтып кетіп қалдым. Содан бері бармай қойдым, - дейді Эмран Нажибов.
Ол оқу ақысы жылына 50 мың теңгені құрайтын «Білім» колледжінде білім алуға жағдай жасалмаған, сабақтар жүйелі түрде өтпейді деп отыр.
Мен олардан чек беруін талап етсем, «бере алмаймыз» дейді.
– Мен олардан чек беруін талап етсем, «бере алмаймыз» дейді. «Демек, бұл ақшаны өз қалталарыңызға саласыздар» дедім оларға. Директор орынбасарынан «шәкірт сабақтан қалғаны үшін 300 теңге төлесін» деген министрлік бұйрығы болса көрсетуін сұрадым. Ол «бұл – жеке меншік колледж» дегенді алға тартты, - дейді ол.
16 жастағы Эмран Нажибов колледж құжаттарын өзіне бермей қойғандықтан, қазір оқуын не мектепте, не коллеждің өзінде жалғастыра алмай жүргенін айтады. Ол құқыққорғаушылардың көмегіне жүгініп, осы аптада Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында брифинг өткізді.
«МІНЕЗІ ҚИЫН БАЛА»
Азаттық тілшісі хабарласқан Тараз қаласындағы «Білім» колледжі Эмран Нажибов есімді студенттің осы оқу орнында оқитынын растады. Есімін Рысбике Өмірбекқызы деп таныстырған оқытушы Эмран Нажибовтың кураторы екенін айтты. Ол Нажибовтың сабаққа көп қатыспай жүргенін айтып, «мінезі қиындау бала» деп атады.
– Өзі «мен мұнда оқымаймын, мектепке кетем» деген болатын. Бірақ құжаттарын алған жоқ. Одан да, мектептен де хабар жоқ. Колледж оның оқуына барлық жағдай жасады. Отбасы жағдайына қарадық. Сессиясын да жабуы керек болатын, - дейді оқытушы.
Куратор коллежде студенттерден ақша жинайды деген ақпаратты жоққа шығарып, «олардан тек оқу ақысы ғана алынатынын» айтты.
Қазір студент айтты екен деп сенуге де болмайды ғой.
– Эмран Нажибов оқу ақысын мүлде төлеген жоқ. Өзіңіз білесіз, оқу оқыған соң оның ақысын төлеу керек. Біздің коллеждің оқу ақысы ең төмен. Біз оған келгенде қысым да жасамадық. Жағдайың келгенше төле дедік, - дейді куратор.
Тараз қаласындағы білім басқармасының өкілі Жәмила Елеуқызы қаладағы коллеждерде «заңсыз ақша жинау» жоқ екенін, кез келген фактінің тексерілетінін айтады.
– Ондай нәрсені біз естіген де емеспіз, болған да емес. Мүмкін, студенттердің ойдан шығарғаны («выдумкалары») шығар. Қазір студент айтты екен деп сенуге де болмайды ғой, – дейді ол.
Тараздың «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі – жеке меншік оқу орны болып табылады. Қазіргі таңда оқу орында 500-ден астам студент білім алып жатыр.