Accessibility links

Сын айтқан мүгедектер ұйымнан шығарылды


Мүмкіндігі шектеулі Анна Синицина. Теміртау, 11 желтоқсан 2014 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі Анна Синицина. Теміртау, 11 желтоқсан 2014 жыл.

Теміртау қаласында прокуратураға шағымданған төрт адам мүгедектер қоғамынан қуылды. Қоғам төрағасы әрі әкімнің мүгедектер істері жөніндегі кеңесшісі «төртеуі ұйымның беделін түсірді» дейді.

«Теміртау қалалық мүгедектер ерікті қоғамының» бұрынғы төрт мүшесі ұйымға қайта кіруге әрекеттеніп жүр. Ертеректе олар құзырлы мекемелерге шағымданып, баспасөзде «жұмыс істеу мүмкіндігінен айырды, мүгедектерге арналған такси қызметін көрсетпейді» деп мәлімдеген. Олар ұйым басшылығын «мүгедектерді жұмысқа орналастыруға құлықсыз» деп сынайды.

Мүгедектер қоғамы есебіндегі қимыл-тірек мүшелері зақымданған, ішкі органдары ауыратын 900-ден аса адамның 126-сы – бала. Олар жұмыс істеп тапқан ақшаларына күнелтеді, дербес көмекші мен арнайы такси қызметін көрсетуге қатысты жарияланған тендерлерге қатысады. Негізгі мақсаты – мүгедек жандарға жұмысқа орналасуға көмектесу.

ШАҒЫМДАР МЕН ДАУЫС ҚҰҚЫҒЫ

Бірінші топ мүгедегі әрі пауэрлифтингтен спорт шебері Олеся Барашкинаны мүгедектер қоғамынан баспасөздегі қоғам төрағасы әрекеттерін сынаған мәлімдемелері мен прокуратураға шағымданғаны үшін шығарып жіберген.

Мүмкіндігі шектеулі жан мен қамқоршылары. Теміртау, 11 желтоқсан 2014 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жан мен қамқоршылары. Теміртау, 11 желтоқсан 2014 жыл.

– Бізді қоғамнан мүгедектерге көмектесуді талап еткеніміз үшін шығарып жіберді. Шағымданған сәттен бастап құқығымызды шектеп, бізге арнайы такси қызметін дұрыс көрсетпей, сұраған уақытта арнайы көлік жібермеуді шығарды. Дербес көмекші ретінде атқарған жұмысымның көлемін тексере бастады. Мені қоғамнан заңсыз шығарды, сондықтан қоғамға қайта кіруге талаптанып жүрмін, – дейді Олеся Барашкина Азаттық тілшісіне.

Армрестлинг пен ауырлық көтеруден жүлдегер мүгедек Анна Синицина «бастама көтеріп, белсенділік танытқаным үшін қоғамнан қуып шықты» дейді.

– Менің арқамда мүгедектердің көбі кітапханада компьютерлік сауатын аша бастады. Ал мені спартакиадаға қатысып, орын алғаным үшін сыйақы берместен қуып шықты. Біз адамға пікірін ашық айту құқығын беретін демократиялық мемлекетте тұрамыз емес пе? Біздің аузымызды неге жабады? – дейді Анна Синицина.

Мүгедек Нина Двороваяны басқа жұмыс ұсынбастан хатшы қызметінен босатқан, бірақ қоғамнан шығармаған. Олеся Барашкинаға да жұмыс беруден бас тартқан. Сондықтан олар мүгедек жандарды жұмыспен қамту мәселесін көтерген.

Мүгедектер көп жалақы сұрамайды, тек олардың жұмысқа орналасуына көмектесу керек.

– Қоғам төрағасы кәсіпкерлерге «біздің мүгедектерді жұмысқа алыңдар» деп ұсыныс жасауына болады ғой. Мысалы, супермаркетпен келісіп, мүгедектерді тауар орап-қаптайтын жұмысқа алдыруға болады. Мүгедектер көп жалақы сұрамайды, тек олардың жұмысқа орналасуына көмектесу керек. Пластик терезе орнатумен айналысатын бір фирманың біздің қоғамнан «қосымша жұмыс істеп, ақша тапқысы келетін мүгедек ер адамдар бар ма?» деп сұрағанын білемін. Бірақ неге екені белгісіз, біздің төраға бұл ұсынысты қабылдауға құлық танытпады, - дейді мүгедек Нина Дворовая.

Наразы жандарға қолында мүгедек баласы бар Лариса Хасанова да қосылған. Ол мүгедектер қоғамы есебінде тұратын кіші баласына 2009 жылдан бері дербес көмекші бөлу мәселесін шеше алмай жүр. Қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі мекемелерге шағымданған. Жуырда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «бұл мәселені шешу Теміртау қаласы жергілікті атқару органдарының құзырында» деген жауап келген.

– Бірақ Теміртаудың әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қала әкімі жанында кеңесші болып істейтін мүгедектер қоғамы төрағасы Максим Иващенко бұл проблеманы шешіп беруге көмектеспеді. Спорттық, шығармашылық жетістіктерін жетілдіру үшін және оңалту шараларына бару үшін ұлым Дениске дербес көмекші керек. Бүкіл отбасы күйеуімнің жалақысы мен екі баланың мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысына күнелтіп отырмыз. Ал мүгедек үлкен ұлым екеуміз өздігінен жүріп-тұруға дәрменсіз Дениске қарайлап, жұмысқа тұра алмай жүрміз, – дейді Лариса Хасанова.

МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫНДАҒЫ АХУАЛ

«Қала мүгедектерінің ерікті қоғамының» төрағасы Максим Иващенко кейбір наразы мүгедектердің сыны бүкіл бірлестіктің беделін түсірді деп есептейді, «сондықтан төрт мүгедекті қоғамнан шығардық» дейді.

«Қала мүгедектерінің ерікті қоғамының» төрағасы Максим Иващенко. Теміртау, 10 желтоқсан 2014 жыл.
«Қала мүгедектерінің ерікті қоғамының» төрағасы Максим Иващенко. Теміртау, 10 желтоқсан 2014 жыл.

– Мүгедектерді қоғамнан бізге жала жауып, қала жұртының алдында қоғамды масқаралағаны, беделін түсіргені үшін шығардық. Олар қоғамда өз дегенін орната алмайды. Жарғы ережесін бұзып, қоғам үстінен мемлекеттік органдарға шағымданды. Прокуратура тексеріп кетті. Енді сотқа жүгінеміз. Бірақ қазір ішкі істер басқарамасы шешімін күтіп отырмыз, – дейді Иващенко Азаттық тілшісіне.

Қоғам төрағасын жақтаған кейбір мүгедектер «мүмкін, олар басшылыққа таласып жүрген шығар» деп болжайды.

– Меніңше, Олеся Барашкина «қайтсем де төрағаның орнына отырамын» деп шапқылап жүр. Ал Дворовая Нина «менің орнымды басқа мүгедекке беріп қойды» деп өкпелеп жүр. Ал қалғандары оларды қолпаштап, наразылық білдіре бастады, – дейді мүгедек Анатолий Самарин.

ПРОКУРАТУРА РЕАКЦИЯСЫ

Қоғамнан қуылған мүгедектер әкімдікке, президенттік «Нұр Отан» партиясына және Қарағанды облыстық еңбек инспекциясына шағым жолдаған. Шенеуніктер сотқа жүгінуге кеңес берген. Олар «елде шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан кәсіпкерлікпен айналысатын мүгедектер қоғамы қызметін тексере алмаймыз» деген уәж айтқан.

Тек прокуратура ғана арызды «мүгедектер қоғамы еңбек заңын және мүгедектердің құқығын бұзу фактісі» ретінде тіркеп, мүгедектердің шағымы бойынша тексеру жүргізген.

Қалалық прокуратура хатында «Қоғамда жүргізілген тексеру барысында Н.М.Дворовая және О.В.Барашкинамен еңбек шартын бекіту және бұзу, екеуінің жұмыс уақыты есебін жүргізу кезінде еңбек заңы талаптары бұзылғаны анықталды, бұл заң бұзушылыққа қатысты Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 148-бабы қолданылуы мүмкін. Жеке көмекші қызметін ақысыз көрсету туралы келісім-шарттар мен атқарылған жұмыс актілеріне бірінші топ мүгедектері белгісіз мөрлерді басу арқылы қол қойған фактілер анықталды, бұл – Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 177-бабы талаптарын бұзу болып танылуы мүмкін» деп жазылған.

Тергеу алды тексеру амалдарын жүргізу Теміртау қаласы ішкі істер басқармасына жүктелген.

XS
SM
MD
LG