Теміртаудағы орталық базардың арт жағындағы алаңға келсеңіз, құбатөбел, кейде тіпті кірлеген киім киген ондаған ер азаматтың жол жиегінде топтасып отырғанын көрер едіңіз. Кейбірі шарбақта, кейбірі қолдан жасалған орындықта жан-жақтарына жалтақтай қарап отыр. Бұл – бейресми еңбек нарығы. Біразының арнайы орта және жоғары білімі бар оралмандар бұл жерге бір күндік табыс іздеп келеді.
КЕЗДЕЙСОҚ ТАБЫС
Оралмандар бұрын базарға қарама-қарсы бетте, құбырлардың үстінде отыратын. Құбырларды алып тастаған соң олар базар алаңына қарай көшті. Мұнда әдетте 30-дай адам отырады. Бұл қолайлы, жұрт көп жиналатын орын – жанында көлік тұрағы, дүкен, базар бар. Мұнда, мәселен, жүк тасып, қосымша ақша табуға болады.
Жұмыс күтіп сарылып отырған мигранттарға жергілікті халықтың көзі үйреніп кеткен. Жұмыс істейтін адам керек болса, қайда бару керегін бәрі біледі. Бірақ жоғары қызметтегі шенеуніктердің бірі Теміртауға келер күні қалада кездейсоқ табыс іздеп сенделген бір де бір адамды көрмейсіз.
Оралмандар әуелі бізбен сөйлесуге құлық танытпады. Олардың айыптайтын ойымыз жоғына, өздері жайлы ақпаратты билік орындарына жеткізетін адам емес екенімізге көздері жеткен соң ғана әңгімелесуге келісті. Олар Азаттық тілшісін «журналист емес, әлдебір ведомстводан келген адам» деп қорыққан екен, сол себепті журналистік куәлікті көрсетуді талап етті. «Мақалада ешкімнің аты-жөні жазылмайды» деп сендірдік.
Оралмандардың айтуынша, базар алаңына күнкөріс іздеп келетін 60-70-тей адам бар. «Қолымыз епсекті шеберміз, кез-келген жұмысты істей аламыз» дейді олар. Күніне бір не екі мың теңге, кейде сәті түскенде бес мың теңге табатындарын айтты.
– Бірақ ондай кез сирек болады. Кейде күні бойы тұрып та көк тиын таппаймыз. Сонымен бірге өтіп бара жатқан жұрт кейде үдірейе қарайды, кейбірі жақтырмайтынын ашық айтып, «арзан еңбек күші» деп кетеді. Жалпы, ешкім мазамызды алмайды, – дейді оралмандар.
Оралмандардың біразының ұялы телефонмен шақырып алатын тұрақты клиенттері бар. Әдетте мұндай адамдардың табыстары металға байланысты. «Қылмыстық ұсыныстар да болып тұрады, бірақ ондай жұмысқа бармауға тырысамыз» дейді жұмыссыздар.
АРЗАН ЖҰМЫС КҮШІ
Көшеде отырған оралмандардың айтуынша, жұмыстың көбі негізінен таңертең шығады. Жұмыс берушілер әлдебір жүкті түсіруді, бірдеңені жинауды, басқа жерге жеткізіп беруді, жер қазуды, тазалап беруді тапсырады. Жұмыстың ең аз ақысы – 500 теңге (3 АҚШ доллары шамасында). Қосымша ақша тапқысы келетіндер күнде таңертең өз орындарына келеді – табылған жұмысты бірінші болып келіскен адам немесе ауыр да лас екендігіне қарамай тәуекел еткен адам алады. «Өз арамызда жанжал болмайды» дейді оралмандар.
Өзбекстаннан оралған 23 жастағы жігіт – бұл жерге күнде келетіндердің бірі. Ол отбасымен бірге тарихи отаны Қазақстанға жақсы өмір сүрсем деген үмітпен оралған екен. Алайда бұл жерде оларды күтіп отырған ешкім болмапты.
– Әуелі Шымкентте тұрдық, сосын Теміртауға көшіп бардық. Әлі күнге дейін қалада тіркелмедік, осының кесірінен ресми жұмысқа орналасу
Жұмыс тосып тұрғанда кейде полиция келіп, бірнеше адамды әкетеді. Саусақ таңбамызды алған соң ғана босатады. Олар біздің «жоқшылық кесірінен қылмыс жасауы мүмкін адамдар» қатарынан екенімізге кәміл сенеді.
мүмкін емес. Бірақ шеттен келген оралмандардың бәрінің мамандығы бар. Өзбекстанда тұрмысымыз жақсы болды – мал өсірдік, баспанамыз да, тамағымыз да, жұмысымыз да болды. Ал Қазақстанда көшеде отырып кездейсоқ жұмыс іздеуге мәжбүр болдым, – дейді оралман Азаттық радиосы тілшісіне.
Ол заңгер болғысы келетінін айтады. Жылына 80 мың теңге төлеп, сырттай оқу бөліміне түсіпті. Қазір университеттегі оқуына ақша жинап жүр. «Бірақ жыл сайын оқу ақысы өсіп барады» дейді 23 жастағы оралман жігіт.
Оның айтуынша, алғашқы кезде оралмандарды бұл маңнан қуып таратпақ болыпты. «Қазір ешкім тимейді, тек айына бір рет полиция қызметкерлері полиция бөлімшесіне жеткізіп, саусақ таңбамызды алады» дейді. Полицейлер саусақ таңбасын «қылмыстың алдын алу мақсатында түсіреміз» дейді екен.
– Кейде күнкөріс үшін жұмыс тосып тұрғанда полиция көлігі келіп, бірнеше адамды полиция бөлімшесіне әкетеді. Саусақ таңбамызды алған соң ғана босатады. Олар бізді «жоқшылық кесірінен қылмыс жасауы мүмкін адамдар» қатарына қосады, – дейді оралмандар.
Жасы 35-тер шамасындағы бір оралман әңгімеге араласты. Ол үш ай бұрын Өзбекстаннан келіпті, жұбайы және үш баласы бар екен. Ол жақта жұмысы болғанын, бірақ әрбір айыбы үшін ақшасынан айырып, ақыры жартымсыз еңбекақы алғанын, үйі болмағанын айтады.
– Осында келгенде алуан қиындыққа душар болдым. Тіркеліп, барлық құжаттарды рәсімдеу оңай емес екен. Оған қоса көші-қон полициясындағы кезек аса көп. Ол жақта тек белгілі бір күндері қабылдайды. Бірақ менің «темір ұстасы-жөндеуші» деген мамандығым бола тұра, Теміртауда жұмыс таба алмай жүргеніммен салыстырғанда, бұл – ұсақ-түйек нәрсе. Мені жұмысқа алмайды. Көшеге шығуға тура келді. Мұнда мен сияқты ондаған адам бар. Көшеде жүріп күніне ең көп дегенде бір жарым, екі мың теңге табамын. Бала-шағамды осы ақшамен қалай асырамақпын сонда! – деп ашынады азамат.
Азаттық радиосы тілшісімен сөйлескен тағы бір оралман да Өзбекстаннан келгенін айтады. Бірақ дұрыс жұмыс таба алмаған отағасы кездейсоқ табыс іздеп көшеге шығыпты, ал жұбайы балабақшада сыпырушы болып еңбек етеді.
– Үш балам бар. Екеуі мектепте оқиды, оларды киіндіру керек, асырау керек. Бірақ менің мүлдем құр қайтатын кездерім болып тұрады. Ол аса ауыр әрі ұят сәт, – дейді оралман.
ҚҰЛДЫҚ
Көшеде кездейсоқ жұмыс іздеп тұрған мигранттар зор қауіпке бастарын тігеді. Өйткені Теміртауда жұмыс іздеген адамдарды «жұмыс береміз» деген сылтаумен қала сыртына апарып, күштеп ұстап, ұрып-соғып, күндік тамағын ғана беріп, ауыр жұмыс істеткен оқиға да болыпты.
Еріксіз еңбек пен сексуальдық құлдықтан зардап шеккен жандарға психологиялық және материалды көмек көрсететін «Қайсар» қоғамдық ұйымының төрайымы Оксана Тарабукина:
– Жақында бір жас жігіт құлдықтан босап шықты. Көптеген мигранттар сияқты ол да кездейсоқ табыс іздеп жүрген екен. «Қосымша жұмыс істетеміз» деп, көлікке мінгізіп әкеткен. Сол кеткеннен тоғыз жылдан соң ғана үйіне оралды. Бұл жігітті Қазақстанның оңтүстігінде үй салдыртып, қора тазалатып, қамап ұстапты. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірталайы құлдықтан қашып құтылған соң болған жайтты полицияға хабарламайды, – дейді.
Оралмандар да құл саудасына құрбан болып кетулері мүмкін екенін түсінеді, сондықтан жұмысқа жоқ дегенде екі-екіден аттануға, серіктерін кімнің қайда апара жатқанын есте сақтап қалуға тырысады.
БИЛІК ОРЫНДАРЫ ЕСЕПКЕ САРАҢ
Статистика басқармасының мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың 1 шілдесінде Теміртауда 179 мың 470 адам тұрған.
Қазақстанға этникалық қазақтардың қоныс аударуы 1991 жылы басталған еді. Теміртауда оралмандар туралы ресми ақпарат алу аса қиынға соқты. Шенеуніктер тілшінің неліктен дәл оралмандар жайлы мәселеге қызыққанын, мақалада нендей мәселе сөз болатынын сұрады. Теміртау қалалық көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы әу
дегеннен оралмандар жайлы статистиканы беруден мүлде бас тартты. «Бұл – қызметтік ақпарат, ал сіз журналист емес, тыңшы болуыңыз мүмкін» деді.
Ұзақ келіссөздерден соң ол мекеменің бастығы «Теміртау қаласы ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне өтініш жасаңыз» деген ақыл айтты. Ал Теміртау қаласы ішкі істер басқарма «Қарағанды облысы ішкі істер бөлімінен рұқсат алу керек» деді. Ақыры бір жарым апта өткен соң ғана көші-қон полициясымен сөйлестік.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Теміртауда 2829 оралман тұратыны мәлім болды. «Қазақстан азаматтығын алған адамдар есепке кірмейді, оларды бұл тізімнен шығарып тастайды» дейді көші-қон полициясы.
Биыл Өзбекстаннан келген 292 оралман, моңғолиялық 18 оралман Теміртауға тіркеліпті.
«ЖҰМЫССЫЗ ОРАЛМАН – ҮШЕУ»
Көші-қон полициясының дерегінше, Қазақстанда «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес қоныс аударушы оралмандар «белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланады»: оралмандарды қарулы күштер қатарындағы қызметтен босатады; оқу орындарына түсуге квота бөлінеді; зейнетақы мен жәрдемақы төлейді; шекарадан кеден төлемдері мен баж салығын төлемей өте алады; тұратын жерлеріне тегін, әрі дүние-мүлік, малын қоса жеткізеді; тұрғын үй алуға қаражат бөледі; бір жолғы жәрдемақы төлейді.
Орташа есеппен бес адамнан тұратын әр отбасыға 833 мың теңге (5,7 мың АҚШ доллары шамасында) бөлінеді. Қарағандыда оралмандарды уақытша орналастыру және олардың мәдени-әлеуметтік адаптациясы орталығы қызмет етеді. Ол жерде құқық мәселелері бойынша кеңес беріліп, мемлекеттік тілді (ниет етсе, орыс тілін де) үйретеді.
Ресми ақпарат бойынша, 2010 жылы жұмыспен қамту бөлімшесіне 24 оралманнан өтініш түскен: олардың алтауы жаңадан білім алуға жіберілген, төртеуі қоғамдық жұмыстарға қатысқан, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 1 тамыз күнгі дерек бойынша, жұмыссыздар есебінде үш оралман тұр.
«ОРАЛМАНДАРДЫҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ»
«Оралмандарды қоғамға бейімдеу мәселелері әлі де өзекті» дейді қала билігі. Оның себептері ретінде көші-қон квотасын беруді, азаматтықты рәсімдеуді атайды. «Оралмандардың наразылығын ең көп тудыратын – осы жайттар» деді жуырда Теміртауда өткен дөңгелек үстелде баяндама жасаған шенеуніктер.
Бұл баяндамада тіл мәселесі де сөз болған. Алыс шетелден, оның ішінде Қытайдан келген оралмандар кириллица негізіндегі қазіргі қазақ жазуын танымайды, осының кесірінен Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып, мамандық игеруге мүмкіндіктері жоқ. Көпшілігі орыс тілін білмегендіктен жерсінулері де қиын болады.
«Қазақ тілінде білім беретін мектептердің жеткіліксіздігі де проблема болып отыр, себебі оралмандар балаларын ана тілінде оқытуды жөн көреді» дейді баяндама авторлары.
Баяндамада оралмандардың жерсінуіне тағы бір кедергі –«репатрианттарға деген байырғы халықтың (қазақтардың да, басқа ұлттардың да) теріс пиғылы» екені де айтылады
«Бәсекеге қабілеттіліктің төмендігіне байланысты еңбек нарығында оралмандарды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру айтарлықтай нәтиже бермейді» дейді баяндамашылар. Сондықтан оралмандар арасында жұмыссыздар көп. Кепілге қоятын
Қажетті құжаттарды рәсімдеуді, азаматтық алуды өте ұзақ – жарты жылдан бір жарым жылға дейін күтуге тура келді. Сондықтан көбіміз дұрыс жұмыс таба алмадық.
дүние-мүліктері болмаған соң оралмандар банктен несие ала алмайды.
Ал Теміртау қалалық көші-қон полициясының айтуынша, оралмандар елде тұрақтау ережелерін жиі бұзады екен. Бұл үшін оралманға не 40-50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салады, не 15 күнге дейін қамауда ұстайды. 11 оралманға айыппұл салған екен. Теміртауда оралмандарды шығарып жіберген оқиғалар тіркелмеген. «Оралмандар әдетте бір мекен-жай бойынша тіркеледі де, көбінесе басқа жерде тұрып жатады: бұл көші-қон полициясы қызметкерлерінің машақатын көбейтеді» деп жазады баяндама иелері.
Гүлмираның отбасы 2002-2008 жыл аралығында Өзбекстаннан көшіп келіпті. Оның сөзіне қарағанда, Заравшан қаласында тұрғын үйлері, жұмыстары болған екен, бірақ бәрін тастап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша келіпті.
– Президент «тарихи отанына қайтып келген репатрианттарға әжептәуір ақша, жұмыс, тұрғын үй береміз» деп уәде етті. Бірақ бәрі де соншалықты оңай болмай шықты. Біз квота бойынша қайтып оралдық, сол себепті бізге тұратын үй бермеді деңіз. Отбасының әрбір мүшесіне белгілі бір қаржы бөлді. Ортақ ақшамыз тек шағын үй сатып алуға ғана жетті. Қажетті құжаттарды рәсімдеуді, азаматтық алуды өте ұзақ – жарты жылдан бір жарым жылға дейін күтуге тура келді. Сондықтан көбіміз дұрыс жұмыс таба алмадық. Мен - ауруханада санитармын, туыстарым өнеркәсіптік мердігер ұйымдарға орналасты, біріміз қызмет көрсету саласында жұмыс істейміз, – дейді оралман келіншек.