Accessibility links

Тергеудегі атеист ісінің тексерілмей жатқанына бір жылдан асты


Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғыны Александр Харламов. Алматы, 31 қаңтар 2015 жыл.
Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғыны Александр Харламов. Алматы, 31 қаңтар 2015 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, ісі тергеуде жатқан атеист әрі құқық қорғаушы қылмыстық айыптауға негіз болған дүниетанымдық көзқарастарын әлі жариялап жүр. Қазір Алматыда жүрген оның қылмыстық ісінің тексерілмей жатқанына бір жылдан асқан.

Діни араздық қоздыру бабы бойынша айыпталып, 2013 жылы алты айдай тергеу абақтысында отырып шыққан Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының 62 жастағы тұрғыны, атеист әрі құқық қорғаушы Александр Харламов Қазақстандағы адам құқығы бюросының семинарына қатысу үшін Алматы қаласына келген.

Ісі қосымша тергеуде жатқандықтан, Александр Харламовтың жүріп-тұруына шектеу қойылған.

- Бұлтартпау шарасын ғана өзгертіп, «ісі тергеуде жатқан адам» мәртебесі берілген. Қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрмін. Алматыға бару үшін тергеушіден рұқсат сұрауға тура келді. Риддерге ақпанның 3-інен кешікпей қайтуым керек, - дейді Александр Харламов.

АТЕИСТ КӨЗҚАРАСЫ ТУРАЛЫ ДІНТАНУШЫЛАР ДАУЫ

Өзін «атеист» атайтын Александр Харламовқа қатысты жанжал, ресми болжам бойынша, оның діни көзқарасына байланысты туған. Бірақ ол «жергілікті шенеуніктердің бірін қатаң түрде сынағаным үшін 2013 жылы қылмыстық қудалауға ұшырадым» деп болжайды.

Александр Харламовтың көзқарасы жергілікті газеттер мен интернетте жариялаған мақалаларында көрсетілген. Оның «ілімі» бойынша, шын мән-мазмұны христиан дінінде көрініс тауып, адамзат кейін айырылып қалған адамгершілік құндылықтарды қазіргі заманда қайта қалпына келтіру қажет. Ол христиандыққа діни формасына емес, ғылыми тұрғыдан қарап, христиан дініндегі адамгершілік философиясы сияқты құнды дүниені пайдалану керек деп санайды.

Александр Харламовтың тергеу абақтысынан шыққан сәті. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Александр Харламовтың тергеу абақтысынан шыққан сәті. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Тергеуші тапсырмасы бойынша Харламовтың «ілімін» талдаған сарапшылар көпшілік халықтың дүниетанымына қайшы болғандықтан, оның «ілімінде» діни араздық қоздыру белгілері бар деген ұйғарымға келген.

2013 жылдың көктемінде Александр Харламовтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті психиатриялық комиссия оны сараптамадан өткізіп, «психикасы сау емес» деген алдын ала диагноз қойған.

Ал құқық қорғаушы Харламов «мені есалаң етіп шығарғылары келеді» деп мәлімдейді. Бұл болжамы дөп келіп, 2013 жылдың жазында оны Өскемендегі тергеу абақтысынан Алматыға этаппен жөнелтіп, психиатриялық сарапатамадан еркінен тыс өткізген.

Ол өзін «атеист» деп атайды әрі психикасы сау тұлға екенін дәлелдеп келеді. Психиатриялық «емтиханнан» өткен Харламов абақтыға да қамалды, этаппен де жүріп көрді. Ол «күзетшілер ұрып-соқпады, бұрынғы милиционер екеніме қарамастан, тұтқындар маған құрметпен қарады» дейді.

- Тұтқындар туған күніме тіпті сыйлық та жасады. Бұрынғы милиция қызметкері ретінде құқығым болса да, басқа камераға ауыстыруды сұраған жоқпын, - дейді Александр Харламов.

АЯҚ АСТЫНАН БОЛҒАН «БЕТБҰРЫС»

Шығыс Қазақстанның түкпіріндегі бір қалашықта тұратын, жұртқа беймәлім атеист әрі құқық қорғаушының ісі Қазақстаннан тыс қоғамның да назарын аударды. Александр Харламовқа Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы мен АҚШ-тың адам құқығы комиссиясы араша түсті.

Александр Харламовтың (оң жақта) сот залында тұрған сәті. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы, 2 тамыз 2013 жыл.
Александр Харламовтың (оң жақта) сот залында тұрған сәті. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы, 2 тамыз 2013 жыл.

Ал республикалық психиатриялық комиссия Харламовтың психикасы сау деген қорытынды шығарды. Оны Шығыс Қазақстан облысына кері қайтарып, ісін сотқа өткізді.

2013 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Риддер қаласында Харламов ісіне қатысты сот процесі басталды. Харламов «судья кеңесу бөлмесіне шығып кеткен кезде күрт бетбұрыс болып, тергеу мен соттың репресиялық машинасында бірдеңе бұзылғандай болды» дейді.

- Прокурорды алып тастады. Жаңа прокурор судьядан мені қамаудан босатуды талап етті. Судья бірден шешім шығарып, тергеу абақтысына келіп, дереу босатты. Бірақ сот қосымша тергеу амалдарын жүргізу туралы қаулы шығарды. Яғни, қазір мен ісі тергеуде жатқан адаммын. Тек бұлтартпау шарасын ғана өзгертті. Қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрмін.

«БЕЛГІСІЗДІК ҚАЖЫТТЫ»

Александр Харламов «істің бір жылдан бері бір жағына шықпауы қажытты» дейді. Оның ісіне қатысты қосымша тергеу амалдары әлі басталмай, қозғалыссыз жатыр.

Бірақ Александр Харламов қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол құқық қорғау қызметімен айналысады. Ол «Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жуаны заңсыз теру ісін жеңіп шықтым» дейді, Азаттық бұл жайында ертеректе жазған болатын.

Бостандықта жүрген Харламов «Ең дана кітап» деп атаған кітабын жазып бітірген. Оны қылмыстық қудалауға осы кітап үзінділер себеп болған еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG