Accessibility links

Қырғызстаннан тауар қымбаттап келеді деген қауіп бар


Бішкек базарында қоларбамен жүк тасып жүрген жігіт. (Көрнекі сурет)
Бішкек базарында қоларбамен жүк тасып жүрген жігіт. (Көрнекі сурет)

ЕАЭО-на кірген соң Қырғызстанда үшінші елдерден әкелінетін тауарлар қымбаттады. Енді Қазақстанда да баға қымбаттауы мүмкін деген қауіп айтыла бастады.

ҚЫРҒЫЗСТАНДА БАҒА ҚЫМБАТТАДЫ

Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіргеннен кейін Қырғызстанда Қытай, Түркия сияқты елдерден әкелінетін тауар бағасы күрт қымбаттап кетті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұрын бағасы 120 сом болған Қытайда жасалған шамдар үшін саудагерлер қазір 150 сом сұрайды. Ал Түркияда шығарылған жез сымның бір метрі 32 сомнан 42 сомға дейін қымбаттаған.

Тауар түріне қарай кедендік баж көлемі 20, ал кейбір тауарлар бойынша тіпті 50 пайызға өскен. Қырғызстан кәсіпкерлері доллар бағамының өсуіне байланысты тауар тағы қымбаттауы мүмкін деген болжам айтады.

Тауар бағасының қымбаттауын экономистер де Қырғызстанның ЕАЭО-на кіруімен байланыстырады. Олардың есебі бойынша, тауар бағасы орта есеппен 30 пайызға қымбаттаған. Бірақ, олардың сөзінше, кедендік баж көлемі өсуіне байланысты баға бір рет қана көтерілуі тиіс, алайда доллар бағамы 70 сомға дейін өссе, баға да қымбаттай бермек. Бұған ілесе саудагерлердің өздері де бағаны әдейі қымбаттатуы мүмкін.

Тамыздың 12-сінен бастап үшінші елдерден әкелінетін тауардан алынатын кедендік баж мөлшері бұрынғы нөл пайыздан 16 пайызға дейін өскен. Қырғызстан кеден қызметі өкілдерінің айтуынша, кедендік баж алымына қоса тауардан 12 пайыздық қосымша құн салығы да ұсталады.

Кедендік бақылау жойылған күні қазақ-қырғыз шекарасында тұрған адамдар. 12 тамыз 2015 жыл.
Кедендік бақылау жойылған күні қазақ-қырғыз шекарасында тұрған адамдар. 12 тамыз 2015 жыл.

Қырғыз сарапшыларының пікірінше, тауар қымбаттауын тоқтатпайды. Өйткені қазір сөрелерде Қырғызстан ЕАЭО-на кірмей тұрып әкелінген әрі ескі бағамен сатылатын тауар әлі бар. Бірақ, қазірдің өзінде кейбір кәсіпкерлер ескі тауарларына қазіргі кедендік баж алымын қосып, жаңа баға қойып жатыр.

Қырғызстанға құрылыс материалдарының көбі ЕАЭО-на мүше емес елдерден, әсіресе Қытай, Түркия және Оңтүстік Кореядан келеді.

Қырғыз сарапшыларының айтуынша, бұрын кедендік баж алымы ретінде киім-кешектің бір килограмынан 35-50 цент алынып келген. Қырғызстан ЕАЭО-на кіргеннен кейін баж мөлшері екі долларға дейін өсті. Олар енді Қытай тауарларының бағасы бірнеше есе қымбаттап кетуі мүмкін деп жорамалдайды.

ҚАЗАҚСТАНДА БАҒА ҚЫМБАТТАЙ МА?

Қазақстанның тұңғыш президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы Жұмабек Сарабеков биыл тамыз айында жариялаған «Қырғызстанның еуразиялық таңдауы Қазақстан мен Ресей үшін қатерге айнала ма?» деген баяндамасында Қырғызстанның ЕАЭО-на мүшелікке өтуіне байланысты Қазақстан экономикасында мүмкіндіктермен қатар қиындықтар да пайда болады деп жазады. Ол Қырғызстан азаматтарының реэкспортпен айналысуы негізгі қатерге айналуы мүмкін деп ескертеді.

Сарапшының пікірінше, реэкспорт ағынын тоқтату үшін Қазақстан қырғыз контрагенттерінің сауда операцияларына қойылатын талапты күшейтеді. Тауарды талапқа сай өңдеуге қойылатын ТМД елдері аясындағы келісімдермен бекітілген критерийлер қолданылуы тиіс деп санайды Жұмабек Сарабеков. Ол баяндамасында осы критерийлерге сәйкес, қосымша құн салығының пайыздық үлесі 50 пайыздан кем болмауы және тауардың шыққан елі көрсетілуі тиіс деп жазады.

Шымкенттегі саудар базарларының бірі. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі саудар базарларының бірі. (Көрнекі сурет)

Жұмабек Сарабековтің қаупін қазақ стратегиялық зерттеулер институы директорының орынбасары Санат Көшкімбаев та құптайды. Оның пікірінше, Қырғызстан дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткеніне 15 жылдан асқанына қарамастан, халқының 20 пайызға жуығы заңсыз алыпсатарлық бизнес – үшінші елдерден, әсіресе Қытайдан тауар тасумен айналысады.

Санат Көшкімбаевтың айтуынша, теориялық тұрғыдан алғанда, Қырғызстан ЕАЭО елдеріне үшінші елдерден реэкспорттап отырған тауар бағасы қымбаттауы тиіс. Өйткені Қырғызстан одаққа мүшелікке өтіп, ЕАЭО-на мүше өзге елдермен арадағы кедендік кедергілердің алып тастауына байланысты кедендік және өзге міндеттемелерін орындауы тиіс.

Бірақ, Қырғызстанға заңсыз тауар әкелу тоқтамайтындықтан, баға қымбаттамауы да мүмкін дейді Көшкімбаев. Маманның ойынша, Қырғызстан ЕАЭО-на кірген соң заңсыз тауар тасу бизнесі тоқтауы екіталай, өйткені бөлшек сауда-саттықты ұйымдастыру ісіне халықтың 20 пайызы ғана емес, билікте отырған адамдардың да қатысы бар.

– Тауарлары адам нанғысыз арзан болған қырғыз базарлары бұған дейін қатты өркендеп, ұлттық қана емес, аймақтық деңгейдегі базарларға айналды. Транзиттік экономика Қырғызстан экономикасында біразға дейін үлкен рөл атқара береді, - дейді Санат Көшкімбаев Азаттыққа.

Транзиттік экономика Қырғызстан экономикасында біразға дейін үлкен рөл атқара береді.
Санат Көшкімбаев

Оның болжамы бойынша, өтпелі кезеңнен кейін, яғни Қырғызстанның ЕАЭО-на толық мүшелікке өтуіне байланысты үшінші елдерден, әсіресе Қытай мен Түркиядан Қырғызстан арқылы келетін транзит бұрынғы көлемде болмаса да, қалпына келуі мүмкін.

Оппозициялық саясаткер әрі Қазақстанның экономика министрлігіне қарасты макроэкономикалық саясат басқармасының бұрынғы қызметкері Мұратбек Кетебаев импорттық тауарлардың бұл тобының бағасын көбінесе елдің ішкі төлем қабілеті белгілейтін болғандықтан әрі ол күрт түсіп бара жатқандықтан, баға қымбаттай қоймайды деп санайды. Оның болжамынша, Қырғызстан арқылы транзитпен келетін кейбір нақты тауар түрлері біртіндеп қымбаттауы мүмкін деп санайды.

– Бұған қазақ-қырғыз шекарасында трансакциялық шығындардың азаюы кедергі болуы мүмкін, бірақ бөлшек саудада жанар-жағар май бағасының қымбаттауы әсер етеді, - дейді Мұратбек Кетебаев Азаттыққа.

Кетебаевтың айтуынша, жаңа көліктер немесе сән-салтанат бұйымдары саналатын фирмалық заттар болмаса, Қырғызстаннан келетін бүкіл тауардың бағасы қалай құбылатынын алдын ала болжау өте қиын.

Тамыздың 12-сінде Қырғызстан ЕАЭО-ның толық мүшесіне айналды. Сол күні Қазақстанмен шекарадағы кедендік бақылау ресми түрде алынып тасталды. Қырғызстанның ЕАЭО-на мүшелікке өтуін екі елдің сарапшылары әрқилы бағалайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG