Accessibility links

Құқық қорғаушы Курамшиннің соты қайта басталды


Солдан оңға қарай: адвокаттар Искандер Әлімбаев пен Рәзия Нұрмашева. Қоршау ішінде отырған Вадим Курамшин. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.
Солдан оңға қарай: адвокаттар Искандер Әлімбаев пен Рәзия Нұрмашева. Қоршау ішінде отырған Вадим Курамшин. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.
Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді Вадим Курамшиннің соты сараптамаға байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Екі айдан соң сот қайта жалғасты.

Шамамен екі айға созылған үзілістен кейін, тамыздың 6-сы күні Тараздағы мамандандырылған ауданаралық сотта іс қайта қарала бастады.

Вадим Курамшинге «прокуратура қызметкерінен пара талап етті» деген айып тағылып, қаңтар айының 23-інен бері Тараз қаласының түрмесінде отыр.

САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Курамшиннің адвокаты Рәзия Нұрмашеваның айтуынша, бүгін сот психологиялық-филологиялық сараптаманың нәтижесі шыққан.

– Кейбір сұрақтардың жауапсыз қалғанын есептемегенде, жалпы сараптама нәтижесіне көңіліміз толады. Онда «нақты тікелей талап етпеген» деп жазылып тұр. Сараптама Алматыда жасалды, - деді Рәзия Нұрмашева.
Пара талап етті деп айыпталған құқық қорғаушы Вадим Курамшин сот залында отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.
Пара талап етті деп айыпталған құқық қорғаушы Вадим Курамшин сот залында отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.

Бұл - екінші сараптама. Бұған дейін қорғау тарабы Шымкент қаласында тергеу органдары жүргізген сараптаманың сапасына күмән келтіріп, екінші сараптамаға өтініш түсірген.

– Алғашқысын біліксіз мамандар жүргізген екен. Сарапшылардың біреуінің лицензиясы жоқ болып шықты. Ал екінші сарапшы орыс тілін мүлде білмейді. Соттан қайтадан сараптама жасатуды өтіндік, - деді адвокат Рәзия Нұрмашева.

ЕКІ НЕГІЗГІ КУӘГЕР

Қорғау тарабының айтуынша, Вадим Курамшиннің үстінен қозғалған қылмыстық істе негізгі екі куәгер бар. Бұл Кузьмина және Кәрібай Құсайынов. Істі көрген Курамшиннің таныстарының айтуынша, дәл осы екі азамат прокуратура қозғаған қылмыстық істің жай-жапсарын өте жақсы біледі. Бірақ адвокат Рәзия Нұрмашева бұл екі куәгердің сотқа келмей жатқанын айтады.

– Осыдан екі ай бұрын Құсайыновтың ауруханада жатқаны туралы анықтама келді. Ал Кузьмина жолға ақшасы болмағандықтан, келе алмайтынын айтқан. Біз бұл екі азаматтың сотқа келуін міндеттеу туралы өтініш тапсырдық. Бірақ судья «егер айыптау жағы оларды өздері әкелмесе, қатысуына жағдай жасамаса, сотқа келтіруге міндеттей алмаймыз» деп жауап берді, - деді Рәзия Нұрмашева.
Курамшин ісі бойынша куәгер Кәрібай Құсайынов. Алматы, 7 қараша 2011 жыл.
Курамшин ісі бойынша куәгер Кәрібай Құсайынов. Алматы, 7 қараша 2011 жыл.

Азаматтық белсенді Дмитрий Тихоновтың айтуынша, бұл екі азаматтың да сотқа қатысуға мүмкіндігі бар.

– Құсайыновтың Астанада баспасөз мәслихатын өткізгені туралы guljan.org басылымы басты. Ал Кузьминаның келуге мүмкіндігі бар болып шықты. Бірақ соған қарамастан сот оларды шақырғысы келмей отыр, - деді Дмитрий Тихонов.

Қорғау жағының айтуынша, бүгінгі отырыста Курамшиннің адвокаттары сотқа «жедел іздестіру әрекетінің материалдарымен танысу» сияқты бірқатар өтініштер түсірген. Рәзия Нұрмашева «Судья материалдарға қатысты өтініш бойынша әзірге шешім қабылдаған жоқ. Бірақ бұған дейін бұл өтінішті қанағаттандырмаған еді» деді.

Бұл қылмыстық істе қазір куәгерлер сұралып жатыр. Адвокаттардың айтуынша, бұған дейін айыптау жағы ұсынған 12 куәгердің тек төртеуінен ғана жауап алынған.
Қылмыстық істегі екінші тараптан жауап алудың сәті түспеді.

Бұған дейін Вадим Курамшин қылмыстық-процессуалдық нормалардың орындалмауына наразылық танытып, аштық жариялаған еді. Адвокат Рәзия Нұрмашеваның айтуынша, қазір айыпталушы аштық акциясын тоқтатқан.
«Оның жағдайы қалыпты. Тараздағы терзеу изоляторында отыр» деді ол.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG