Accessibility links

Журналистика – қауіпті кәсіптің бірі


Оппозициялық басылым журналистері наразылық танытып тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Оппозициялық басылым журналистері наразылық танытып тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстандағы журналистердің қауіпсіздігіне алаңдайды. Ал сарапшылар қауіп-қатерге ұшырамаудың амалдары бар екенін тілшілерге айтты.

Оппозициялық 16/12 порталының тілшісі Евгения Сазонова – кәсіби қызметіне байланысты үнемі қоқан-лоқы мен қорқытуды бастан кешіріп келе жатқан журналистердің бірі. Оның сөзінше, Қазақстанда әсіресе тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) журналист болу қиындап барады.

«Қазақстанның тәуелсіз журналистика алаңы өте шағын және онда жұмыс істеу өте қиын. Себебі үнемі қысым жасайды, белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытады. Үнемі аңдып, кәсібіңді тастауға үгіттейді. Мұндай нәрселер өте жиі болып тұрады» дейді Евгения Сазонова.

Журналист әріптестерінің мұндай заңсыз әрекеттерден қорғана алмайтынын айтып налиды.

«ҚАЗАҚСТАН ТҮРКІМЕНСТАННАН ГӨРІ ОҢДЫ»

Қазақстанда БАҚ өкілдеріне қысым жасалатынын «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина да растайды.

Оның айтуынша, Қазақстанда журналистерге қысым жасалмайтындай болып көрінетіні – бұл елдегі оппозициялық БАҚ-тың аздығынан.

«Қазақстанда 3 мың БАҚ бар. Қазіргі кезде олардың арасында билікті сынайтын
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина. Алматы, 3 сәуір 2014 жыл.
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина. Алматы, 3 сәуір 2014 жыл.
төртеуі ғана қалды. Ол төртеуіне бірдеңе болса, әрине, пайызға шаққанда аз болып қалады» дейді Розлана Таукина.

Ол қазір Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде «тазарту» жүріп жатқанын айтады.

«Бізде сыннан мүлдем ада ақпараттық алаң дайындап жатыр. Тек үгіт-насихат қана. Әнұран шырқап, биліктің мәңгі қалуына қажет нәрселерді әндетіп қана қоятын жаңа кезеңге өтіп бара жатырмыз» дейді Розлана Таукина.

Таукинаның айтуынша, Орталық Азия елдерінің ішінде БАҚ-қа қысым зор ел – тәуелсіз ақпарат құралы мүлдем жоқ Түркіменстан. Розлана Таукина «20 мың саяси тұтқынның арасында журналистер өте көп Өзбекстанда да жағдай өте нашар» екенін айта келе:

«Ал Тәжікстанда жағдай өте күрделі. Себебі ол жақта ақпарат құралдары қаржылық жағынан кедей. Іс жүзінде әрең-әрең күндерін көріп отыр. Қырғызстанда да жағдай қиын. Ол елде БАҚ-қа қылмыстық топ еніп, төлейтін де, тапсырыс беретін де, өлтіретін де солар болғандықтан журналистер мерт болып жатыр» деді Таукина.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ КЕҢЕС

Журналистерге қоқан-лоқы жасау мен қорқыту әрекеттері Қазақстанда әдетке айналғаны, жылына ондай 20-30 оқиға тіркелетіні Алматыда сәуірдің 3-і күні «Қауіпті кәсіп» атты кітаптың тұсаукесері кезінде де айтылды.

Кітаптағы деректерге қарағанда, Қазақстанда 1991-2007 жылдары 27 журналист
Соққыға жығылған, кейін екі айдан соң ауруханада көз жұмған ақтөбелік журналист Игорь Ларра. 21 тамыз, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Соққыға жығылған, кейін екі айдан соң ауруханада көз жұмған ақтөбелік журналист Игорь Ларра. 21 тамыз, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
қайтыс болған. Олардың басым бөлігінің өлімі – кәсіби қызметіне байланысты.

Бірқатар журналистік ұйымдардың бастамасымен шығарылған кітап авторларының пікірінше, журналистер көбіне «негізгі құқықтық тәуекел аймақтары» деп аталатын жағдайларға байланысты қиындыққа душар болады. «Ол жағдайлар – мақала кейіпкерінің беделіне нұқсан келтіру, мақала кейіпкерінің жеке өміріне араласу, заңмен қорғалған құпия және жеке мәліметтерді жариялау, кәмелетке толмағандардың мәселесін қозғау, экстремизм, араздық және алауыздық қоздыру, авторлық құқықты бұзу» дейді авторлар.

Жинақ авторлары біреулердің қоқан-лоқысына ұшыраған, не өміріне қауіп төнген Евгения Сазонова сияқты журналистерге: «Ондай кезде қоқан-лоқы жасалғанын міндетті түрде айтыңыз, қоқан-лоқы жасаушыны анықтап және талабын білуге тырысыңыз, бәрін қағазға түсіріп полицияға хабарласыңыз, жеке бас қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіңіз, күрескерлік рухыңызды сақтап қалыңыз» деген ақыл айтады.

Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа жасалатын қысымды халықаралық ұйымдар да жиі сынайды. Мәселен, «Шекарасыз тілшілер» ұйымы 2014 жылы ақпан айында жариялаған баяндамасында Қазақстанның былтырғы индекспен салыстырғанда бір позиция төмен түсіп, 161-орынды иеленгенін айтқан.

​Ұйым Қазақстанды тізімде соңғы орындарда тұрған Түркіменстан, Өзбекстан және Әзербайжанмен бірге «тіс батпайтын» елдер қатарына қосқан. «Бұл елдер – сөз еркіндігі ең көп шектелетін, бірақ мұнай мен газдың бай қорының арқасында халықаралық қоғамдастық қысымына онша көп түсе бермейтін пост-советтік республикалар. Баспасөзі қатаң қадағаланатын, билікке бағынғысы келмеген журналистерін түрмеге қамайтын бұл елдердің үкіметтері өздеріне ешкімнің қысымы әсер етпейтіндей сезінеді» дейді баяндама авторлары.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG