Accessibility links

Торғайдағы крестер мен свастикалар


Торғай даласындағы крест пішіндес көне геоглифтің ғарыштан түсірілген суреті.
Торғай даласындағы крест пішіндес көне геоглифтің ғарыштан түсірілген суреті.

Қазақ даласындағы жұмбақ геоглифтерді іздеу тарихы.

Сегіз жыл бұрын ғарыштан түсірілген суреттердің арқасында қазақ даласынан көне геоглифтер, яғни жер бетіне салынған үлкен өрнектер табылған. Мыңдаған жылдық тарихы бар олар Перудегі әйгілі Наска сызықтарына ұқсайды. Осы уақытқа дейін 55 геоглиф тіркелген, бірақ Қоғай кресі деп аталатын біреуін биыл көктемде қиратып тастаған. Оның көп бөлігі автомобиль жолын жөндеген кезде бұзылып, крест тармақтарының ұштары ғана қалған.

Жуырда ғана ашылғандықтан, қазақстандық геоглифтер әлі толық зерттелмеген. Әзірше оларға қатысты жауаптан гөрі сұрақ көп. Мысалы, неге екені белгісіз, геоглифтердің бәрі бір жерде – Қостанай облысында шоғырланған. Нақтырақ айтқанда, «Торғай қолаты» немесе «Торғай» деп аталатын территорияда орналасқан. Бірақ, ұшы-қиыры жоқ даланың басқа тұсында мұндай бейнелер кездеспейді. Уақыт өте келе төмпешікке айналған геоглифтердің бәрі үзік-үзік сызық бойындағы нүктелер сияқты шағын қорғандар тізбегінен құралып, тік сызық, шеңбер, крест, шаршы сияқты қарапайым-күрделі нысандар шыққан. Оларды ғалымдар «свастика» деп атайды. 20-ғасырда фашизм қадірін кетірген таңба болғанымен, бұл – архаикалық мәдениеттерде күн мен мәңгілік белгісі болып саналған.

Геоглифтерді Қостанай қаласының тұрғыны Дмитрий Дей тапқан. Оның бірегей нысандарды табуын кездейсоқтық деуге болмағанымен, ол кәсіби археолог емес. Дмитрий Дей мүлде өзге зат іздегенін айтады:

– Тарих, археология, палеонтологиямен бала кезімнен әуестендім. Түз даланы экспедициямен араласам деп армандайтынмын. Бір күні теледидардан пирамидалар, олардың топырақтан, тастан жасалған түрлері бар екенін және түрлі дәрежеде сақталып, бүкіл жер жүзінде бытырап жатқаны туралы деректі фильм көрдім. Пирамида аласа тау сияқты көрінуі мүмкін. Ал археологтар қаза бастағанда, қираған пирамида болып шығады. Сонымен маған «ондай пирамидалар біздің жерде де болуы тиіс қой, іздеу керек» деген ой келді. Бұл ойым өзіме әуелі ақымақтық болып көрінгенімен, байқап көруге бел будым. Өйткені, 2006 жылы ғарыштан сурет түсіретін Google Earth бағдарламасы пайда болып, спутник арқылы жоғары сапада түсірілген суреттерді интернетте енді-енді ғана жариялай бастаған. Сәтін салып, 2007 жылы фотосуреттердің ішінен екі нысан тауып алдым. Олар – ең үлкен, ең әдемі, ең түзу шаршы және Торғай свастикасы. Бәрі содан басталды.

– Әлгі орынды көруге шақырған ұсынысыңызды археологтар қалай қабылдады?

Торғай даласындағы геоглифтердің бірі.
Торғай даласындағы геоглифтердің бірі.

– Жалпы, олар әлгі нысандарды білетін шығар деп ойлағанмын. Археологтарға телефон шалып, Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертханасының меңгерушісі Андрей Логвинмен танысып, оған суреттерді көрсеттім. Бір таңқаларлығы, ол мұндайды бірінші рет көріп тұрғандарын айтты. Екеуміз «мүмкін, бұл геолог немесе әскерилердің әзілі немесе совет заманынан қалған құрылыс шығар» деген оймен әуелі өзіміз барлау жасап қайтайық деп келістік. Әлгі жерге келген кезде тәжірибелі маман емес пе, «мынау шамамен 3-4 мың бұрын салынған нысан» деді. Сөйтіп, тамыз айында алғашқы экспедицияны шығардық. Ол кезде кәсіпкер болатынмын, жанар-жағармай, азық-түлік, жалақыға қаржы бөлдім. Андрей адам жалдап, көлік, шатыр, киіз үй бөлді. Біз кезінде адамдарды жерлейтін өзгеше бір қорған болған шығар деп болжадық. Әлгі геоглиф 101 төмпешіктен тұрады. Әлдебір әскербасы ма, скиф немесе сармат патшасы ма қаза тауып, жүздік әскерін онымен бірге жерлеген болар деп болжадық. Бірақ, әлгі жерді қаза бастап едік, оның мола емес екенін ұқтық. Бұл топырақтан салынған нысан болып шықты. Ал оны не үшін салғаны біз үшін тіпті үлкен жұмбаққа айналды. 2008 жылы тағы бір экспедиция шығардық, кейін өзге нысандарды көп араладық. Сұрақ көп, жауап жоқ. Тек 2012 жылы ғана негізгі гипотеза пайда болды. Енді соны растау үшін қосымша зерттеулер жүргізгіміз келеді, бірақ оған қаржы тапшылығы мүмкіндік бермей тұр.

– Қоғай кресі қалпына келместей қирағаны белгілі. Ал өзге геоглифтерге төнген мұндай қауіп жоқ па?

Торғайдағы үш тармақты свастика.
Торғайдағы үш тармақты свастика.

– Қазір Торғайдағы үш тармақты свастиканың жойылып кету қаупі бар. Ол кенттің іргесінде жатыр. Оның маңынан жергілікті тұрғындар мал қорымын қазыпты. Егер кейін малдың өлексесін көметін шұңқыр кеңейсе, ол белгіні де таптап тастауы мүмкін.

– Ал жұрт мұның не екенін біле ме?

– Иә, біледі. Талай заманнан бері шөп басып, тегістеліп кеткен геоглиф жерден қарағанда онша көрінбейді. Ал тұрғындар әлгі мал қорымын қасақана емес, ыңғайлы орын болған соң қазған. Ол жерде қираған қорғанның орны бар екен. Әлгі шұңқырдан құрбандыққа шалынғандардың сүйектері шығып жатыр. Ал тұрғындар ол шұңқырды мал қорымы санап, өлген малды сонда тастай берген. Торғай свастикасы – өте көне жәдігер. Өйткені, оның сұлбасы көктен ғана көрінеді. Дәл қай тұста екенін білсең ғана, адаспай табасың. Ал оның не екенін жанына келгенде ғана көруге болады. Сондықтан тұрғындар оны көрмейді. Әлгі ескерткішті сақтап қалу үшін біраз құрылыс жұмыстарын жүргізу керек. Айналдыра қоршау тұрғызып, тақтайша қағып, жергілікті тұрғындарға оның өте құнды нысан екенін, қиратуға болмайтынын ескерту керек.

– Бірақ оларға әлі ескертілген жоқ қой?

– Жоқ, олар біледі, бірақ қоршау қоймаса, оны өздігінен таба алмауы мүмкін. Оның үстіне, тұрғындар әлгі жерде мал жаяды. Сиырлар шиырлап тастаған соқпақ тура әлгі нысанның үстінен өтеді екен.

– Ол геоглифтер қай дәуірге жатады?

Дмитрий Дей Торғай даласында. Жеке мұрағаттағы сурет.
Дмитрий Дей Торғай даласында. Жеке мұрағаттағы сурет.

– Ең көнесіне сегіз мың жылдай болған сияқты, яғни неолит дәуірінде салынған. Ал ең соңғыларына – шамамен 3 мың жылдай болған. Бізге литвалық археолог Гиедре Мотузайте келді. Ол геоглифтерден сынама алды. Талдау жүргізу үшін ол соңғы рет күн сәулесі қашан түскенін кварц арқылы анықтайтын әдісті пайдаланды. Міне, сол кезде уақытты кері санау басталады. Аспаптар арқылы оның қараңғыда қанша уақыт жатқанын анықтауға болады. Гиедре соңғы, яғни бәрінен жақсы сақталған нысандардың пайда болған мезгілін анықтап берді. Бірақ, кешірек салынған геоглифтердің бәрі қисық болып шықты. Соңғыларының бәрі үлкен, бірақ биік емес. Ал ұзындығы 200 метрге жететін көнелері үлкен, бірақ тегістеліп кеткен. Соңғыларының обашықтары әлі де биігірек. Олар нағыз қорған сияқты көрінеді. Ал ең көнелері деп болжанған өзге нысандардың биіктігі 20 сантиметрден аспайтын аласа, бірақ далиған кең. Әр төмпешіктің көлемі шамамен 12 метрдей. Көне нысандардан қалған жұрнақ осы ғана, бірақ олар ғарыштан жақсы көрінеді. Олар құдды бір сызықтың бойына салғандай түп-түзу. Гиедре пайда болған уақытын анықтау үшін топырақ сынамасын зерттеп, шамамен 2800 жыл болған деп тапты. Бірақ ол пайдаланған әдіс аласа нысандардың қашан салынғанын анықтай алмайды екен. Қорғанның биіктігі 50 сантиметрден аласа болмауы тиіс. Сондықтан биіктігі 20 сантиметрден аспайтын қорғандардың қашан салынғанын анықтау қиын болып тұр.

– Олар уақыт өте тегістеліп кетті деп ойлайсыз ба? Сонда, нығыздалып қалған ба?

«Шаршы ішіндегі крест» геоглифі. Торғай даласы, Қостанай облысы.
«Шаршы ішіндегі крест» геоглифі. Торғай даласы, Қостанай облысы.

– Иә, өйткені олар бірдей етіп салынған, ал көлемі жағынан бәрі үлкен, бірдей аралықта орналасқан әрі пішіні де бірдей. Ең көне деп санаған крестер біреу сызғышпен өлшеп сызғандай түп-түзу. Ал уақыт жағынан біздің дәуірге жақындары күннің шығысына бағдарланған күнтізбе ретінде пайдаланылмаған. Оларды өзге мақсатпен салған. Шкала, аспап емес, ғибадат ететін орын ретінде салған. Сондықтан көнелерімен салыстырғанда олар қисық әрі әдемі емес. Ал адамдар суға жақын қоныстанған. Өзен-көлдерге таяу тұстардан неолит дәуіріндегі қоныстарды таптым. Әлгі геоглифтердің маңайы мұнтаздай тап-таза. Сірә, күннің шығысын белгілеу үшін 1-2 адам келетін болған. Өйткені қоқыс жоқ. Әдетте адамдар қонысы болған жерде сүйектер шашылып, еңбек құралдары, сынған керамика табылады.

– Әлгі геоглифтерді мемлекеттік деңгейде тіркеп, қорғауға алу сияқты шаралар қарастырылып жатыр ма?

– Иә, нысандарды тіркеу биыл мамыр айынан басталған. Бірақ қорғандарды өлшеп, бәрін есептеу үшін әр нысанды аралап шығу керек. Бұған уақыт, ақша керек. Ақша жоқтығынан жұмыс тоқтап қалады. Бұл шаруаға бір-екі жыл кететін шығар.

– Ал осы уақыт ішінде қалған нысандар қирап қалмай ма?

– Негізі, ауылдың, тұрғын үйлердің іргесінде, жолдың бойында жатқан нысан онша көп емес. Көбі алыста, түз далада орналасқан. Ол жаққа жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады. Әлгі нысандарды қирап қалудан осы ғана сақтап тұр. Торғай даласына халық сирек қоныстанған, елдімекендер аз. Қысқасы, адам аяғы сирек орын. Ол жаққа көбінесе аң, балық аулайтындар барады, олар, әрине, геоглифтерді қиратып кетуі мүмкін. Біз ол жаққа техника бармаса екен деп қорқамыз, – дейді Дмитрий Дей.

(Лиля Пальвелева алған сұхбатты орысшадан аударған - Айжан Оралғазина.)

XS
SM
MD
LG